Қазақстан • 07 Маусым, 2022

Әр қазақстандық мемлекетшіл болуға тиіс

238 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жаңа Қазақстан құру бағытында ұдайы ізденіс керек. Тек жекеменшікке құрылған, соны ғана қорғаған қоғамда әділеттілік болмайды. Бүгінде еліміздегі монополияны қайта қарау – осының дәлелі. Бұдан былай адамдардың не істеп жүргені, әсіресе биліктегілердің көшедегі «Сергек» немесе аквариумдағы балық сияқты барлық жағынан ашық көрініп тұратынын ескеру керек. Сондықтан әркім «ала жіпті аттамай», таза, адал, әділетті қалыпта жүргені дұрыс. Барша жұрт соған бейімделсе ғана әділетті қоғам орнайды.

Әр қазақстандық мемлекетшіл болуға тиіс

Ал өз пікірін айта алмайтындар артқан сайын қоғам тұрақсыздана түседі. Елімізде бұйрықты ойланбай орындайтын сарбаздар емес, оңы мен солын тани білетін отаншыл, нағыз жауынгерлер қалыптасса дейсің. Мемлекет басшысы атап көрсеткен Жаңа Қазақстанда адамгершілік қағидалары биік тұрғаны маңызды. Біз өткеннен сабақ алып, тарихымызды ба­ға­лай білсек, сол арқылы бо­ла­шақ ұрпақты дұрыс бағытқа тәр­биелей алсақ, кездесетін қиын­дық­тарды дұрыс шешу, жақсы жаққа қарай өзгеру азаматтық парызымыз болуы тиіс.

ХХІ ғасырда өз күші мен ақыл-қабілетіне сенетіндер көбе­йіп келеді. Демек біздің ұрпақ та заман талабынан қалыспай ұда­йы ізденіс пен даму жолында күреспесек артта қалып қоя­мыз. Кемшілікті өзгелерден емес, өзі­міз­ден іздеуіміз керек. Эмо­ция­ға берілуден гөрі парасат пен тә­жірибеге сүйену бағалы. Бү­гін­гі заманды әлеуметтану мен фи­­ло­софиялық ой тұрғысынан ба­­ғам­дасақ, осындай тұжырымға келеміз.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. «Біз дала демократиясының бастауын жалғастыруымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құ­рыл­­тай құруды ұсынамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент жаңа құрылымның қыз­меті мемлекеттік деңгейде бо­латынын айтты.

Бір елдің ішіне іріткі салып, ұйып отырған жұртшылықтың ішіне алауыздық тудыратын түрлі діни ағымдардың әре­кет­тері жұртты қашанда алаң­да­тады. Діни алауыздық, экстремизм, терроризм деген қа­уіп­ті дерт екені айтпаса да тү­сінікті. Олардың көздеген мақ­са­ты – мемлекет ішіне іріткі салу, әсіресе кім көрінгенге іле­сіп кете беретіндерді дінге бе­йім­деу арқылы елді арбайды. Сол арқылы діни-саяси экстремизмге ұрындырады.

Бұл – бүкіл қоғамдастықты алаңдатып отырған үлкен проб­­­лема. Террорлық әрекеттердің сал­дарынан дүние жүзінде он­даған мың адам көз жұмады. Ал олардың көздеген мақсаты қандай? Осының бәрі діни идео­ло­гия арқылы діннің атын жамылып, аңқау елге арамза молда болатындардың әрекеті. Ай­та­лық, кейбір топ дінді саяси мақсаттары үшін тиімді пайдаланып, қитұрқы әрекеттерін жасауда. Кешегі қаңтар оқиғасында да осындай қауіпті әрекет орын алғанын көпшілік айтуда. Осы­ған жете мән беріп, терең зерт­теген адам діннің кейбір эле­мент­терін идеология түрінде пай­даланып, «егер осы жолмен жүрсең ертең жұмаққа барасың» деу арқылы саяси мүддеге жету үшін айлалы әрекеттерге барады. Экстремистік бағыттағы діни ұйымдар белгілі бір дәрежеде қаржыландырылады, оқытылады, жихадқа дайындалады, содан кейін «уақытың келді, енді біздің күніміз келді, Құдай үшін сен әрекет жасауың керек» дейді. Дін-апиын арқылы басы айналған тұста дәл осылай көптеген жасты материалдық, діни әрекеттер жасап, Сирияға апарған. Олар сонда барғанда алдап-арбауға түскендерін, ешқандай мұсыл­мандық жоқ екенін көрген. Осыдан кейін «жұмаққа бара­сың», деп жихадтық соғысқа сал­ған, әйелдерді бұзылған жолға итермелегені мәлім.

