Қоғам • 13 Маусым, 2022

Он екі жастағы баланы ит талап, жазым етті

530 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

9 маусым күні Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын үй алабындағы салынып жатқан құрылыс алаңынан түнгі сағат 12-де баланың мәйітін тапқан осы аумақтың күзетшісі полицияға қоңырау шалған. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Ардана Саймағамбетовтың айтуынша, баланың «көп қан жоғалтып, басы, денесі, қолы мен аяғында жұлынған жарақаттары түрінде зорлықпен өлу дерегі бар» екендігі анықталған. Былайша айтқанда, денесінің сау-тамтығы қалмаған, ит талаған. Сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды.

Он екі жастағы баланы ит талап, жазым етті

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бұл осы шағын аудандағы №60 мектептің 5-сынып оқушысы Мадияр Шәкірат еді. Ол әдеттегідей кешкі сағат 19:00-де балалармен ойнауға көшеге шыққан. Ит талаған кез түнгі сағат 21:00 шамасы. Жазым болған бала құрылыс алаңына қалай келді? Бірге ойнаған балалар қайда? Иттер қоршап, талап жатқанда қасында ешкім болмады ма? Осы сұрақтар тергеу барысында анықталатын болар. Баланы бірнеше ит талауы да мүмкін. Денесінің сау тамтығын қалдырмаған ашулы алабай тұқымдас ит болуы да ықтимал.

Немересінің өліміне байланысты әжесі: «Ит атуға рұқсат берілмейді» деген заң шығарған адамға лағынет айтамын. Ит иесі табылсын. Шара қолданылсын. Қала ішінде, үй арасында жүрген иттерге шара қолданбаған­дар да жауапқа тартылсын. Себебі Ақтөбеде бірнеше рет қаңғыбас иттер адамға шауып, балаларды талап тастады. Немеремнің сондай зәбір көріп, екі көзі жәудіреп, көмек болмай қиналып кеткеніне жүрегім қан жылап тұр. Бұл заманда адамның жаны қадірсіз, ит қымбат болып тұр», деді жылап тұрып. Ал атасының баланың денесін көруге жүрегі де шыдамаған.

Қайғылы оқиғаның ертеңіне тіл­шілермен кездескен облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов осы салаға жауапты тұлға ретінде қызметінен кетуге даяр екенін мәлімдеді. Ол: «Қаңғыбас иттер көбеймесе, азаймай тұр. Әр адам өз жұмысына жауап­ты болуы керек еді. Болған оқиғаға облыс әкімінің орынбасары ретінде мен де жауаптымын. Облыстық ветеринария басқармасы, қалалық ветеринария қызметі, ондағы мамандар да жауапты», деді.

Нұр-Ақтөбе шағын ауданы – қаланың шеткі бөлігі. Бұл жақта қоқыс алаңдарын тіміскілеп, көшелерде емін-еркін, топ-тобымен өріп жүретін аш, ауру, ызалы қаңғыбас иттер өте көп. Осыдан бір жарым ай бұрын мектептен жалғыз өзі қайтып келе жатқан мектеп оқушысын бір үйір ит қоршағанын көріп қалған әйел оны арашалап қалды. Бірақ жасөспірім ауруханада біраз емделсе де, беті мен құлағына ит салған жарақат жазылған жоқ, ота жасалмаса, тыртығы кетпейді. Оған оқушының күндізгі уақытта болған осы оқиғадан қорқып қалғанын тағы қосыңыз. Есет батыр тұрғын үй алабының тұрғындары босып жүрген иттерді не қамаңдар, не көзін құртыңдар деп бірнеше рет талап қойса да, осы уақытқа дейін еш шара қолға алынбады.

Қыс мезгілінен бастап Ақтөбе қала­сының көшелерінде қаңғыбас иттер өріп жүр. Өйткені не күзде, не көктемде жылдағыдай ит ауланбайды. Оған себеп 2021 жылдың 30 желтоқсанында Парламент қабырғасында қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңы. Осы заңның қағидалары бойынша ендігі жерде қаңғыбас иттер мен мысықтарды өлтіруге рұқсат етілмейді. Иесіз жануарды уақытша ұстау орталықтары мен арнаулы орындарда асырап, бағу керек. Қаңғыбас иттер құқығын қорғайтын волонтерлер көшеде ит аулағандарды көріп қалса дереу прокуратураға арызданады. Сол себепті қалада көктемнен бастап қаңғыбас ит басы үш есеге көбейіп кетті. Оған жергілікті биліктің қаперсіздігін тағы қосыңыз.

Ақтөбе облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы Ардана Саймағамбетовтың хабарлауынша, биылғы наурыздан бастап қаланың Алматы ауданы аумағынан қаңғыбас иттерге байланысты 14 хабарлама түскен. Бұл – баланы ит талап өлтірген аудан аумағы. Қаладағы учаскелік полицейлер иттерін қараусыз көшеге жіберген 600 тұрғынды әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салған.

Мадиярды ит талаған күннің ертеңіне қаңғыбас иттерді ататын бригадалар жасақталып жатқаны мәлім болды. Осыншама уақыт бойы тұрғындардың шағымына құлақ аспаған қала әкімдігі мен қалалық ветеринария қызметінің қозғалуы үшін жас баланың итке таланып өлуі керек пе еді?!

«Жануарларға жауапкершілік­пен қарау туралы» заңы Әділет ми­нистр­лігінде биылғы мамырдың соңын­да ғана тіркеуден өтті. Енді осы заң­ның нормативтік-құқықтық акті­лері 18-шілдеде қолданысқа енеді. Нор­мативтік актілерде жануарларды аулау, оларды бағып-қағатын арнайы орындар құру, қызметкерлер тарту және қаңғыбас иттер мен мысықтарды та­мақ­тандыру мәселелері қамтылуға тиіс болатын. Жақсығали Иманқұловтың айтуынша, жергілікті биліктің қолын байлап отырған да осы қаржы мәселесі. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның нормативтік құжаттары 18-шілдеде тіркеуден өткеннен кейін ғана қолданысқа енеді. Сол уақыттан бастап қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, күтіп-бағатын қызмет түрлері­не жол ашылады. Биылғы жылдың басында жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 42 млн теңге бөлінгенімен, бюджеттік кодексте арнайы санат ен­гізілмегендіктен, қаржы қозғаусыз тұр. Бюджеттік санатқа енгізіліп, есепшоттар ашылған соң осы жұмыстармен айналысатын қоғамдық ұйымдар арқылы қаңғыбас иттерді қабылдайтын орындар құрылмақ. Ауланған жануарлар арнайы бекітілген орындарда ұсталып, оларды вакциналау және стерилизация­лау жұмыстары жүргізіледі. Уақытша ұстау пункттерінде 12 күн тұрған соң адамдарға қауіп төндірмейтіндей болса еркіндікке жіберіледі. Бүгінде қаңғыбас иттер қауіп төндіргенде тұрғындар өз учаскелік полицейіне шағым түсіреді. Инспектор ветеринар маман арқылы итті атуға рұқсат алады. Міне, осыдан көрініп тұрғандай бір иттің соңынан қаншама жүгіруге тура келеді.

Қазір орталық көшелерді еркін аралап жүрген иесіз иттердің дәл санын ешкім білмейді. Ал қала төңірегінде топталып жүргендер тіпті жайылып жүрген малға да шаба бастады. Көктемде қаңғыбас иттер саны бірнеше есе артқанын ескерсек, қала көшелерінде мыңнан астам ит босып жүр деп айтуға болады. Жазда саяжай маусымы басталғанда қаңғыбас иттердің саны азаяды. Бұл кезде бау-бақша иелері саяжайларын күзетуге алып кетеді де, күзде оны қайтадан қақ­па­дан шығарып жібереді.

Он екі жастағы Мадиярдың өлімі көше бойында топ-топ болып иттердің жалғыз-жарым балаларды аңдып жүре­тінін де көрсетті. Оны талап өлтір­ген қаңғыбас төбеттер ме, әлде қожайыны еркіндікке жіберген алабай тұқым­дас ашулы ит пе, ол жағы әзір белгісіз. Баланың өліміне себепші болған иттің иесі табылып, лайықты жазасын алуға тиіс.

Ең негізгі мәселе – «Жануарларды күтіп ұстау туралы» заңды қолданыстан алып тастаған жөн. Бұл Мәжіліс депу­таттарының құзыретіндегі мәселе. Жан-жақты талқылаусыз, асығыстықпен өте қысқа мерзімде қабылданған заңның қандай қасіретке әкелгенін ең бірінші кезекте Мәжіліс депутаттары сезінуге тиіс.

 

Ақтөбе облысы