Ұлттық спорт • 09 Маусым, 2022

Керекудегі көкпар

515 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар қаласының іргесінде орналасқан Мойылды ауылында көкпардан облыстық жарыс өтті. Оны облыс орталығындағы «Ақмешіт» және «Бижан» мешіттері бірлесіп ұйымдастырды.

Керекудегі көкпар

Көкпар бәсекесіне 6 команда қа­тысты. Бұл жолғы додаға өңірдегі ат спорты жақсы дамыған Май, Ақтоғай аудандары мен Екібастұз қаласынан бөлек, Аққулы ауданы мен Ақсу қа­ласы да спортшыларын үкілеп қос­қан екен.

– Мақсатымыз – өңірдегі ұлттық ойындардың дамуына үлес қосу. Аймақта ат спортына қызығатын жас­тар көп. Оларды ынталандыру үшін осындай жарыстар өткізген дұрыс деп ойлаймын. Сол себепті осымен екінші жыл қатарынан көкпар бәсекесін ұйым­дастырдық, – дейді Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Әбілқайыр Қылышев.

Тақымды жігіттердің додасы тартыс­ты өтті. Бұған дейінгі жарыстардағы негізгі бәсеке Май, Ақтоғай және Екі­бас­тұз көкпаршыларының арасында өтетін. Бұл жолы аққулылық және ақсулық спортшылардың да тәжірибелі қарсыластарға төтеп берер қарқынға ие екенін байқадық.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Май ауданы­ның көкпаршылары иеленді. Олар финал­да ақсулық көкпаршылардан айл­асын асырды. Үшінші орын екібастұз­дық­тарға бұйырды. Олар Аққулы ауда­нының спортшыларын қапыда қалдырды.

Дода барысында ерекше көзге түскен ақтоғайлық Серікболсын Қазыкен, Май ауданының өкілі Аспандияр Қайролла сынды жігіттер көпшіліктің қошеметіне ие болды.

 

ПАВЛОДАР