Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Рас, соңғы жылдары Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарындағы құқықтық білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру мақсатында көп жұмыс атқарды. Алдымен осы саладағы білім беру бағдарламаларына қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді. Қазір оқу процесіндегі практик оқытушылардың үлесі артып, құқық саласында маман даярлау үшін 3 түрлі білім беру бағдарламасының болуы талап етілуде. Министрліктің заңгерлер қауымдастығына өз кәсіби стандарттарын қалыптастыру туралы ұсыныс айтқанына да біраз жыл болды. Оның үстіне биылдан бастап заңгер мамандығына оқуға түсу үшін қажетті шекті балл да көтерілді. Енді заң факультетіне оқуға түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуден бұрынғыдай 50 балл алу жетпейді, кемі 75 балл жинау керек.
Алайда біліктілік талаптарын күшейтіп, шекті балды көтеру осы саладағы ең басты мәселе – білім беру бағдарламаларының сапасына оң ықпалын тигізе қояры екіталай. Бұл шара тек мамандыққа деген сұранысты азайтып, соған сәйкес заң факультеттерінің санын реттемек. Сонда мәселенің түйіні қайда жатыр?
Бірінші түйін – құқық саласындағы оқыту бағдарламаларының мазмұнында. Заңнамасы, әділет жүйесі ортақ мемлекетте заңгер даярлаудың бағдарламасы да бірыңғай болуы керек. Мазмұнына үңіліп қарасақ, негізі бізде де солай. Заңгер даярлайтын әр университетте түрлі атаумен 3 бағдарлама болғанымен, барлығының мазмұны бір – әйгілі Рим құқығы шыққан дәуірден келе жатқан жария құқық пен жеке құқық. Мәселе шешімін табуы үшін еліміздегі практик заңгерлер қауымдастығы мен құқық факультеттері заманға қажет заңгердің кәсіби стандарттарын анықтауы, ал ғалымдар сол стандартқа сай оқу бағдарламасын қалыптастыруды қолға алуы керек.
Екінші түйін – елімізде оқытылып жатқан құқықтық білім беру бағдарламаларының басым бөлігінде жария және жеке құқықтық пәндердің тепе-теңдігі сақталмайды. Баршаға мәлім, ішіне біздің ел де кіретін әйгілі «роман-герман» құқық жүйесін ойлап тапқан римдіктер құқық білімін жария құқық және жеке құқық деп екі бағытқа бөліп қараған. Кеңестік дәуірден келе жатқан үрдістің жалғасы ретінде қазір біздің елде және бұрынғы кеңестік елдерде заңгерлердің 90% жария құқық саласында маманданған. Өйткені сол кездегі заман мен қоғамның, қала берді партияның талабы сондай еді. Заңгер дегенде бірден қылмыстық құқықпен айналысатын, құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлері еске түсетін. Құқық саласы бойынша ғылым докторы, кандидаттардың басым бөлігі диссертацияларын сол кезде беделді деп саналатын жария құқықтық бағытқа кіретін – қылмыстық құқық, қылмыстық процесс, мемлекет және құқық теориясы, мемлекет және құқық тарихы сияқты идеологиялық сипаты басым салаларда қорғаған. Сондықтан заң факультеттерінде мықты ғылыми мектептер де осы салаларда қалыптасты.
Тәуелсіз ел атанып, жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшкен кезде қоғаммен бірге құқық салаларындағы басымдылықтар мен қажеттіліктер өзгерді. Азаматтық құқық экономикалық қатынастың төріне шықты. Елге, қоғамға, бизнеске енді қылмыстық құқық пен құқық теориясының маманы емес, керісінше жеке құқықты, азаматтық құқықты жетік білетін, келісімшартпен жұмыс істейтін, сотта өкіл бола алатын, жылжымайтын мүлік, мұрагерлік, қаржы, құрылыс, тұрғын үй қатынастары, заңды тұлғалардың құқықтық жүйесіне жүйрік мамандар қажет болды. Бұл сала кенже қалғандықтан маман тапшылығы туындады. Қазір де жағдай көп өзгере қойған жоқ.
Сонымен қатар заң факультеттеріндегі оқытушылардың басым бөлігі қылмыстық құқық пен теоретиктер немесе жалпы жария құқықтық саланың мамандары екені белгілі. Ал бұл мамандардың құрастырып, оқытатын білім беру бағдарламалары нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуі мүмкін бе? Уақыт талабына сай бағдарлама жасағанның өзінде ол пәндерді өз маманы емес, басқа сала маманы жүргізсе, одан нәтиже шыға ма? Проблеманың басты түйіні міне осында.
Үшінші түйін – тіл мәселесі. Онсыз да елімізде саны аз азаматтық құқық мамандарының 90 пайызы орыстілді. Атақты цивилист ғалымдарымыз көбінесе Ресей доктринасымен сусындайды, шәкірттері де тек сол жақтан нәр алып, сол елдің ғалымдарын негізге алады. Ал Жаңа Қазақстанға Ресей доктринасынан тәуелсіз, таза Еуропа құқық мектептерін (тіпті common law жүйесіне кіретін Ұлыбритания, АҚШ та емес) негізге алып, жұмыс істей алатын, мемлекеттік тілге жетік заңгерлерден құралған өз мектебі қажет. Құқық тілі қазақша қалыптасуы үшін әділет жүйесі, соттар, заң шығарушы билік, құқық ғылымы таза мемлекеттік тілде сөйлеуі қажет.
Бізде заңдар алдымен орысша жазылып, қазақшаға кейін аударылатыны баршаға мәлім. Аудармадан туындаған қателер қомақты бір мақалаға жүк боларлықтай. Ең қиыны бұл олқылықтар азаматтарымыздың құқықтарын шектеп қана қоймай, күн санап көбейіп келе жатқан қазақтілді аудиторияның наразылығын тудыруда. Біріншіден, аударма заң қарапайым азаматтарды былай қойғанда кәсіби заңгер мамандардың өзіне түсініксіз. Екіншіден, түсініксіз заңмен жұмыс істеу қолайсыз болғандықтан тергеу амалдары, сот процесі орыс тілінде жүргізіледі. Мемлекеттік тілде жұмыс істей алатын кадр тапшылығынан орысша жетік білмейтін, тіпті түсінбейтін азаматтардың сот процесі орысша өтуде, осылайша, олардың конституциялық құқықтары шектелуде. Ең бастысы, бұл олқылықтар заң факультеттеріндегі қазақша топтарда оқитын студенттердің білім сапасына кері әсерін тигізуде. Заң тілін түсінбей қиналған студенттер көп жағдайда орыс топтарына ауысып жатады. Сондықтан студент саны көп қазақ тобына қарағанда саны аз болса да түсінікті заңнама, сапалы жазылған кітаппен оқыған орыс топтары түлектерінің білімі де, жұмысқа орналасу деңгейі де әлдеқайда жоғары. Бұл мәселе тез арада реттеліп, қажетті жағдай жасалмаса кейіннен күрделі әлеуметтік проблемаларға түрткі болуы ықтимал.
Еліміздегі демографиялық жағдай назарға алынса, қазақтілді аудиторияның жыл сайын еселеп көбейетіні белгілі. Ал әділет жүйесі, соттар, прокуратура, құқық қорғау органдары, заң факультеттері бұл толқынға қаншалықты дайын? Кітап дүкендеріне кіріп, құқықтық әдебиет бөліміне қарасаңыз қазақша кітап табу қиын. Бар кітаптың басым бөлігі орысша, дені ресейлік заңгер ғалымдардың еңбектері.
Сол себепті қазіргі таңда мемлекетіміздегі құқық саласының басты мәселелерінің бірі – қазақтілді заңгерлердің (оның ішінде, әсіресе азаматтық құқық мамандарының) санын көбейту, сапасын арттыру болып отыр. Өйткені бұл қазіргі заманның талабы, қоғамның қажеті.
Жоғарыда аталған түйіндерді шешу мақсатында ешкімге жалтақтамайтын тәуелсіз қазақстандық құқық мектебінің негізін қалау үшін тікелей Мемлекет басшысына бағынатын «Жеке құқықты зерттеу институтын» құруды ұсынамыз. Бұған мысал ретінде Ресей президентіне қарасты «Жеке құқық зерттеу орталығын» алуға болады. Ресейліктер жеке құқықтың маңызын, нарықтық қатынастарға көшуде заңнама жүйесінде туындайтын проблемаларды шешу жолдарын ерте болжап, осындай институтты 1991 жылы құрып тастаған.
