Қазақстан • 08 Маусым, 2022

Жаңа дәуірдің даму құндылықтары

497 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарында көптеген мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық және тактикалық құжаттар қабылдап, әртүрлі заң бекітіп, әлеуметтік реформалар жасауға талпынды. Бірақ жап-жақсы жасалған құжаттардың, әлеуметтік реформалардың іске асырылуы ойдағыдай болмағанын мойындауымыз керек.

Жаңа дәуірдің даму құндылықтары

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бастамалардың, идеялардың, бағдарла­ма­лардың жүзеге асырылу механизмі басқару органдары мен мамандар тара­пы­­нан, қарапайым ел мүд­десі түр­ғысы­нан жеткілікті дең­гейде ғылы­ми пы­сық­­тал­­­мағанын, жауап­кер­ші­лік­пен атқарыл­ма­ған­дығы бел­гілі. Әсіресе, орта тап, кәсіп­­керлер қауымдастығының емес, негізі­­нен ірі олигархтардың мүддесі қор­ға­лып кел­генін Президент Қ.Тоқаев 2022 жылдың наурыз­дағы Жолдауында сыни түрде ескертті.

Осындай саяси-әлеуметтік ахуал, терең қайшылықты үдеріс­тер биылғы «Қаңтар қасіретінің» негізгі себептерінің бірі болғаны белгілі. «Қаңтар қасіреті» қоға­мы­­мызда бұқаралық санадағы өрке­ниеттілікті, митингке шығу және бейбіт шерулер мәдениетін қалыптастыру мәсе­лесін өзек­тендірді. Әрине, митин­гі ха­лықтың демократиялық құқық­тарын білдіретін саяси тетік. Дегенмен ми­тингілердің арты жаппай дүрбелеңге ұлас­­са, қирату мен өртеу, адам құрбан­ды­ғы орын алып жатса, онда арандату мен қылмыстық элементтердің демо­кратия­ның сиқын бұз­ға­ны. Тіпті сол күндері елі­міз­дің тәуел­­сіздігіне де қауіп төнді. Кей­­­бір теріс бағыттағы күштер ле­ги­тимді билікті зорлықпен тартып алуға да ұмтылды.

Енді билік тарапынан кез келген мемлекеттік реформаны, әлеуметтік даму қадамдарын жүзеге асырылуы барысында еліміз үшін түбегейлі маңызды құндылықтар жете ескерілуге тиіс. Жалпы, ұлттың тарихи санасын қалыптастыру мен оны өрбіту, қоғамдағы барлық қайшылықты мәселелерді жан-жақты және объективті зерделеу, көпұлтты және көпконфессиялық қоғамның дүниетанымдық, мәдени және рухани бірігуі идеологиясын бекіту тұрғысынан реформалардың жү­зеге асырылуы орынды қадам. Әлеу­меттік прогресс жолындағы мем­лекеттің болашағы бар. Осы­ған орай қазіргі қазақстандық қоғамның кешенді дамуында рухани құндылықтар жүйесінің маңызы саяси-экономикалық, материалдық, әлеуметтік тұрғы­дағы мәселелерден кем бол­май­тындай тарихи кезеңге аяқ бас­қанымызды айта кеткен жөн. Өзінің рухани әлемін, құндылық­тарын күйттеген қоғам ғана бас­қалардың алдында қадірі болады, өркениеттік даму жолынан ауытқымайтыны анық.

Әлеуметтік мүдделерді, қо­ғам­­ның құндылықтар жүйе­сін сараптау терең ғылыми-зерттеу­лерді талап етеді. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Фи­лософия, саясаттану және дін­тану институтының ұжымы өзі­нің зерттеу бағдарламалары мен жобаларында Қазақстан хал­қы­ның саяси, дүниетанымдық мәдениетін және ұлттық құн­ды­лық­тары мен философиясын пайымдаулардағы жаңа әдісна­малық ұстанымдарға барынша маңыз бере бас­тады. Мәселен, «Қазақстанның тұрақты даму стра­тегиясы контекстінде қоғам­ның мәдениеті мен құнды­лық­тарын зерттеуі» барысында бір­қатар қызықты мәліметке куә болдық.

Мәселен, «Қоғамның тұрақ­ты дамуын қамтамасыз ете­тін құндылықтарға нені жат­қы­за­сыз?» деген сұраққа респон­дент­­тердің 48,5 пайызы «үлкенді сый­лау, олардың беделін құр­мет­теу» деп жауап береді. «Қоғам­дағы дәстүрлердің маңызын» сұ­рал­ғандардың 33,3 пайызы мо­йындап отыр. «Инновацияларды қабылдай білу және өзгеруге деген бейімділік» сияқты фактор­ларды респонденттердің 17,5 па­йызы ғана атап өткен. «Білім­ді­лік пен кәсібилік» сияқты қазір­гі заманның маңызды құн­ды­лықтарын сауалдарға жауап беру­шілердің 19,2 пайызы таңда­ған. Міне, осы жауаптардан еліміз тұрғындарының жалпы қоғамдық пікірі жаңа технология мен қазіргі өркениетті қоғамдағы либералды құндылықтардан гөрі «өмірдің дәстүрлі қисынына» көбірек мән беретінін байқатты. «Дінді қоғамды тұрақтандырушы фактор» ретінде оң бағалау­шы­лардың саны 8,4 пайыз ғана болып отыр.

Сауалдама респонденттері қазақ­тардың ұлттық мәдениетінің ерекшеліктері арасында оның «бейбіт өмірді қадір тұтуға бейім­ділігін» – 48,9 пайыз, «басқа ха­лық­тардың мәдениеті мен дәс­түр­леріне оң қатынасын» 44 па­йыз атап көрсетеді. Әрине, бұл нәтижелерге таңғалуға бол­м­айды. Шыныменде ерте за­ман­нан Шығыс пен Батыстың орта­сына орналасып, әрқилы мә­де­ниеттердің өзара сұхбатын басынан өткеріп келе жатқан қазақ халқының бойындағы толе­рант­тылық пен ашықтық «біздің этногенетикалық кодымыз» іспетті құбылыс деуге болады. Қонақжайлылықты қадір тұта­тын қасиетіміз ұлттық дәстүр­лері­міздің ішіндегі маңызды екені белгілі. Өткен ғасырдың ор­та­сын­дағы көптеген этнос өкі­лі елі­мізге еріксіз қоныс аудар­­ғанда халқымыздың шынайы келбеті айқындалғанын бас­қа ұлт өкілдері де атап өтіп жүр. Ал енді «Қазақ халқының дәс­түр­лі мәдениеті қазіргі Қазақ­стан­ның жалпы мәдениетін біріктіруші факторға айналуы мүмкін бе?» деген сауалды жалпы респонденттердің тек 33,3 пайызы ғана мақұлдаған.

Жоғарыдағы әлеуметтанулық зерт­теу­лердің нәтижелері қоға­мы­мыздағы объек­тивті құнды­лықтық басымдықтар туралы мәліметтерді баяндап, олардың әлеу­меттегі айшықталу жағдайын си­пат­тап отыр. Қазақ халқына елі­міз­дің титулды ұлты, негізгі мем­лекет қалып­тас­тырушы субъек­тісі ретінде жауап­кер­шілік әлдеқайда көбірек түседі. Ұлты­­мыздың бойындағы рухани жетіл­у­ге талпынысымыз көп­те­ген әлеумет­тік үдерісті оңға қарай бұруға септігін ти­гізеді. Демек Абай мен Алаш көсем­дері айтқан ұлағатты сөздер әр уақыт­та өзек­тілігін, маңызын жоймайды, хал­қы­мызға қиын-қыстау ке­зең­дерде барын­ша дем береді. Сонымен қатар қоға­мы­мыздың бірегей, біртұтас ұлттық бейнесін қалыптастыруды талап етеді және әлеуметтік түбегейлі өмір­мәнділік бағдарларды жаңғыртуға меңзейді. Осындайда, жастар арасында қазақ халқының бай рухани мұрасын игеру­дің рөлін арттырып, әлеуметтік әділет­тің ру­хани-адамгершіліктік басым­ды­лық­тарын насихаттай түскен абзал. Хал­қы­­мыз­дың ұлттық психологиясына тән төзім­­ділік пен ізгі ниеттіліктің, мейірім­ділік пен әділеттіліктің ерекше үлгілерін – Ұлы даланың рухани аманаты ретінде қабыл­дауға тиіспіз және оны жастар арасында кең на­си­хаттау – қасиетті боры­шымыз.

