Қоғам • 07 Маусым, 2022

Аралас неке – аз халықты жұтудың жолы

758 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қыз баланы шетелге оқыту дұрыс па? Олардың қаншасы ертең өз еліне оралады? Қаншасы өзге елдің азаматтарына тұрмысқа шығып, басқа елдің «диірменін» тартып, «шамын жағады»? Бұл – қыз өсіріп, оны шетелде оқытып жүрген әрбір азаматтың ойында жүрген ауыр сұрақ.

Аралас неке – аз халықты жұтудың жолы

Таяуда қазақтың бойжеткен бір қызы африкалық шойындай қара жігіт­ке тұрмысқа шығып, қыз алуға келген қара нәсіл құдалар тобының асты-үс­ті­не түсіп, мәз-мейрам болып жатқан қандастарымыздың іс-әрекеттерін әлеуметтік желі әлемге жар етті. Дәл осындай оқиғалар соңғы кезде жиі ұшыраса бастағанын байқап жүр­міз. Бірте-бірте бұл үрдіс әрі қарай жалғаса бере ме деген күдік, тіпті үрей жоқ емес. Баз біреулер «Ой, оның несі бар? Қазір заман өзгерді. Жастар қай елде тұрғысы келеді, өз­де­рінің таңдауы білсін, еркіндік бергеніміз жөн, оларға кедергі жасамауымыз ке­рек. Қашанғы бөгде елге жібермей, қыздарымызды ұстап-матап отыра береміз» дейтінін білеміз. Бірақ оның соңы неге апаратынына мән бер­мей­ті­німіз қалай?

Ұстараның жүзіндей қалт-құлт еткен алмағайып заманда санасында саңлауы бар адамды ойландыратын, мазалайтын ой көп. Қазіргі біздің еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – аралас неке, яғни өзге ұлт өкіл­де­рінің қазақпен шаңырақ көтеруі. Кейде көшеде келе жатып ұл­ты бөлек жат біреудің құшағында ке­тіп бара жатқан қазақтың үріп ауызға сал­ған­дай ару қызын көріп, жүрегіңе тас түс­кендей боласың. Бұл қазіргі өмір­де жиі кездесіп жатқан құбылыс. Ста­тис­тикаға жүгінсек, ол үрдіс жылдан-жылға өршіп барады.

Осы бір ушығып тұрған пробле­ма­ның тереңіне зер салсақ, аралас некенің артуының басты себебі – ұлт­тық рухтың әлсіздігі. Байлыққа, дү­ние­ге, «әдемі мамыражай өмірге» деген жастардың қызығушылығы олар­­ды рухани қазынадан алыстатып ба­ра­ды. Баюды, «жеңіл, уайымсыз ба­қытты өмірді» мақсат еткен жас­тар өз ұлтына менсінбей қарап, өзге ұлт­тың «жылтырағына» қызығып тұратындары жиі байқалады. Шетелде бі­лім алып жүрген қыздарымыздың ба­сым көпшілігі әртүрлі себептермен елге оралмайды, сол жақта тұр­мысқа шығып, «өз бақыттарын» та­бады.

Аралас некенің көбеюіне интер­нет­тің, ұялы телефонның, танысу агент­тік­те­рінің ықпалы да бар еке­ніне күмән келтіруге болмайды. Көп­теген қазақ қызы түрік, араб, әзер­байжан, дүнген, татармен отау құ­ру­ға қарсылық танытпайды. Алайда зерделеп қарасақ, мұның өзі қазақ хал­қына қауіп төн­ді­реді. Себебі де­мографиялық көрсеткішіне жү­гін­сек, арабтар әлемде 300 миллионға жуық, ал түріктер – 80, әзербайжандар – 25, өзбектер 32 миллионды құрайды. Олар қазақтың текті, қаны бұзылмаған қызын алғылары келеді. Мәліметтерге сенсек, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан аймақтарында қы­тайға тұрмысқа шыққан қазақ қыз­дары аз емес. Бейресми мәлімет бо­йынша, 30 мың қытай қазақ қыздарын алып, Қазақстанда тұрып жатыр екен. Осындай үрдіс жыл өткен сайын кең тарап барады. Әлгілерден дүниеге кел­ген «жиендер» шешесі қанша қазақ бол­ғанмен ешқашан қазақ бола алмайды, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен, мәдениетінен мақұрым болып өседі.

Несін жасырамыз, «Менің қызым ағыл­шынға тиіп, Лондонға кетті», «ме­нің қызым Германияда тұрып жа­тыр, күйеуі неміс», «күйеу балам түрік» деп мақтанатын қазақтар шықты соңғы кезде. Біле білсек бұл мақтанатын нәр­се емес, қайғы-қасірет қой?! Демек қызың «өлді» деген сөз – сен оны өзгеге берген күні ол қызыңның жаназасын шығардың деген сөз. Бұл қатты, сүйекке батыра айтылған сөз болар. Алайда санасында саңлауы бар адамды терең ойға қалдыратын сөз. Ойласаңыз бұл күндері қаншама қаракөз қыздарымыз шетелдік азаматтың отын жағып, күлін шығарып, тілі мен салт-дәстүрін, тіпті өз ұлтын жоғалтып, үйіріне қайта алмай жүр? «Онда тұрған не бар екен, қазақта «қыз жатжұрттық» деген сөз бар емес пе? Әйтеуір бақытты болса бол­ды емес пе?» деп, оны мақтанышқа са­нап көкитіндер бар. Әлгі жандардың аралас некені құптауы, қолдауы – қасі­рет­ке алып баратын жол екенін терең ұқпайтыны қынжылтады. Оның ұлттық қасіретке айналғанын ойламайды да.

