Тарих • 08 Маусым, 2022

Әлшекей әлемі

622 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Әлшекей 1847 жылы Жаңақорған ауданындағы Бектібай сазы деген жерде дүниеге келген. Кейбір деректерде Төменарық болысында шаруасы да, малы да келіскен отбасында туып-өсті деген мәлімет бар. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, әкесі Бектібай егін еккен, төрт түліктен де кенде болмаған, еңбекқор кісі екен.

Әлшекей әлемі

«Егеспен» өткен «Шерлі» ғұмыр

Бектібай күй өнерін пір тұт­қан. Ше­шесі Шағал ақылды, ақ жарқын, көр­ші-қолаңға сыйлы кісі болған деседі. Әл­ше­кей жасынан нағашы ағасынан сыбызғы тартуды үйренген. Шешесінің інісі аймаққа белгілі сыбызғышы болған екен. Нағашысы қыдырып келгенде Әлшекей ән-күй тыңдап, қарық болып қалатын. Бектібайдың Әлшекейден бөлек Туматай, Кер­жан есімді ұлдары болған. Әлшекей – осы балаларының ортаншысы.

Бектібайдың отауына осы төңі­ректегі әнші-жыршылар жиі бас қосатын. Әлшекейдің ән мен күйге деген ынтасын оятқан осы өнерпаз орта болса, күйшілікке баулыған Рүстем деген нағашысы еді. Рүстем­нің сыбызғыға қосып тартқан күй­лерін құймақұлақ Әлшекей сол сәтте-ақ домбыраға түсіріп тартып оты­ратын. Әлшекейдің алғашқы күйлері осындай әсерлерден туса керек.

Ауыл-аймақ арасында домбырашы атанған Әлшекей Мұсабай, Бөпе сынды күйшілермен кездесіп, Мұстафа сынды жыраулармен Ақмешіт пен Түркістан аймағын, Қаратаудың теріскейі мен Қызыл­құмды апталап, айлап аралап жүріп сауық құрған.

Әлшекей осы төңіректегі Сыр­ғакүл есімді қызбен көңіл жарас­тырып, отау құрады. Әкесінің дәулетінің арқасында шалқып жүрген Әлшекей сүйген жары Сыр­ғакүл қайтыс болғанда, сал-се­рі­лік жүрістен тыйылып, ауыл­дан ұзамай бұйығы тірлік кешеді. Жа­рынан кейін көп ұзамай әкесі Бектібай да дүниеден өтеді. Тірші­лік тауқыметі басына түскен күйші анасыз қалған қос боздағы Ерсұлтан мен Байсұлтанды күйімен жұбатып, сол арқылы өз көңіліне де жұбаныш іздейді. Қолына қысқа мойын қоңыр домбырасын артып, шертіп отырып, терең ойға сүңгіп кеткенін де аңғармай қалады екен.

Еңсені басқан қайғы-мұң, есік­тен сығалаған тауқымет пен бал­дәурен бақытты күндердің елесі Әлшекейді жиі ойға шомдырады. Сол бір алаңсыз таңдарын аңсаған шерлі көңілдің егесі сезім суреттерін домбыраның шанағынан әуен қылып төгілдіреді. Оның күйлерін алғаш рет тыңдаған ағасы Аралбай:

– Мынау күйіңнің пошымы тым бөлек қой, депті.

Сонда Әлшекей:

– Тағдырыммен күймен егес­кеннен басқа менде не қалды? – деп қолындағы домбырасын керегеге сүйей салған екен.

Кейін бұл күйді үйреніп алған Бөпе күйші «Бұл – Әлшекейдің «Егес» деген күйі» деп елге тарат­қан. Әлшекей бұған дейін «На­р-
­­идірген», «Нар соққан», «Жіп жү­гірту» деген күйлерін шығар­ғанымен, өзін өзі күйшімін деп есептемеген көрінеді.

Уақыт емші емес пе? Әл­шекей де есін жиып, еңсесін тік­теді. Көңілдегі көп ойды, көрім мұңды, көң қайғыны күймен жеңді. Домбырасын жанынан тастамай, ел аралап, жер шолды. Сөйтіп жүріп Шолпан есімді қызбен тіл табысып, тіршілігін жарастырған. Екеуі шаңырақ көтеріп, үйленеді. Шолпан да азаматының алтын басының қадірін білетін, төрден түсірмейтін ару болып шықты. Отбасының берекесі кіріп, күйшінің көңілі орныққаны да сондықтан еді.