Қазақ халқының әлеуеті бо­ла­шақта кеңінен ашыларына сенімдіміз. Бірақ осы үдерісте назар аударуға тиісті үдерістер бар. Мәселен, Еуразиялық кеңістіктегі түркілік және славян мәдени дәстүрлер диалогінің маңызын ескеру, түркі мәдениетінің тарихи көрінісі саналатын Тұран мен өзіндік ерекше сипаты бар Иран арасындағы тарихи қатынастарды ұмытпау, жалпы адамзат мәде­ниетінің бір тармағы саналатын қазақ мәдениетінің ұлт­­тық құн­дылықтарының ерекше­лік­терін айшықтай түсу қазіргі ұлтаралық және халықаралық қатынастар үшін өзектілігін сақ­тайтыны айқын.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2022 жылдың наурыз айын­дағы Жолдауында Ұлттық құ­рыл­­тайды құруды ұсына оты­рып, «Жаңа құрылым Ұлт­тық кеңестің қызметін жалпы­ха­лықтық деңгейде жалғас­ты­рады. Құрылтай қоғам­дық диа­­логтің біртұтас инсти­ту­цио­­налдық моделін қалыптас­тыру­ға тиіс. Сөйтіп, билік пен ха­лықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғам­дық кеңестердің бәрін өз ай­наласына топтастырады» деген тұжырымын ортаға салды. Сан ғасырлар бойы тари­хы­мыз­дың руханиятында орын алып келген далалық демокра­тия құндылықтары жаңа жағ­дай­да билік пен халықты жақын­дастыру үшін қызмет ете алуға тиіс деген ойымен бөлісті. Болашақта еліміздің жаңғыртылған және сонымен бірге тарихи іргелі ұлттық бейнесі қалыптасып, жоғары адамгершілік ұстанымдардың негізінде дамитын қазақ ұлты мен жалпы көптеген этностық қауымдастықтардан құрылған қазақстандық қоғамды рухани біріктіруге қабілетті жаңа және заманауи идеялар топтамасы өзара ықпалдасу жағдайында жұмыс істей бастайды деген үмітіміз зор.

Еліміздің тәуелсіздік дәуірі­нің ал­ғашқы жылдарында дүниеге келген, қазіргі тарихи кезеңде өз шамасынша қызмет атқарып жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы – ерекше әлеуметтік инс­титут. Көптеген елдің соңғы уақытта бұл ұйымға деген қызығушылығы артып келеді. Мәселен, кейбір Қытай, Ресей, Өзбекстан сияқты көпэтносты көрші елдердің ұлтаралық қа­тынастарды зерттеуші ға­лым­дары Қазақстандағы ұлт өкілдерінің өзара келісіммен өмір сүрудегі тәжірибесімен жете танысуы  осыны ағартады. Біздің пайымдауымызша, сыни сараптау­­шы ретінде Ассамб­леяның іс-әрекеттеріндегі кей­бір кемшілікті анықтағанмен, бұл әлеуметтік институт қазір­гі кезеңде еліміздегі маңыз­ды құндылықтарды бекітуге, насихаттауға шынайы атсалысып жүргенін ашық айтуымыз  керек.

