Аймақтар • 14 Маусым, 2022

Алпыс бесінші баспалдақ

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңселі Екібастұз қаласы 65 жылдығын дүркіретіп атап өтті. Еліміздің отын-энергетика кешенінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан көмірлі шаһардың соңғы жылдары ажары келісе түскен. «Таза қала» деген атағы бұрыннан бар. Ендігі жерде моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде Екібастұз дамудың даңғыл жолына түсіп, ел экономикасының өркендеуіне атсалысады деген сенім басым.

Алпыс бесінші баспалдақ

Тарихи құжаттарға көз жүгіртсек, Екібастұз қаласының іргетасы 1957 жылы қаланыпты. «Елу жылда – ел жаңа» демек­ші, содан бері әр салада сатылай дамудың көрінісі көп. Бүгінде Екібастұз – еліміздің энергетикалық орталығы. Мұнда бүкіл Қазақстандағы энергияның 40 пайызы өндіріледі. Көмірлі шаһардағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 стансалары Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің сол­түстік және оңтүстік аймағының не­гіз­гі энергия көздері болып саналады. Атал­ған стансалар әлдеқалай «түшкірер» болса, өзге нысандардың «тұмауратып» қалатыны да сондықтан.

Шырайлы шаһар басқа қырымен де та­нылмақ ниетте. Қала әкімі Ардақ Қаң­тарбаев жағымды жаңалықтармен бөлісті.

– «Проммашкомплект» компаниялар тобы «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның доңғалақ жұптарына деген барлық қажеттігін қам­тамасыз етеді. Сонымен қатар қуат­тылығы жы­­лына 240 мың тонна ферросилиций шығаруға мүмкіндік беретін жаңа ферро­қорытпа зауытының құрылысы бас­талды. Сондықтан жақын арада Екібас­тұз металлургтер қаласына да айналады, – деді әкім.

Шаһардың 65 жылдығын тойлау жыл басынан басталып кетті. Бұған дейін жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, өзге де нысандар ашылған еді. Тойдың қызығы ипподром аумағында және «Шахтер» демалыс саябағында жалғасын тапты. Ипподром аумағында көкпардан об­лыстық турнирдің финалы өтiп, тұр­ғындар тұлпарға тақым қысқан атбегі­лердің өнерін тамашалады. Дүбірлі до­даға Баянауыл, Май, Ақтоғай аудандарынан және Екібастұз өңірінен 9 команда қатысты. Нәтижесінде, 1-орынды Ақкөл ауылының «Сайфуллах» командасы, 2-орынды Май ауданының «Саты» командасы және 3-орынды Май ауданының «Ақшиман» командасы ие­ленді.

п

«Шахтер» мәдениет және демалыс саябағында өткен мерекелік концертке келген қала тұрғындары Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт», Иса Байзақов атындағы облыстық филармония, джаз оркестрі және басқа да шығармашылық ұжымдардың өнеріне тәнті болды. Мың бұралып билеген хореографиялық топтар, балалар көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілері қала тұрғындары мен қонақ­тарына бірегей сән үлгілерін көр­сетті.

«Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен «Өнер» қалалық мәде­ниет сарайында «Жыр арқауы – Екі­бастұз!» атты республикалық ақын­дар ай­тысы өтті. Жыр додасына елімізге танымал 12 ақын қатысып, бақ сынады. Аузымен құс тістеген жыр жампоздары қаланың жетістігі мен жеңі­сін жырлай отырып, халықтың жағ­дайын, елдегі ахуалды да тілге тиек етті. Қазыналы өнерге төрелік еткен қазылар алқасының шешімімен 1 млн теңгелік бас жүлдені Алматы облысынан келген ақын Рүстем Қайыртай еншіледі. Бірінші орын Ер­кебұлан Қайназаровқа (Түркістан облысы – 800 мың теңге), екінші орын Аспанбек Шұғатаевқа (Баян­ауыл ауданы – 600 мың теңге), үшін­ші орын Рауан Қайдаров (Екібастұз қаласы – 400 мың теңге) бұйырды.

о

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы