Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы мен Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық жастар денсаулығы орталығы» мемлекеттік коммуналдық орталығы өткізіп отырған іс-шараның мақсаты – шылымқорлардың зиянды әдеттен бас тартуына сеп болып, темекінің адам ағзасына зияны жайлы, оны өсіру, өндіру және тарату кезінде қоршаған ортаға келтіретін кері әсері туралы халықты кеңінен хабардар ету.
Қаладағы мәдениет және демалыс паркінде басталған жылжымалы көрмені тамашалауға жиналғандар аз болмады. Шылымның ағзаға зиянын көрсететін қуыршақ Сьюдің тәжірибесінен кейін жастардың біразы бұл әдеттің жаман екенін түсінгендей. Жалпы, орталықтағы симуляциялық кабинеттегі манекендер арқылы мұндай тәжірибе жастар арасында үнемі көрсетіліп келеді.
Қазіргі жасөспірімдер арасында «электронды темекінің зардабы жоқ» деген теріс түсінік қалыптасқан. Көрмені ұйымдастырушылар керісінше ағзаға вейп, IQOS, Glo дегендердің зияны орасан екендігін айтады.
– Қазір кальянға да қызығатын жастар көп. Олар осы арқылы туберкулез, вирусты гепатит жұқтырып алып жатқандарын білмейді. Өйткені ол антисанитарлық талаптарға сай тазартылмайды. Кальян тартатын орындарға кіруге жасы келмеген балаларды зерттей отырып олардың көбі қорқорды плестейшен ойнататын орындарда тартатынын білдік, – дейді орталық маманы Гүлдана Алмырзаева.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығынан келген мамандар дерегінше жыл сайын темекі зиянынан 8 миллионнан астам адамның өмірі қиылады. Өңірде темекі шегудің алдын алу және саламатты өмір салтын насихаттау бойынша тренингтер тұрақты өткізіледі. Сонымен қатар зиянды әдеттен арылғысы келгендерге психологтер тегін кеңес береді.
– Көптеген қатерлі ауруға ұшырататын темекінің құрамында 400-ден астам улы зат бар. Оның қауіптісі – никотин. Жастар арасында электронды темекі мен қорқорға құмарлық та өршіп барады. Біздің міндет осындай әдеттің алдын алу, – дейді облыстық жастар денсаулығы орталығы директорының орынбасары Гүлназ Мәзқожа.
Көрме 4 маусымға дейін Б.Шөкенов атындағы саябақ пен Тұңғыш Президент паркінде жұмысын жалғастырады.
ҚЫЗЫЛОРДА