Осындай жағдайда халқы­мыздың даналығы ескерткен­дей «қолда бар нәрсенің қадірін білейік». Шама келгенше бұл әлеуметтік институттың қыз­метін әрі қарай жетілдіріп, әрбір аза­маттың бақытты болуына қолайлы Жаңа Қазақстанды қалыптастырайық. Еліміздің маңызды материалдық және рухани ресурсын тиімді пайдалана отырып, Отанымыздың қазіргі өркениетті әлемнің дамыған елдерінің қатарында болуға талпынуы – қоғамымыздың азаматтары мен мемлекет билігі үшін маңызды стратегиялық бағдар болып қала береді деген ойдамыз.

Қорытындылай келе, сындарлы біріктіруші ұлттық құн­ды­лықтарды қалыптас­тыру проб­лемалары бірқатар тео­риялық және практикалық іске асыру сипаты бар екенін атап өткен жөн. Біріншіден, қазақ халқы­ның дәстүрлі құн­ды­лық көрінісі қарапайым ап­пеляцияға емес «ежелгі терең дәстүр­лерді» қайта түсіндіруді қажет етеді. Өкініш­ке қарай, бүгінде әз Тәуке хан дәуіріндегі қазақ көшпелілерінің өмірін реттейтін ережелердің қоғамдық өмір құндылықтары­ның архаизациялану үрдісінің куәсі болып отырмыз. Бұл қазіргі қазақстандықтардың өмірінің алуан форматтары мен олар­дың құндылық әлеміндегі бей­неленуі ұлттық сана мен мінез-құлыққа кіріктірілген және та­ри­хы­мыздың осы уақыттан кейінгі кезеңін есепке алмайды. Заманауи гума­ни­тарлық зерттеу дискурсының күн тәрті­біне ұлттық тарихтың ең маңыз­ды бет­терін қалпына келтіру ғана емес, соны­мен бірге бүкіл қалыптасу процесінің күр­делі­лігі мен диалектикасын түсіну де маңызды. Ұлттың заманауи рухани кел­бетін қалыптас­тыру үшін халқымыз бас­тан кешкен мәдени тәжірибені сыни тұр­ғы­дан қайта ойластыруға қажеттілік бар екенін атап өткен жөн. Екіншіден, жаһан­дық мәдениетаралық коммуникация жағдайында «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасына арналған қоғамдық сананы жаңғырту­дың аса маңызды бағытын ескеру де қажет. Бұл бағдар­ла­ма­ны қабылдаудың қоғам­дық көзқара­сы оң болғанымен, ол әлі де өз нәтижесіне толық қол жеткізген жоқ. Атап айт­қ­анда, ұлттық сананы өзіндік қаһар­мандық тарихын, әлемнің озық жетістіктеріне негізделген болашақтың перспективалы әлеуметтік-мәдени жобалау арқылы дәстүрлі архаикалық дис­курстан қайта құрылымдауды жүзеге асыру қажет.

Үшінші мәселе елдегі қазіргі мәдени саясаттың инфрақұры­лымдық және функционалдық сабақтастығымен байланысты. Атап айтқанда, біздің қ­оғам дамуы­ның көпұлтты, көп­мәде­ниетті және көпкон­фес­сия­лық сипаты ұлттық әлеу­меттік капи­тал­дың артық­шылығы. Сон­дық­тан қазақ халқының жүйе құрау­шы негізіне сүйене отырып, Қазақстанда сан алуан әлеумет­тік ортаны қалыптастырудағы барлық оң өзгерісті сақтау және көпмәдениеттілік тетіктері мен құралдарын одан әрі терең­дету және жетілдіру жұмыстары қажет деп санаймыз.

 

Серік СЕЙДУМАНОВ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры