Қоғам • 09 Маусым, 2022

Қоғамдық көлікте тегін жүре бастады

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қай елді мекеннің де таза болуы немесе күл-қоқысқа белшесінен батып жатуы сонда тұратын адамдардың көңіл күйіне жақсы не жаман жағынан әсер ететіні айтпаса да түсінікті жайт. Сондықтан кім-кімде өзі өмір сүріп жатқан жерінің тазалығына қажетті деңгейде мән берсе, соған сай көңіл күйінің де әр кез көтеріңкі жүретіні күмәнсіз.

Қоғамдық көлікте тегін жүре бастады

Яғни осы игілікті іске басшы мен қосшы да, елді мекен тазалығына тікелей жауапты мекеме қызметкерлері мен жұмысшылары да, тіпті қарапайым тұрғындар да қал-қадерлерінше үлестерін қосса, нұр үстіне нұр болатыны тағы аян.

Осы орайда айта кететін бір жайт – кез келген ірілі-ұсақты елді мекендердегідей, қала тазалығына тікелей жауапты «Қызылорда тазалығы» да тіршілігі қысы-жазы толас таппайтын мекемелердің бірі. Жұмыс барысында тазалықшылар қоғамдық көлікпен күніне бірнеше мәрте шаһардың әр бұрышына қатынап жатады. Әр мінген сайын 90 теңге төлеп, жалақысының біраз бөлігін жолға жұмсайтын мекеме жұмысшыларының осы мәселесі жуырда шешімін тапты.

«Қызылорда тазалығы» КММ жұмысшысы Гүлайым Қарғабаеваның осы салада жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдауына жазылған ол жолкіренің қалтаны ортайтып тұрғанын айтып, аймақ басшысынан көмек сұрайды. Тұрғын тілегіне түсіністікпен қараған аймақ басшысы дәл сол мезетте қала әкімі Асылбек Шәменовке 1 маусымнан бастап қоғамдық көлікте тазалықшылар үшін тегін жүру билетін әзірлеуді тапсырған-тын.

«Күннің ыстық, суығына қарамастан қаланың тазалығын сақтап жүрген жұмысшыларға құрметіміз ерекше. Шаһардың шырайын кіргізіп тұрған осы азаматтарға барынша қолдау көрсетілуі қажет. Сол себепті, 1 маусымнан бастап бұл мекеменің барлық қызметкерінің қоғамдық көлікте тегін жүруін ұйымдастырамыз», деген болатын облыс басшысы.

Біз бұл хабарымызбен кез келген ірі қалаларда, облыс орталық­тарында енгізуге болатын жағымды жаңалық ретінде бөлісе кеткенді жөн көрдік.

 

Бақытжан АБЫЗОВ,

қала тұрғыны

 

ҚЫЗЫЛОРДА