Жоқ іздеп кетіп бара жатқанмын. Күз мезгілі. Жазық дала. Астымда жарау ат. Жүріске салып келемін. Барар жерім ұзақтау, әлі кем дегенде үш сағаттай жүру керек. Ішім пысып келеді.
Айнала жым-жырт. Даланың әншейінде өріп жүретін боз торғайының өзі сараң көзге түседі. Айналаға жіті қарап келемін. Кенет бір жырадан түлкінің басы қылтиып көзіме шалынып қалмасы бар ма. Құла түзде астында жарау аты бар кез келген адам аң көрсе сілкініп, делбесі қозып шыға келмей ме. Мен де сөйттім. Оның үстіне күздің күні әбден қоңданған, жүні қызарып жылтыраған түлкіні ұрып алып, үйге олжалы қайтатын болдым деген ой да меңдеп, тынышымды алды. «Даланың қызыл түлкісін ұрып алдым» деп ауылға шіреніп бару кімге болса да абырой емес пе?
Аттың төс тартпасын тартып, ер үстінде жинақталып, таспадан шымыр өрілген ұзын өрімді қамшымның сабын қолға қыса ұстап алдым. Түлкі өзінің көзге түсіп қалғанын сезген болар, жырадан қайта бас қылтитпады. Меніңше, жыраны тасалап бір жағына қарай жылыстап барады. Мен де оны аңғарған бойда аттан салып қуа жөнелмей, оны көрмеген сыңай танытып, сондай-ақ дұшпандығымды жасау үшін дайындалып жатқанымды білдірмегенсіп әрекет еттім.
Әбден дайындалып алған соң аттың басын әлгі жыраға бұрдым. Түлкінің басы қылтиған тұсқа келіп із қарадым әрі айналаны жіті шолдым. Ештеңе көрінбейді. Әрі көз тастаймын, бері көз тастаймын, әлгі түлкі ізім-ғайым жоқ. Сабыр сақтап, айналаға көз тастап тұра бердім. Кенет, оң жақ тұсымнан бір нәрсе қылаң ете қалды. Сол жаққа қадала қарап едім, әлгі түлкі жыраның жазыққа ұласар тұсындағы бір шоғыр баялышқа жасырынбаққа жүгіріп бара жатыр екен. Оған дейін бой жасырған жерінде көзге түсіп қалармын, ал мына баялышқа жетіп алсам ешкім көрмес деп ойласа керек. Енді маған не тұрыс? Аттың тізгінін жіберіп қалдым. Өзіне қарай тіке шапқан аттылыны көрген түлкі көзге түсіп қалғанын білді де, амалсыздан жазыққа шығып алып қаша жөнелді. Түлкі қайбір жүйрік аң дейсің? Шама-шарқынша зымырап барады. Жарау атпен әп-сәтте жетіп алдым. Екпіндеп түлкіге жақындап қалғанымда анау кілт тоқтай қалды. Қара бұлттай төніп келген мен екпіндеген бойы аулаққа өте шықтым. Қатты шабысты аттың кілт тоқтарлық шамасы жоқ. Қайта айналып келемін дегенше біраз уақыт кетті. Осы аралықта түлкі демалып алды да өз бағытын өзгертпестен алға қарай жүгірді. Дәл осы сәттен түлкінің мені ақымақ етуі басталды. Өйткені осындай көрініс қайталана берді. Түлкі ештеңеден ұтылып жатқан жоқ. Мен жетіп келемін, ол кілт тоқтап қалады. Мен адыраңдап қайта бұрылып келемін дегенше тынысын алып алады. Өзіне қайта жақындап қалғанымда өз бағытымен қайта жүгіреді, жетіп қалсам, тағы да кілт тоқтап мені аулаққа өткізіп жібереді. Сөйтіп, «әні ұрып аламын, міне ұрып аламын» деп жалған сенімнің айтағымен жүріп әлгі нәтижесіз шабуыл-көрініс түске дейін, өзім де, атым да әбден болдырғанша жалғасты.
«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ». Өзіне бір рет болса да дұрыстап қамшы сілтетпей түлкі жайына кетті. Қалыңдау өскен баялыштың арасына еніп көзден таса болды. Мен өзімнің ақымақ болып қалғанымды әбден ентігімді басып, баяғы жұлқынысы далада қалған атымның шаршаңқы көзіне қарап отырып бір-ақ білдім. Күні бүгінге дейін осы іс-әрекетімді ойласам, бетімнің ұшы қызарып шыға келеді. Қызыл терісі көзді арбаған түлкіні ұрып алып, ауылға жеңіспен оралған жауынгердей кіремін деген арман бос қиялға айналды. Сүмірейіп, өз бағытыммен кете бардым. «Түлкі бұлаң» деген осы деп қоямын. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген сөз еске түсті. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Сол түлкі – мына құбылмалы заман, шапаным жалп-жалп етіп, айдалада ауа қармап қалған өзімді қазақ қоғамы секілді көремін. Неге солай ойлайды екенмін?.. Жарайды, мен әлгі түлкі қулығының құрбаны болғанымды сол сәтте түсініп, босқа далаңдаудан тыйылдым. Ал біздің қоғам өзі ұстамақ болып жүрген «түлкісін» мақсатсыз әлі қуып жүр не оны ұстаудан үмітін үзіп қойған секілді. Сіз қалай ойлайсыз?