Аймақтар • 12 Маусым, 2022

Тұз өндірісі тұралап тұр

428 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Успен ауданы – «сен тимесең, мен тиме» деп тыныш жатқан өңір. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығымен айналысып, табиғи өнімнен нәпақа айырып отыр. Атағы республикаға жайылған «Галицкое» серіктестігі де осы ауданда орын тепкен. Успен десе, жұрттың аузында аталған шаруашылық қатар жүреді. Ал Кеңес дәуірінде Тобылжан көліндегі тұз өндірісі дүркіреп тұрған-ды. Қазіргі ахуалы қандай?

Тұз өндірісі тұралап тұр

Тоз-тозы шыққан Тобылжан

Иә, бертінге дейін дүркіреген өнді­рістің қазір дүрсілі де естіл­мейді. Кезінде көлден жиналған тұз Ресейдің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, зор сұранысқа ие болған. Өнеркәсіптің өркендегені соншалық, облыс аумағындағы теміржол мен тасжолдардың салынуына жол ашылыпты. Тұрақты жұмыс болғандықтан жыл сайы­н Тобылжан ауылының халқы ар­та түскен. Сауда байланысы ны­ғайып, жергілікті тұрғындардың тұр­мысы да, ауданның экономи­касы да жақсарғанын көнекөз қариялардың аузынан естідік.

Бірден айтайық, бұл – ас тұзы емес. Техникалық тұз ретінде пайдаға жарайды. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1927 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық экспедициясы Үл­кен және Кіші Тобылжан көл­де­рінде барлау жұмыстарын жүр­гізіп, үлкен көлдегі тұз қоры 2,7 млн тонна екенін анықтапты. Ал Кіші Тобылжандағы қор 1,86 млн тоннаны құраған. Міне, осыдан кейін үнсіздік жайлаған өңірде тұз өндірісі қолға алына бастады. Әу баста өнім Ресей өңірлеріне ат арбамен жеткізілген. Кейінгі жылдары тасжол мен теміржолдың салынғанын жоғарыда жаздық.

Ұлы Отан соғысы жылдары Тобылжанның тұзы қорғаныс саласында қолданылған екен. Соғыс аяқталғаннан кейін Қиыр Шығыс елдеріне дейін жөнелтіле бастапты. Тұз өндіру орнының бұрынғы басшысы Тофик Нуруллаев өндірістің қайта жандануы маңызды шаруа екенін айтты.

– Біздің ауылда кәсіптің басқа түрін игеру, жаңа бағыттарға бет бұру оңай емес. Себебі оған қолайлы жағдай жоқ. Қазір жердің тапшылығы салдарынан мал, өсімдік шаруашылығын бастау тіпті қиын. Ауыл тұрғындарының басты күнкөрісі осы тұз өндірісі еді. Бұл істің қыр-сырын білетін кәсіби мамандар жетерлік. Өкінішке қарай, қордың сарқылуына байланысты бүгінде өңдеу, өндіру жұмыстары тоқтап тұр. Оны қайтадан бастау елді мекеннің өміріне қан жүгіртер еді, – дейді Т.Нуруллаев.

Шынымен де, кезінде Тобыл­жан ауылында 3 мың адам қоныс тепсе, қазір бар-жоғы 500 тұрғын тіркелген. Бұған өнеркәсіптің тұра­лап қалуы бірден-бір себеп. Салдарынан екі қолға бір кү­рек іздеген азаматтар жаппай қа­ла­ға ағылған. Жұмыссыздардың дені ішімдікке салынып, отбасы­ларының берекесі қашқан. Міне, бір кәсіпорынның тұралап қалуы тұтас ауылдың тұрмысына кері әсерін тигізіп отыр.

Өндіріс екінші «өмірін» бастай ма?

Тобылжан ауылының тұр­ғындары өнеркәсіптің қайта жан­дануы жайлы жиі айтады. Әкім­дердің есептік кездесулерінде осы проблемадан басқа ештеңе көте­рілмейді десе де болады. Жақында облыс әкімі Әбілқайыр Сқа­қов атал­ған ауылға ат басын бұрған еді. Жергілікті ха­лық көздерінен жас шығып, көкей­дегісін айтты.

Ауыл тұрғыны Сәкен Рахым­жанов елді мекенде тұрақты жұ­мыс болуы үшін жыл он екі ай жұмыс істейтін өндіріс орнын салу керек деген ойын ортаға салды.

– Осыдан төрт жыл бұрын Тобылжан көлінен тұз алу ісін уақытша тоқтатып қойды. Мұны қордың сарқылуымен байла­ныс­тырды. Бірақ жергілікті жұртшылық тұздың жеткілікті екенін жақсы біледі. Сондықтан тәуелсіз сараптама жасалып, қор­дың бары расталып, жұмыстың қайта жанданғаны жөн деп санаймыз. Екіншіден, маусымдық жұмыс мәселелердің барлығын түбегейлі шешіп бермейді. Тұзды алудан бөлек, оны өңдейтін арнайы кәсіпорын ашу керек. Кейін оны сатылымға шығаруға барлық мүмкіндік бар. Айталық, теміржол, автомобиль жолы мен шекара жақын. Сол кезде Тобылжан Ус­пен ауданы дамуының локомо­тивіне айналады. Тұз өндірісі тұр­ғындарға тұрақты табыс бере­тінін естен шығармаған жөн, – дейді С.Рахымжанов.

Аймақ басшысы бұл мәселеден хабардар екенін жеткізді.

– Кезінде мұнда 1 900-ден ас­там адам еңбек етіп, 2 млн тонна тұз өндірілетін еді. Өкінішке қарай, бүгінде бұл істің барлығы тұралап, өнімді сырттан сатып алатын болдық. Бұл ретте пайдалы қазбаны алу жұмыстарын Кіші Тобылжаннан бастаған дұрыс болар. Сондай-ақ жұмыс жүргізетін инвесторлармен тұрғындарды тұрақ­ты жұмыспен қамту мәселесі бо­йынша меморандум жасаған жөн, – деді Ә.Сқақов.

Жоба жолда қалмаса екен...

Успен ауданының әкімдігіне хабарласқанымызда, ондағылар сәуір айының аяғында кіші Тобыл­жан көліндегі тау-кен жұмыс­тарының жобасы бойынша қо­ғамдық тыңдаулар өткізгенін хабарлады. Тыңдауларға облыстық жер қойнауын пайдалану, қор­шаған орта және су ресурс­тары басқармасының, «Қазтұз» және «Еуразия ЭкоПроект» ЖШС өкілдері қатысқан.

Жобаны жасаған «Еуразия Экопроект» ЖШС басшысы Қар­лығаш Төлебекованың айтуынша, Тобылжаннан тұз алу туралы келісімшарт 2031 жылға дейін жасалады.

– Тұз алу жұмысының тұр­ғындардың денсаулығы мен эко­логиялық жүйеге кері әсері жоқ. Керісінше, бастапқы ке­зеңде 21 жаңа жұмыс орны ашы­лып, ауылдың әлеуметтік-экономи­калық жағдайы жақсарады. Қауіп тудыратын зиянды қалдықтар да шығарылмайды. Тұрмыстық қалдықтар ғана жиналуы мүмкін, ол бірден арнайы белгіленген орындарға шығарылады, – дейді Қ.Төлебекова.

Аудан басшысы Николай Дычко «Қазтұз» кәсіпорнының То­былжанды игеруге қатысты жоспары ауқымды екенін айтты.

– Инвестор әлеуметтік жауап­кершілікке атүсті қарамауға уәде беріп отыр. Демек елді мекеннің қоғамдық өміріне де белсене араласып, демеушілік көмек көрсетеді. Жоба сәтті жүзеге асса, кейін тұз­ды терең өңдеу жұмыстары да жал­ғасын табатынына сенім мол, – дейді аудан басшысы.

Белгілі болғандай, инвестор осы жылдың шілде айында-ақ Тобылжандағы тұз өндірісін қайта жандандыруға ниетті. Осылайша, тұрғындар жұмыспен қамтылып, ауыл өміріне қан жүгіреді деген сенім мол. Жоба алаулатып, жалаулатып ашылып, көп уа­қыт өтпей жабылып қалатын кәсіп­орындардың бірі болмаса екен.

 

Павлодар облысы,

Успен ауданы