Әлшекей көп ұзамай «Шерлі» атты күйін шығарады.

«Жегідей мұң менен

зар елді жеген,

Бек, би-болыс елдегі

кемді жеген,

Халыққа қайыры жоқ

сол заманда,

Әлшекең бір күй тартқан

«Шерлі» деген»,

– деп күй жайында өзінің өлең жолдарын шығарған халық ақыны Манап Көкенов күй аңызын былайша өрбітеді:

«Бірде Әлшекей күйші Қызыл­құмды жай­лаған түйелі ауылдың біріне қонақ болады. Қонақ болған үйінің отағасы пайғамбар жасына келсе де перзент сүймей, жас тоқалынан бір ұл көрген екен. Сол перзентінің былдырлап тілі шығып қалған сәті болса керек.

Түс мезгілі. Отағасы ауыл ірге­сінде бас алып тұрған тарыдан түйелерді жасқап, қайырып жүр екен. Әкесінің дауысын естіген бала солай қарай жүгіріп кетеді. Мұны үйдегілер байқамай қалады. Бір мезгілде баланың шар ете қалған дауысы естіледі. Сөйтсе, жанынан өтіп бара жатқан баланы келе бура тарпып жіберіпті. Бала сол жерде тіл тартпай жүріп кетеді. Жалғыз баланың бетіне қарап отырған бәйбіше мен тоқал есі шығып, ауыл үйдің еңсе көтерер адамдары мына сұмдықты отаға­сына қалай естіртеміз деп абдырап қалады.

Сонда Әлшекей қоңыр домбырасын алып, өрісте мал қайырып жүрген от­ағасының алдынан шы­ғады. Жай шық­пайды, жүрек тербер тың сарынды сұңқылдата тартқан қалпы жақындай береді. Отағасы ат үстінде тізгін тарта тұрып, күйді біразырақ ұйып тыңдайды. Бір мезгілде: «Апыр-ай, мына күйің өзегімді өртеп барады, жалғыз ұлым жазым болмаса қайтсін!»  деп, аты­нан түскен қалпы шаңдаққа отыра кеткен екен.

Әлшекейдің бұл күйі ел ішінде «Шерлі» деген атпен тарайды. Күйді «Жігер» деп те тартқан.

Күйдің екінші бір аңызы былай сабақ­тасады: «Бірде Қоңырат елінде ұлан-асыр той болып жатады. Осы жиында бір ақын тілінің майын тамызып, той жасаған байды мақтап отырса керек. Орынсыз жағымпаздыққа намыстанған Әлшекей өнер адамын мұндай жолдан құтқарғысы келеді. Содан соң жыршы отырған үйге сал-серілермен жақын келіп, домбырасын шертіп-шертіп жіберіпті. Әлшекей келгенін сезген жұрт ақынды тыңдамай, күйшіге қарай ұмтылыпты. Әлшекей де қалың көпшіліктің көңілін сергітіп, күй шертеді. Жанындағы жолдастары жыр толғады. Әйтеуір, той-думанға жалғасады.

Сол той тарқар тұста өнерпаз­дарға сый-құрмет көрсетіледі. Әл­шекей өзіне жа­былған шапанды алмай әлгі ақынға жау­ыпты. Жауып тұрып, жұрттың көзінше: «Замандас едік, жаныма шипа өнерді кәсіп етіп жүр екенсің. Тек оны қор қыла көрме! Байлық саған өнердей атақ-даңқ әпермейді. Оған кейін көзің жетер» депті. Іле-шала сол жерде бір күй шертіпті. Күйдің аты «Шерлі» екен».

Әлшекей жасы егде тартып, толысқан шағында жастайынан құлағына сіңген ел арасындағы аңыз-әпсаналарды ой елегінен өткізіп, солардың негізінде күй шығара бастайды. Сондай күйлердің бірі «Аңшының зары» деп аталады. Шешесі ұлын, қарындасы ағасын, әйелі жарын жоқтаған зарлы күй еді. Күйдің соңғы бөлімі әлдебір мұңлы сарынға ұласып, ащы әуендер жүректі сыздатып тұрып алады. Әлшекейдің бұл күйін өзімен үзеңгілес Мұсабай күйшінің баласы, Төменарық ауылында тұратын Абыдын ақсақал тартып, күйді терең иірімдерімен бұзбай жеткізген.

«Тайшұбар», «Терісқақпай» заманның құрбаны еді...