Осы бір мәселе төңірегінде әңгіме қоз­ғалғанда баз біреулер «әркімнің өз таң­дауы, өз хақысы бар» деп, оларды қыз­ғыштай қорғайтыны бар. Қа­зақ­станның барлық азаматына еркін құқық берілгені түсінікті. Бірақ осы еркіндікті өзге ұлттар тиімді пай­да­ла­нып жүргені де айдан анық. Егер бізде талап, ұлттық намыс пен заң күш­ті бол­ғанда олай болмас еді ғой деп күйі­не­тінің бар. Аралас некенің біз­­дің халық үшін қаупі жайында, келе-келе елі­міз­дің, ұлтымыздың бола­шағы не болатынын ойлай беріңіз. Қорқынышты...

Аралас некеде тұратын ерлі-зайып­ты­ларды кездестіргенде бір оқиға есіме жиі түседі. «Оның несі бар? Екеуі мына жарық дүниеге өлшеп берілген жалған өмірде бірін-бірі бақытты етсе болды емес пе?» дейтіндер ортамызда табылар, тіпті оларды қызу қолдайтындар да баршылық болар. Бұл – ойланбай ай­т­ылған пікір. Оны растау үшін ой жү­гір­тіп, таразы басына салып көре­лік…

Кезінде жалындаған жастық шақ­тың буына елітіп, «күйдім», «сүй­дім» деп басқа ұлт иесіне тағдырын қосып, кейі­ні­рек уақыт өте, барлығын түсініп, қате­лікпен өз қолымен жасаған ісіне өкін­ген, бармағын шайнаған талай азаматтарды кездестірдім. Олар өкініш отына тұншығып:«Балаларыма обал болды: не қазақ емес, не орыс емес… Әй­теуір бір дүбәра болып өсіп келеді. Тағдырлары оларға келер күндерге қандай сый-сияпат даярлап тұрғанын бір Жаратқан ием біледі. Болашақтары тым белгісіз, қою көк тұмандай бұ­лың­ғыр…Сол менің қа­быр­ғама қат­ты батады. Енді оған не амал бар?! Бар­лығын кештеу, тым кеш түсіндім ғой. Әттең, уақытты кері айналдыра ал­май­мыз. Әйтпесе, барлығы басқаша болуы керек еді…» деп тығырықтан, қа­пастан шығу жолдарын іздеп, шын қапа­ланған еді сондай жандардың бірі. Ол келіншектің өкінішін жүрегіңмен ұғып, оларға не ақыл айтып, қалай түзу жолға салуды білмей қиналасың.

Америкалық ғалым-философ, ней­­ро­биолог Сэм Харрис: «Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы» депті. Шынында да бұл сөздің жаны бар. Он миллион ғана қазағы бар Қазақстанда осылай өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтере берер болса, келе-келе жұтылып, не орыс, не қытай болуы ғажап емес. Дәл қа­зір­гі таңда көршілес Ресейдің өзі бұл мәселені көтеріп дабыл қағуда. Себебі Ресейде таза орыс хал­қы­ның саны азайып барады. Ол елдің әрбір төр­тін­ші сылқымы жауырыны қақ­пақ­тай, жұдырығы тоқпақтай кав­каз­дық жігіттерге тұрмысқа шығуға құмар кө­­­р­і­­­­неді. Енді бір 150 жылдан соң таза орысқандылар тек деревняларда ғана қалады. Ұлттың генефонды қатты өз­ге­­ріс­ке ұшырайды деп шырылдауда.

Біздің де жағдайымыз мәз болып тұр­ғаны шамалы. Қазақтың қаракөз бой­жеткендері өзге ұлт өкіліне тұр­мыс­қа шығып, өмірге қазақылықтан ауылы алыс ұрпақ әкелуде. Аралас некені қалайтын бойжеткендеріміз көбіне-көп шетелде шалқып-тасып өмір сүруді көз­дей­ді. Әттең, қиял-арман ұдайы оры­н­да­ла бермейді. Ертең бармағын шайнап, өмірге түңі­ліп жүретіндері аз емес.

Қазақтың қара домалақ білімді, па­ра­­сатты ұлдары тұрғанда өзгеге өзеу­­реген аруларымызды түсіну қиын. Осын­дайда: «Ұлтыңды сүйсең, елің­ді, жеріңді сүйсең, қазақтың санын кө­­бейтуге, қазақтың болашақ баты­рын, көшбасшысын, ақылды ғалы­мын, өнерлі азаматын тәрбиелеуге өмі­рің­ді арнаңдаршы, қазақтың қаракөз арулары!» деп айқай салғың келеді.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

ТАРАЗ