Бұл орталықтың басты мақсаты – мемлекеттегі заңнаманы жаңа экономикалық қатынастарға сәйкестендіру. Орталық Ресейдің жаңа азаматтық кодексін, яғни мемлекеттің экономикалық конституциясын әзірледі. Біздің Қазақстанның Азаматтық кодексінің негізінде де осы орталық дайындаған үлгі азаматтық кодекс жатқаны құпия емес. Орталық осымен қатар Ресейдің азаматтық заңнамасын жетілдіру бағытында басқа да көптеген жоба бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді.
Тікелей Мемлекет басшысының қадағалауында болатын «Жеке құқықты зерттеу институты» қандай міндеттер атқаруға тиіс?
Бірінші міндет – еуропалық цивилистика мектептерінің дәстүрін негізге ала отырып, мемлекеттік тілде жұмыс істейтін қазақстандық цивилистика мектебін қалыптастыру.
Екінші міндет – мемлекетіміздегі заң шығару процесін қазақыландыру. Әрбір азамат өз тілінде, жүйелі де түсінікті жазылған заңдармен өмір сүруге құқылы. Ол үшін алдымен қазіргі қолданыстағы заңнамалық актілерге ғылыми сараптама жасап, қазақша және орысша нұсқа арасындағы аутентикалық ауытқуларды және терминологиялық қателерді ретке келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Осылайша, қазақша құқық тілі біртіндеп бір жүйеге келмек.
Үшінші міндет – әділет жүйесін (сот, прокуратура, әділет) қазақша сөйлету. Осы мақсатта (орысша аудармадан тәуелсіз) практикалық, ықшам да ыңғайлы, филологтердің қатаң талаптарынан ада қазақша құқық тілінің стандартын қалыптастыру керек. Заң шығарушы билік, заң факультеттері, ғылыми орта және әділет жүйесінде осы тілдің біркелкі қолданысын жолға қою үшін даму жоспарын жасау, насихаттау және бұл процеске жүйелі түрде қолдау көрсету.
Төртінші міндет – еліміздің азаматтық заңнамасының проблемаларын шешу мақсатында Мәжіліске ғылыми негізделген ұсыныстар дайындау. Сонымен қатар заң факультеттерінің азаматтық құқықтық бағыттағы академиялық және ғылыми зерттеу жұмыстарын дамыту мақсатында жүйелі қолдау көрсету.
Бесінші міндет – нарықтық қатынастарды, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында азаматтық құқық саласында түбегейлі реформа жасау, Азаматтық кодекске нарықтың, бизнестің ыңғайына сәйкес өзгерістер енгізу. Азаматтық құқықтың монистік жүйесінен бас тартып, азаматтық құқықтың ішінен – сауда, банк, бағалы қағаздар, корпоративтік құқықтар сияқты бағыттарды бөліп шығарып, өз алдына дербес құқық саласы ретінде қалыптастыру.
Алтыншы міндет – азаматтық құқық саласындағы немесе осы саламен байланысты кез келген заң жобаларына және олардың тұжырымдамаларына сараптама жүргізу.
Жетінші міндет – Түркі мемлекеттерінің одағы және Орта Азия елдерінің одағы ұйымдарының шеңберінде азаматтық заңнаманы дамыту және унификациялау тұрғысынан ғылыми зерттеулер жасап, заңнамалардың біркелкілігін қамтамасыз ету тұрғысында жұмыстар атқару.
Әрине, заң факультеттерінде, ғылыми ортада кеңестік кезеңнен бастау алып қалыптасқан, қазіргі заман талабына кереғар болса да үстемдігі жалғасып келе жатқан ой-пікірлер мен практиканың бір сәтте өзгеруі қиын. Бірақ бұл мәселелер ғылыми ортада, қоғамда айтылып, жазылып, талқылануы керек. Әсіресе, диалог пен мәміленің жоғары мәдениетін қалыптастыруды мақсат тұтқан Жаңа Қазақстанда. Өйткені әр азаматы ойындағысын еркін айта алатын қоғамда ғана халықтың жасампаздық әлеуеті артып, өмірдің барлық саласы дамып, гүлденетіні анық.
Марат АХМАДИ,
заңгер, PhD