Әлшекей туындыларының арасында «Тайшұбар» атты күйінің орны ерекше. Динамикаға толы күйдің орындалуы да өте күрделі. Күй аңызы бізге былай жеткен: «Ертеде жалғыз басты жігіт бір байдың жылқысын бағуға жалданады. Жігіттің қарауындағы жылқыдан бір құла бие жарғақ құлын туыпты. Бай:

– Мал болып жарытпас, тас­таңдар! – деп бұйырған екен. Сонда жігіт:

– Байеке, осы құлынның обал-сауабын маған-ақ қиыңыз, – деп құлынды үйіне алып кеткен екен.

Мерзімді уақыты біткен соң жігіт байға келіп:

– Табан ақы, маңдай теріме осы тайды беріңіз, – деп сұрайды.

Тай өсе келе жел жетпес жүйрік ат болады. Әлгі кедей жігіттің бағын ашып, даңқын асырған деседі».

«Тайшұбар» күйінің тағы бір аңы­зын белгілі күй зерттеушісі Ақселеу Сейдім­бек өзінің «Қа­зақтың күй өнері» атты кітабында жазған. «…Осы уақытта қазақ хан­дарының түп атасы саналатын Барақ ханның Сығанақты көркейтіп, Ақ орданы билеп тұр­ған кезі екен. Әкесі Құйыршық ханға ұлан-асыр ас береді. Бес жүз ат қосылған аламан бәйгеге жыл­қышы жігіт Тайшұбарын қосады. Атбегі сыншылардың назары қос шұбарға – Тайшұбар мен Барақ ханның Ханшұбарына ауыпты. Күншілік жерге айдалған бәйге аттарының жолына әлденеден қауіп ойлаған хан торуыл қойып, «Ханшұбарымнан ат озбауы керек» дейді.

Суырылып алға шыққан қос шұбар бір-бірімен қапталдасып ұзақ шабады, ақырында Тайшұбардың жер дүниені дөңгелеткен алақұйын шабысына ілесе алмаған Ханшұбар зорығып өледі.

Төбе басында тұрған хан:

– Менің шұбарым бірінші келе жатыр, – деп масаттанады.

– Тақсыр, шұбардың жабуы – сіздікіне, шабысы біздікіне ұқсайды дейді, – жалшы жігіт.

Бір сәт Ханшұбардың жа­буын жапқан Тайшұбарға екі бала мінге­сіп көмбеден өте шығыпты. Сонда атшабар бала:

– Барақ хан-ау, Барақ хан,

Атың өлді, Барақ хан! – деп Тайшұбар­дың үстінде айғай салады. Аламанға қос­қан аты өліп, жалғыз атты жалшының жылқысы бәйгеден келгеніне намыстанған хан Тайшұбарды тартып алып, жігітті қаңғытып жібереді. Аңызсыз ақиқат жоқ. Ел аузындағы аңыз осылай дейді», деп жазған А.Сей­дімбек.

Әлшекейдің атақоныс-қыстауы Майтөбеге таяу маңда айналасын құм басқан Ше­керқашқан деген көл бар. Көлдің әуелгі аты басқаша болса керек. Осы көлді жайлаған елдің Шекер деген әнші қызы атастырған жігітіне көңілі толмай, сөз байласқан бір жігітпен қол ұстасып қашып кетеді.

Бас сауғалап жүрген ғашықтар­дың соңына қуғын түсіп, қыз даулаушылар Шекердің сүйген жігітін соққыға жығады. Қыздың өзін бай­лап-матап, айыбының төлеуі деп әкесінің қос үйір жылқысын айдап әкетеді. Қыз дауы мал дауына ұласып, ел арасын жауықтырып жібереді. Билік іздеген ел сол елдегі биге келеді. Ел арасын бітістіруге көп күш салған Әлшекей биден бәтуалы шешім күтсе керек. Ата салтынан аса алмай, әрі іргелі елдің айбарынан аяғын тартқан би екі жастың тілегін аяққа таптап, ше­шім шығарады. Жігіт жағы ат-тон айыбын тартып, қыз жағы қарап қала беріпті.

Бидің шешіміне наразы болып, қолда билік қалмағанына күйінген Әлшекей алқалы топтың алдында Күніке биге арнап шертісі бөлек, сарыны сұңғыла жаңа күйді төгілткен екен. Күй біткенде:

– Әлшекей-ау, мынау күйіңнің бұрауы теріс, шертісі кеміс пе, қалай? – дейді би. Буырқанып отырған күйші сонда:

– Биім қыңыр болса, күйім қалай түзу болсын? – дейді. Дыбыстардың алма-­кезек тартысы шымыр өрілген бұл күй «Терісқақпай» деген атпен елге тарап кетеді.

Әлшекейдің сол елдегі бақыт­сыз­дыққа ұшыраған Шекер қызға арнап тартқаны «Мұңлықтың күйі» екен.

Керзаманның түйінді тол­ғауындай болған «Терісқақпай» мен «Мұңлықтың күйі» екі жастың кіршіксіз махаббатын арқау еткен тағдырдың куәсіндей, иен далада әлі күнге дейін жаңғырығып тұр.

Әлшекей күйлерінің арасында топтама күйлер ерекше орын алады. Ол кемеліне келіп, атағы шыға бастаған шақта өнер жарысына түсе бастайды. Бөпемен тартыс, Айшамен тартыс, тарихта сақталған басқа да күй сайыстары – бұл сөзімізге айғақ. Алдыңғы күйшінің туындылары бізге жеткен жоқ. Бөпе күйшінің замандасы өнерпаз жан болған. Дерек көзіне қарағанда, Созақ жерінен тәрізді. Өз аты – Ақбөпе, ел еркелетіп «Бөпе» атап кеткен.

Әлшекейдің осы Бөпемен тартысын шебер орындайтын Жаманқұл Нұрманов 1960 жылы қайтыс болды. Жаңақорған ау­данының «Задария» совхозында жүргізуші болып еңбек еткен Әбдіқадыр Әбдіхалықов күйді тартып, өнер жарысының қалай өткенін былайша баяндайды: «Қыз бен жігіт күй тартысып, сайысқа түседі. Ақырында бірін-бірі жеңісе алмаған соң Әлшекей ешкімге беймәлім бір күйді орындаған екен. Қыз сол кезде ғана тоқтап қалып, жеңілгендігін мойындайды. «Тоқтаған» аталып кеткен бұл күй көңілді әрі жеңіл шертілетін. Алайда күйшіге өнер сайысы жеңілге түспеген-тін. Сондықтан да бұл Әлшекейдің өнерпаздығын паш еткен үздік туынды екені дау­сыз».

«Бөпемен бес тартыс», «Айшамен алты тартыс»

Күй қиын да күрделі қағыс­тар­дан тұ­ра­ды. Оң қол қос ішекке де, домбыра бетіне де тиіп жатады. Бірақ сол қолдағы әуенді бұзбай, домбыраны сөйлете тартады. Әлшекейдің келіні Күл­пат әжейдің сөзіне қарағанда, күй­ші осы өнер жары­сын өмір бойы есіне алып, қыздың дом­бы­­рашылығын сүйсіне айтып жүр­ген екен. «Бөпемен бес тартыс» деп аталатын бұл күйдің бізге жетпегені өкінішті. Өйт­кені Әл­шекейдің өзінен тікелей күй үй­ренгендер, күйлерін орындайтындар мүл­де жоқ. Оның шәкірттері Ақбала, Мұса­байлардың көзін көргендердің өзі санаулы ғана.

Әлшекейдің баласы Дәнебек әке мұрасын түгел білгенімен, өзгеге үйретуге самарқау қараған. Тіпті оңашада күй тартқанымен, көптің ортасында өзін тақуадай ұстаған. Дәнебек 1969 жылы дү­ние­ден өтті. Дәнебектің үлкен ұлы Сейсенбай Әлшекей мұрасын көп алдында бар нақышымен жар­қыратып тарта білген. Сейсенбай да дүниеден ерте кетті.

Әлшекей ұрпақтарынан ата мұрасын алтынның сынығындай қастерлеп, шама-шарқынша насихаттап жүрген Дәнебектің баласы Жидебай ғана. Жидебай Әлшекейдің «Бөпемен бес тартыс» деп аталатын күйлерін біршама жеткізген.

Жидебай ақсақал Әлшекейдің «Айша­мен алты тартыс» күйінің шығу тарихын былайша баяндайды: «Арқаны жайлаған Қып­шақтардың елінде Айша деген күйші қыз бар деп естіген Әл­шекей онымен күй тартысқа тү­суді армандайды. 1887 жылы Әл­ше­кей ағасы Аралбаймен бірге Ай­шаның ауылына арнайы ат басын бұрады. Үй егесі қонақтарды құрақ ұшып қарсы алып, құрмет көрсетеді. Қымыз ішіп қызынған қонақтардың көзі керегеде ілулі тұрған үкілі домбыраға түседі. Қонақтардың қылығын өзінше жорыған отағасы өрмек тоқып отырған қызын шақырып:

– Айша, айналайын, қонақтарға күй тартып берші, – дейді. Қыз кербез қозғалып, үкілі домбыраны қолына алып, қонақтарға қарап, әсем де сыршыл күйлерді бірінен соң бірін төгілдіреді. Күй сазына елітіп, ұшар құстай қомданып отырған Әлшекей бір сәт қыз қо­лы­нан домбыраны алып, естіген күй­лерін қаз-қалпында тартып береді.

Қонақтардың да осал емес екенін аңғарған қыз өз кезегі келгенде бұрынғыдан да ширығып, тың сарынға салып, шертісі қиын, орындалуы күрделі жаңа күй тартады. Қыз әуелі Әлшекейдің орындаған күйін қайталап, соңынан өзі күй тартады. Осылайша, Әлше­кей мен Айша бес рет домбыра алмастырады. Айшаның өнері­не тәнті болған Әлшекей енді намысқа тырысады. Қызды қалай­да жеңемін деген мақсатпен оның тәкаппар қылығына, өршіл міне­зіне, мінсіз сұлулығына арнап күй тартады. Ерекше шабыттанып қыза-қыза келгенде, домбыраны шертіп отырған қолы басынан асып кетіп жатады. Қыздың екі көзі ілгері-кейін жүгіріп, перне басқан саусақтарда. Өзінің қимылын жіті қадағалап отырғанын байқаған Әл­шекей оның көңілін түрлі шебер­лігімен әдейі сан-саққа жүгіртеді.

Епті саусақтардың қимылы қыз­дың көзін сүріндіріп, жанарын жасқатады. Соны күткендей шешен домбыра да бір уақытта сайрауын кілт доғарады. Тартысты одан әрі жалғастыруға дәті шыда­маған Айша жүзі бал-бұл жанып, күміс шолпысы сыңғырлап, жанары жасқа толып жылыстай береді. Манадан бері сұрапыл сайыстың куәсі болып отырған қыздың әкесі:

– Тәйірі-ай, қызымның қолын күймен матаған Қоңыраттың Әл­шекейі сен болармысың! – депті.

– Болсақ, болармыз, – дейді күй­ші. – Айшадай өнерпаз қыз тәр­биелеген сізде де арман жоқ шығар.

Қыз әкесі Әлшекей мен Арал­байды екі күн қонақ етіп, құрмет көрсетеді. Екі күн бойы ауыл аға­сының ордасында сан тарау әң­гіме айтылып, күмбірлетіп күй шертіледі. «Айшаны тағы бір көрсем-ау» деген күйшінің үмі­ті ақталмайды. Қонақтардың емеу­рінін ұққан қыз әкесі оларды аттандырар алдында сөз бастайды.

– Жас кезімде Қоқан бектерінің елге салған ойранынан халық тол­қығанда, елім деп еңіреп жер жас­­танған жігіттердің жанында көп жүрдім. Сол күндерде Ба­ға­на­шының бір батырымен тонның ішкі бауындай сыйласып кеттім. Кейін ол атақонысы Арқаға көшіп кетті. Аштықта жеген құйқаның дәмі тоқтықта ауыз­дан кетер ме?! Әлі күнге дейін достығымыз үзілген жоқ. Сол жігіттің бажасының көңілі Айшаға ауған екен, осы күзде той жасауға бәтуаластық. Жар іздеген жайың бар екен, Әлшекей қарағым, «Теңін тап та тегін бер» деген ғой, әйтсе де досыма берген уәдемді бұза алмай отырмын. Қаракөз қызым өнеріңе серік бола алмаса да, өміріңе серік болар еді, – дейді.

Қарияның сөзіне ден қойып тыңдап, тоқтаған қонақтар риза көңілмен аттаныпты. 

Әлшекейдің Шолпан есімді әйелі бала үстінде қайтыс болып, одан Қарабала, Жұмабек, Дә­не­бек деген үш ұлы қалады. Ал Қаракөз Әпу, Әлеухан, Мұса, Ұлбосын, Ұлтуған атты бес ұл-қыз­ды дүниеге әкеліп, Әлшекейдің өмі­ріне ажар беріп, қиын-қыстау күндерде қолтығынан демеп, адал жар бола біледі.

