Ғылым • 10 Маусым, 2022

Жас ғалымдар – жаңа жобада

331 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектепте Caspian Startup-2022 халықаралық стартаптар байқауы қорытындыланды. Дәстүрлі байқауға биыл Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстаннан 120-дан астам жоба келіп түсті. Олар табысты стартаптарды құрып, ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.

Жас ғалымдар – жаңа жобада

Финалдық турға қатысушылар «Бола­шақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу», «Туризм» аталымдары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды.

– Жыл сайын жобалардың саны артып келеді, олардың атаулары авторлардың азаматтық ұстанымы мен жаһандық жауап­кершілігін растайды, сондықтан біз Caspian Startup-2022 байқауын әлеуметтік тақырыпқа арнадық, – дейді мектеп директоры Әсел Бейсембинова.

Айта кетейік, Astana HUB пен Ұлттық зияткерлік меншік институтының қолдауы­мен ұйымдастырылған байқаудың финал­дық қатысушылары интерактивті сессиялар мен шеберлік сағаттарына, STEM-білім, бағдарламалау, авторлық құқық, биотехнология, фармакология, бала­малы энергия көздері, сондай-ақ бүгінгі заманның басты басымдықтарына арналған дәрістерге қатысты. Мәселен, криминалистикадағы заманауи химиялық талдау әдістеріне арнал­ған «Шерлок Холмс­тың ұрпақтары» атты жоспар­лы ше­бер­лік сағаты үлкен қызы­ғушылық тудырды.

Сондай-ақ NIS халықаралық бакалавриат мектебінің оқушылары ұсынған TazaLike жобасы әділ-қазылар алқасының көңілінен шықты. Бұл жоба қалалардағы қай аумақтың көбірек қоқыстанғанын анықтайтын қосымша. Оны танымал ойын маркеттерінен жүктеп алуға болады.

Үздік жобаларымен көзге түскен қаты­сушыларға Қазақстан-Британ техни­калық университетінің, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ универ­ситеті мен Шах­мардан Есенов атындағы Кас­пий мем­лекеттік технологиялар және инжи­ни­ринг университетінің гранттары табыс етілді.