Әдебиет • 08 Маусым, 2022

Сұлтанмахмұт сүйген сұлу

1003 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Киелі Шыңғыстай же­рінде қаратай халқы ерек­ше әспеттеп, қадір тұ­та­тын мектеп бар. Әбді­керім болыс салдырып, Сұл­тан­махмұт ұстаздық еткен, Оралхан оқыған кие­лі мекен. Кезінде қара­ғайдан қиып салынған екі сыныптық, бүгінде Сұл­танмахмұт Торайғыров атындағы орта мектеп «Қа­раңғы қазақ көгіне, өрме­леп шығып Күн болғысы» келген қазақ ақынының ел ертеңі – жас ұрпақ санасына білім нәрін сепсем деген арманына қанат бай­лап қана қоймай, жас жүрегін селт еткізіп, келте ғұмырына мағы­налы мән сыйлаған ғашығы, өр Алтайдың текті аруы Ба­ғи­­ла сұлумен кездесуіне, ға­жап пен ғазап қатар өріл­ген сезім хи­кая­­сын бас­тан кешуіне себеп болған­дығымен де тарих үшін құнды.

Сұлтанмахмұт сүйген сұлу

Сәулелі сапар

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Сұлтанмахмұт Торай­ғыров білім іздеп Семей, Омбы, Троицк қалаларын араласа, ілім нұрын таратып Алтай аймағының Катонқарағай, Күршім мен Зайсан өңірлерінде із қалдырды. Соның ішінде, әсіресе Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында өткізген бір жыл Сұлтанмахмұт өмірінен айрықша орын алады. Себебі бұл сапар ақын әлеміне төңкеріс жасаған тартысты һәм табысты кезең болды десек қателеспейміз. Тартысты болған себебі – жоқшы­лық пен дерт меңдеп әрі-сәрі күй­ге түскен өміріне сәуле шашып, әр берген ару Бағиламен дәл осы Шыңғыстайда жолығып бір қуанса, көңіл жарастырып үлгер­местен ескіліктің заңына бағынып ғашығынан мәңгілікке айырылып аһ ұрады. Ал бұл сапардың зор табысы – Алтай аруы Бағиладан айырылу ақынға шығармашылығының шедеврі – «Қамар сұлу» мен «Кім жазықты?» шығармаларын жазуға түрткі болды.

Сұлтанмахмұт Бағиланы кезік­тір­генде арудың жасы 17-ден енді асса керек. Толған айдай толықсып тұрған кербез ару келбетін күн сүйген көркем ажарымен ғана емес, ақыл-парасаты, ақындық өнерімен де жас ақынның көзіне оттай басылып, жүрегіне өшпес шоқ салады. Талайды тамсандырған тәкаппар бойжеткеннің де көңілі бір көргеннен Сұлтанмахмұтқа құлайды. Қос ғашық арасындағы махаббат хикаясына оқырман қауым жазушы Оралхан Бөкейдің «Сарыарқаның жаңбыры» әңгімесі арқылы жақсы қанық. Онда суреткер сүйгендер сезімін былайша баяндайды: «Ол əлі өзі ғана білетін, өзі ғана дейміз-ау, үшеуі ғана білетін, жұмбақты сыр. Əр үміттің түні бойы ұйықтатпай, беймаза ететін қиялды сəулелері иіндесе келіп, үлкен арманға, ыстық махаббатқа ұласқандай еді. Бір-бірін жан-тəнімен қиыла сүйе­тіні ашылмаса да, ауызекі сұх­бат­тасудан əлдеқайда күшті құді­ретті сезім жеткізіп қойған. Бұл үнсіз сүйіспеншіліктері бой бер­мей билеп əкетсе, түбі неге апарып соғатынын, мына Бағиланың əкесі не дейтінін ойлаудың өзі аса сұмдық еді».

Әлиханның аманаты

Бұл жердегі Бағиланың әкесі деп отырғаны – бұрынғы «Шәңгіштай» болысының аға сұлтаны, ағартушы, меценат Әбдікерім Ережепұлы. Әбдікәрім болыс – өзі тұратын Өр Алтай өлкесі Катонқарағайдағы Шыңғыстай ауылында 1907 жылы екі кластық қазақ-орыс мектебін салдырған қайраткер тұлға. Зама­ны­ның көзі ашық, көкірегі даңғыл, орысша оқыған, озық ойлы қазақ басшысы әрі ел басқарып жүріп, қазақ балаларының да дәстүрлі діни біліммен бірге еуропалық ілімді игеруіне жол ашқан тұлға ретінде есімі тарихта алтын әріп­пен жазылған болыс сондай-ақ, екі мәрте Мемлекеттік Думаға және Алаш партиясының атқару коми­тетіне мүше болған. Демек бұл орайда Бағиланың әкесін Алаш­орда қайраткерлері қатарына жат­­қы­зуға болады. Оған дәлел – Әбді­керім Ережепұлы 1920 жылы Семей­де Алаш партиясының жаңа бағдарламасы қабылданған кезде Әлихан Бөкейханнан кейінгі қосымша баяндамашы болғандығы. Тіпті Сұлтанмахмұтпен Семейде жолыққан Әбдікерімге жас ақын­ды елге апарып, қысырақтың қы­­мы­­зына қандырып, дертінен айық­­­ты­руды өтініш еткен де осы Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан болуы мүмкін деген деректерді кезік­тіруге болады. Соның бірі жазушы Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесі» ғұмырнамалық романында да айтылады. «Денсаулығын түзету, қара биенің қымызына то­сап етіп дімкәсін емдету үшін, Сұл­танмахмұттың Шыңғыстайға келуі де Ә.Бөкейхановтың өтіні­ші­не байланысты болса керек» деп жаз­ған қазақтың арғы-бергі тарихынан хабары мол қаламгердің сөзіне сү­йенсек, Әбдікерім Ережепұлы мен Әлихан Бөкейханұлының бір кез­дері Петербор қаласындағы Ор­ман шаруашылығы оқу орнында қатар білім алғандығын білуге болады.

Шарасыздық

Бүкіл өмірін білім іздеуге, өзі білгенін айналасына үйретуге асық болған Сұлтанмахмұт Бағи­ла­ның әкесімен Семейде танысады. Асқынып бара жатқан дер­ті­не жұмыссыздық қосылып, жоқ­шылық діңкелеткен жас ақын басына іс түскен қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созған Әбдікерімнің ұсынысын бірден қабыл алады. Оның үстіне өршіп бара жатқан өкпе ауруынан құтылудың жалғыз амалы қысырақтың қымызын үзбей ішу екенін білген жігіт жарық күннен үмітін үзгісі келмей, дертіне дауа іздеп Катонқарағайға келеді. Шыңғыстайға табан тіреп, сондағы екі сыныптық мектепте бала оқыта бастайды. Міне, дәл осы кезде Бағиламен жүздеседі. Тіл­дескеннен-ақ арман мақсатта­ры үндесе кеткен жастар бір-бірін сүйіп қалады. Тіпті ақын жүрегі­нен Бағилаға арналған ғашықтық шумақтар жыр болып төгіледі:

Келді хатың мен шаршап,

Отырғанда қамығып.

Хабарыңа бек аңсап,

Созылып көзім талығып.

Сөзіңнен көріп өзіңді,

Құшақтай алдым жамығып, – деген жыр жолдары жас ақынның Алтайдың аппақ аруына арнаған аппақ көңілінің, сыршыл сезімінің көрінісі еді.

 Алайда өкініштісі – қос жүрек жарасқанымен, тағдырдың дегені басқа болды. Дәулеті шалқыған Әбдікерім болыстың үлкен қы­зын бесікте жатқанында-ақ атасы Ере­жеп Шүй болысының байы Бұқабайдың баласы Ақсолтанға атастырып қойған еді. Бұл туралы жазушы Тоқтарбек Мағзұмов «Байберді асуы» хикаятында мынадай дерек келтіреді: «Қажы атасы Ережеп немересі Бағиланы бесігінде жатқанда-ақ, Шүй болысының байы Бұқабайдың (кей деректерде Бұқарбай делінеді. – авт.) баласы Ақсолтанға атастырып қойған екен. Қытайдан сауда жасап оралған Бұқабай саудагер Ережеп қажының келісімін алған күні болашақ келінінің «қарғы бауы» деп бір үйір жылқының құнындай жүк артқан тоғыз түйені қажы жайлап отырған Шарықтыбұлақ бастауындағы Қарасаз жайлауында отырған Әбдікерім болыстың он екі қанат ақ үйінің алдына бір-ақ шөгерткен деседі».

Әке үкімі

Ал Сұлтанмахмұт пен Бағи­ланың арасындағы сезім байла­нысын сезіп қойған әке болса, от өршімей тұрғанда қызын құдан­далы жеріне ұзатуға асығады. Осы­лайша, күн жылып, жер аяғы кеңуін күтпестен жер қараймай жатып асығыс түрде қызын уәделі уақыттан ерте жат жұртқа аттандырып жібереді. Көкірегін өксік қысқан Бағила ата сөзінен аттай алмай, амалсыз көзін сүртіп кете барады. Шерлі ару туған жерден аттанарда еліне, әкесіне деген өкінішке толы бір ауыз өлең жолын мәңгілікке ел аузында қалдырды:

Жаз жайлауым –

 Қарасаз, Мұзбел, Татан

Кешір жұртым ісімде

болса қатам.

Әпекем алыс жерге бермес еді,

Атастырып кетіпті

қажы атам.

Мұзбелдің мұзартынан

шаң тұрмаған,

Қолыма сұңқар

қонған саңқылдаған.

Сол сұңқарым қапыда

ұшып кетіп,

Әпеке, мен болдым

қаз қаңқылдаған.

Айта алмаймын өзгеге

сырымды ашып.

Жақсыға болған еді

көңіл ғашық.

Тым нәзік, үкілі үміт

артта қалып,

Барамын қимастықпен

мен қоштасып,

деп зар еңірейді. Ба­ғи­ланың бұл жердегі әнге қос­қан, зарға қосқан сұңқары – Сұл­танмахмұт еді.

Арманда кеткен ақын

Мұндай қайғыға шыдай алма­ған ақынның нәзік жаны мұң жамылып Бағила ұзатылысымен-ақ Шыңғыстайды тастап, басы ауған жаққа бет бұрады. Кітап толы қор­жы­нын арқалап, Зайсанды жа­ға­лайды. 1915 жылдың күзінде Зайсан қаласына келген оны досы Мәулет Шамсутдинов қарсы алып, төрін ұсынады. Осы үйде жатып ақын әйгілі «Кім жазықты?» романын жазады. «Қамар сұлудың» тууына да ақын басынан кешкен осы жағдай тікелей түрткі болады. Кейінірек елге оралып, өмірінің соңында Баянауылдағы қазақ әйелдерінің арасынан шық­қан алғашқы мұғалима Мәли­ке Иманбаевамен көңіл жарас­тырғанымен, асқынған ауру ақын­ды арманына жеткізбеді.

Ал ата-ана қалауымен еріксіз жат елге ұзатылып кеткен бойжеткен Бағила да бақытсыз болып, көп ұзамай құсадан көз жұмады. 1920 жылы екінші перзентін өмірге әкелу үстінде қайтыс болған Бағи­ланың сүйгеніне арнаған соңғы хаты:

Кешірер серттен тайсам,

ақын аға,

Бодауға байланып тұр басым,

 аға.

Ілетін ақ сұңқарға қаз табылар,

Қанатым қайырылды деп

жасыма, аға.

Көз жасын ағайынның

аттай алмай,

Алтынға бақыр басты

сақтай алмай.

Көз жұмып көрмегенге

кетіп барам,

Топырағын туған жердің

даттай алмай.

Жеткенше басым жерге

сағынармын,

Мың мәрте суретіңе

табынармын.

Аршыған жұмыртқадан

арым таза,

Алдыңнан таңда мақшар

табылармын, – болыпты.

Дерті асқынған Сұлтанмахмұт та Бағила қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай мәңгілікке бет бұрады. Ал «Қамар сұлу» романы баянсыз махаббатқа қойылған ескерткіш болып әдебиет әлемінен мәңгілік өз орнын алды.