Жазира дала қайда, Жауан қайда?..

1904-1905 жылдары ауыл ірге­сінен өтетін Орынбор – Таш­кент те­міржолының құрылысын көзімен көрген Әлшекей оның ел өміріне әкелген жаңалығына арнап «Отарба» күйін шығарады. Кейін келе орын алған Қазан төң­керісінен ел ішінде болып жат­қан өзгерістерге де күй арнайды. Әйтсе де Әлшекейдің сол кездегі күй­лерінен бүгінгі күнге жеткені санаулы ғана.

Кеңес заманындағы тотали­тар­лық жүйенің қитұрқы саяса­тының негізінде жүзеге асқан ұжым­дастыру кезін де Әлшекей басынан өткерді. Сол тұстағы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалма­сын» деген реформа қазақ халқы үшін орны толмас ауыр қасіретке әкеліп соққаны белгілі. 1928 жылы Әлшекейдің немере інісі Жантөренің де дүние-мүлкі кәмпескеленіп, Оралға жер аударылады. «Байдың тұқымы» деген жалған желеумен күйшінің өзі де колхозға қабылданбай, сайлау еркінен айырылғандардың қара тізіміне ілінеді.

Шолақ белсенділер мен атқа мінерлердің көзіне түрткі болған күйшіге де бас сауғалап, елмен бірге ауа көшкеннен өзге жол қалмайды. Өткен күндердің де­рек­тері жанды сыздатады. 1926 жылғы санақта Жаңақорған ау­данының халқы 31-45 мың болса, 1939 жыл­ғы санақта 1 500-ге әзер ілінген. Шаруа күйттеп, иен даланы еркін жайлап өскен елдің бар малын тартып алып, жерге телміртіп қойған жөнсіздікке қалың ел көндіге ал­майды. Көрші­лес Өзбекстан же­ріне ауған Әлше­кейдің ауылы 1928 жылдың кү­зінде Сырдан өтіп, Қы­зылдың құ­мына дейін барады. Жорғаның үс­тінде шайқалып келе жатқан Әл­шекей мәуесі уылжыған жиделі тоғайды қақ жарып, арна­сына сыймай буырқана ағып жат­қан сұлу Сырға соңғы рет көз салады.

Толқындар қиялын қозғап, туған жері­мен қимай қоштасады. Кейін шетте жүріп, туған жерді еске алып, көз алдына Сыр өлкесі елестейді. Көңілінде дарияның жарға соққан толқынының ырғағы күмбірлеп тұрып алатын болады. Қиын-қыстау күндердегі осынау бір сәт Әлшекейдің қалған өміріне де арқау болғандай.

Өзбекстанның Жызақ, Самар­қанд аймағында кәсіп еткен күй­ші­нің ауылы Тәжікстанның Қор­ғантөбе өңіріндегі қазіргі Явань қаласының төңірегіне қо­ныс тебеді. Өмірінің соңғы жыл­да­рын­да үйде отырып қалғаны бар-ды. Сол кездері немере інісі Кенжетайға, баласы Дәнебекке, шәкірті Ақбалаға домбыра шерт­кізіп, күн ұзаққа ойға шомып оты­ра­тын әдет табады. Мүмкін өмір туралы, өміршең өнер туралы сананы сарсылтқан сансыз сауал­дарға жауап іздеген болар. Осы кезде күй­ші­нің ақырғы сөзі – ақ­тық сә­ле­міндей болып өшпес, өлмес туын­дысы «Толқын» күйі дү­ниеге келеді.

Әлшекей күйші 1932 жылы 85 жасында Тәжікстанның Душанбе облысы Шәрбат ауданына қарасты Жауан қыстағында қайтыс болып, топырақта мәңгілікке дамыл табады.

Осындай мақсатпен биылғы қыркүйек айының 22-24 күндері қазақтың күйшілік өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған халық композиторының 175 жылдығына арналған «ЖЕЛДІРМЕ» І Респуб­ли­калық дирижерлер, композиторлар мен күйшілер конкурсы өтпек. Бұл шара Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен, Қызылорда облыстық әкімдігінің қолдауымен Қызылорда облыстық филармониясы Тұрмағамбет атын­­­­дағы қазақ халық аспапта­ры оркес­трінің базасында ұйымдас­тырмақ.

 

Аягөз НҰРСҰЛТАН,

күйші