Пикассо туралы мың сан аңыз айтылады. Талантты суретшінің ғұмыры мен шығармашылығы көптеген мәдени әңгімеге тақырып болды. Ол туралы жазылған материалдардың санында шек жоқ. Өзінің өмірін де суретке айналдыра білген жиырмасыншы жүз жылдықтың таланты мен атағы жарысқан суретшісі Пикассо, өнерде өзгеше көркемдік образ бен форма жасады. Сурет әлеміне бір нәзік сезіммен келді. Тіпті оның шығармашылығына анықтама беру де біртүрлі орынсыз секілді. Пикассоға Пикассодан артық сөз айту мүмкін бе өзі?..
Өнертанушылар Пабло шығармашылығын бірнеше кезеңге бөледі: кубизммен әуестенуі, сюрреализм стилінде де жазды, сонымен қатар постимпрессионизм, «көгілдір» және «қызғылт» түстермен байланысты жұмбаққа толы көркемдік кезеңдері.
Ал мына картина суретшінің «көгілдір» түсті шығармашылық кезеңінде салынған. Туындыда дастарқан басындағы отбасы бейнеленген. Оны қалай атасаңыз да, өз еркіңіз. «Отбасы», «Отбасымен бірге», «Дастарқан басында» немесе жәй ғана «Өмір» десеңіз де болады.
Айта кетейік, Пикассоның 1902-1905 жылдар аралығындағы туындылары көк түстің суық әрі қараңғы реңдеріне қанық. Бұл түстің астарынан қартаю, кедейлік, қасірет сынды өмірдің қатыгез тұстары сезілуі мүмкін. Өнертанушылардың айтуынша, Паблоның жақын досы бұл фәниден кетуі жүрекке ауыр мұң салып, күңгірт сарындағы картиналар жазуына себеп болған деседі.
Қасірет шеккен қылқалам шеберінің көңіліне, тек шығармашылық медеу болды. Пикассоға бұрыннан қалың жұрттан түрлі ұсыныстар түсетін-ді. Дәл осы күйзеліс уақытында суретші сұраған жандардың үйіне барып, суреттерін салды. Сіз көріп отырған мына картина да сондай ұсыныстардың жемісі.
1903 жылы Солер деген барселоналық тігінші өзі мен әйелінің портретін, оған қоса отбасылық суретін салуды өтінген еді. Алайда автор оның үшінші тілегін орындап, отбасылық картинасын жазды.
Бұл туынды Маненің «Көгалдағы таңғы ас» суреті секілді француз импрессионистерінің арасында кең тараған жанрда жасалған. Картинадағы кейіпкерлер – отағасы мен жұбайы, олардың төрт баласы және ит. Әрқайсысының бет-бейнесі өзіндік ерекшеліктерді көрсеткенімен, олардың жалпы схематикасындағы Пикассоға тән біртектілікті байқамау мүмкін емес. Детальдарға келер болсақ, кенептің ортасында – ақ дастарқан, оның үстінде жемістер, бос ыдыс, бөтелке мен қоянның ұшасы (туша), ал қасында – аңшы мылтығы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, картина шебердің түнек тұнған «көгілдір» түспен әуестенген кезеңінде жазылса да, трагизмнен аулақ. Мұндағы көк түс, керісінше, жылы көрінеді, отбасылық ыстық ықыластың лебі сезілетіндей.
Пикассоның басқа жұмыстары сынды аталған картина да әлемді мойындатты. «Солер отбасы» деген атпен де танымал туынды қазір Бельгияның Льеже қаласындағы заманауи өнер мұражайында сақтаулы тұр.