Кешегі қаңтар қасіреті барысында діни экстремизмнің әрекеттері көрініс тапқандай. Кісі өлтіру, дүкендерді тонау, ғимараттарды өртеу, қирату, адамдарды ұрып-соғу секілді та­ғылық жағдай орын алды. Осының бәрі алдын ала ұйым­дас­тырылғаны мәлім болды. Олар бейбіт шеруге шыққан наразы халықтың қимылын өздеріне пайдаланып кетті. Демек, біздің елде астыртын әре­кет жасаушы радикалды топтар баршылық. Соларды тауып, тиісті орындар мемлекет үшін қауіпті топтарды ауыздықтауы маңызды.

Қазір еліміздегі жастардың дінге деген бетбұрысы үлкен. Мешіт толған жастар, олардың қатарында сақал қойғандары да, келте балақ шалбар кигендері де ұшырасады. Солардың қатарында дінге жан-тәнімен берілмек болып эмоцияға елітіп кететіндері де аз емес. Алғашқыда осындай жастарды көптеген діни ағымдар өз мақсаттарына пайдаланғаны анық. Жастар мұның артында не тұрғанын аңғармай, жағдайдың ақ-қарасын білмей ұрынып қалады. Өкінішке қарай, аталарымыз жастарға дұрыс жолды, яғни дәстүрлі Исламды түсіндіре алмады. Кешегі атеизм заманынан шыққандар оны қайдан білсін. Тіпті, соңғы кездері азиялық түрлі ағымдар пайда болды.

Дін фанатизмге айналғанда тоқырау болады. Яғни ол адам тек сол дінге беріліп, басқаны ойламайды. Құдай адамды өзіне ұқсатып жаратқан дегенді оқыға­ны­­мыз бар. Жетілдірсем, дамытсам, өзгертсем, қоссам деген ниет­­тің, ілгері жылжудың бәрі со­­­ған дәлел. Әлемде саналы өмір жү­­­йе­сін құруға адам баласы тал­пын­уы тиіс.

Егер адамның жан-дүние­сін­де, руханиятында ұлт­тық құн­­дылықтар байқал­ма­са, оны жас­­тар сырттан іздейді. Ал жас­тар­дың осындай құнды­лық­тар­ды сырттан іздеуі әлгіндей түрлі діни ағымдарға таптырмайтын құрал болып отыр. Сол себепті де жастардың түрлі діни ағымдарға еліктеуі көптеп байқалады. Де­мек, осыған батыл тосқауыл қою керек. Әр азамат кім екенін, ата-баба ұстанған жолды білмесе, яғни рухани, діни сауаттылық болмаса, мемлекеттік мүддені ұғынбаса, ол үлкен дағдарыс. Жалпы, Қазақстан аумағында тыйым салынған жиырмадан аса ұйым бар екен. Солардың қатарында «Әл-қаида», «Таблиғи жамағат», шығыстүркістандық ислам қозғалысы, «Орталық Азиядағы моджахедтер», «Тали­бан» қозғалысы және басқалар. Уахабиттік, салафиттік бағыттағы ағымдармен жұмыс істеу әлі де кемшін. Қазір әлеуметтік желідегі жастарды тез арбап алу жолдары сан алуан. Балалар же­ліде кіммен байланысады, қандай бағдарламалар көреді? Жастардың миына қалай әсер ету керегін олар шебер меңгерген. Аудио, бейнежазбалар арқылы өздеріне ілестіріп әкетеді. Соны ата-аналар бақылай ма? Осыған аса сақ болғаны жөн. Осы күні түзету мекемелеріндегілердің басым бөлігі діндарлар екен. Олар нені уағыздап жатыр? Бұл да ойландырады. Жалпы, елімізде дін туралы жаңа заң қабылдау арқылы көп мәселеге тосқауыл қоюға болады.

Елді дамытатын, өркениетке бастайтын саланың бірі – білім. Инновацияға қадам жасаған мемлекет қана ілгері дамып, алға қадам басады. Халқымыздың жастары техникалық білімге ұмтылған жағдайда ғана заман ағымынан қалып қоймаймыз. Бұл туралы таяуда ірі кәсіпкерлердің басы қосылған жиында Пре­зидент Қ.Тоқаев қазақтың ұл-қыздары техникаға бейім болу керек деді. Осыған орай Үкімет басқосуында да техникалық мамандарды дайындау үлесі 40 пайыздан 60 пайызға көбейетінін сөз етті. Өйткені отыз жылда бұл сала кемшін қалғанын мо­йын­дауымыз керек. Кезінде Тараз қаласында Жеңіл және то­қыма өнеркәсібі институты, Шым­­­кентте Қазақ техноло­гия институты, Целиноград инженерлік құрылыс институты болды. Кейін солардың бәрі басқа оқу орындарына қосылып, соның кесірінен техника мамандарын даярлайтын оқу орындарының бәрінен айырылдық. Ендігі жерде кеткен кемшіліктерді жедел түзетіп, технологияға қатысты әр саланың сапалы мамандарын даярлау керек. Осы салада озық ойлы жақ­сы мамандар же­тіс­пейді. Бұл – нарық талабы. Қоғамда елі­міздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тех­ни­калық мамандарды даярлау өзекті. Осыған дейін шикізатқа бе­йімделген Қазақстан ендігі жер­де өзінің дайын өнімін әлемге шы­ғару үшін ой-өрісі мықты технологтер аса қажет. Бізде бәрінің дипломы бар, бірақ білікті маман тапшы. Парадокс.

Еліміздегі жемқорлық та оңай­­лықпен жазылмас індет болып тұр. Мемлекет басшысының кел­тірген мәліметінше, соңғы бес жылда аграрлық саланы қолдау үшін 2 трлн теңге бөлінген. Ал осы салада 960 қылмыстық іс тіркелген. Солардың ішінде 450 адам жауапқа тартылды. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зардап шекті. Азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келген. Әсіресе жайылым жерлерді суландыруға бөлінген қаражат 80 млрд теңгенің жартысынан астамы мақсатқа сай жұмсалмаған, яғни жемқорлар қо­лында кеткен. Сондай-ақ был­тырғы қуаңшылық орын ал­ған кезде әсіресе батыстағы аға­йын­дар жемшөп таба алмай, малдары қы­рылып қалғаны мәлім. Бұл тек осы саладағы жемқорлықтың бір кө­рінісі. Мұндай мысалдар әр тарапта жетіп артылады.

Азаматтық қоғамның негізгі алғышарттарының бірі – құқық­тық мемлекет. Енді құқық­тық мемлекетке жету үшін алдымен ұлттың бірегейлену сапасына назар аудару керек. Азаматтық қоғамда ұлттың тегіне емес, адал­­дығына мемлекеттің дамуы­на қосқан үлесі маңызды болады. Қоғам қайраткері Герольд Бель­гердің тегі неміс болса да қазақтың дамуына қосқан үлесі орасан. Демек, көшеде бос сен­де­ліп жүрген салпаңбайлардан гөрі елімізге терең ойымен, нақ­ты ісімен үлес қосып жүрген аза­маттар маңызды. Өйткені ол қоғамның ілгерілеуіне өз құн­­дылығын ұсынып отыр. Хал­қымызда үлкенді сыйлап, құр­­меттеу, көпті көрген ақ­­са­қал­дардың тәжірибесінен үлгі алу дәстүрімізде берік орын алған. Тиісінше жастарымыз қарттардың жақсы қасиеттерін бо­йына сіңіріп, саналы да алғыр, білімді, заман көшінен қал­май­­тын, халықшыл, отаншыл, на­мысшыл, ізденімпаз болып көрінсе дейміз. Еліміздің дамуы барысында осындай азаматтарды қатарымызға қосып, тарта білгеніміз маңызды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында осы мәселені қадап айт­ты.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы