Мәселен, былтыр Қостанай облысында шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік гранттарға 60 млн теңге бөлінсе, биыл бұл сома 80 млн теңгеге жеткен.
– Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында биыл мемлекет гранттарына үміткерлерден 302 өтінім келіп түсті. Жаңа кәсіп бастап жатқандар арасындағы бәсеке жоғары болғандықтан, конкурстық комиссияға грант иелерін анықтау оңай болған жоқ. Жобаларды конкурсқа қатысқан бизнес жоспарлардың жүзеге асу мүмкіндіктері, жаңашылдығы мен бәсекеге қабілеттілігі, қаржылық өміршеңдігі, үміткердің кәсіпкерлік тәжірибесінің деңгейі, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі сияқты бірнеше қағидаттар бойынша таңдап алдық, – деді кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Қаленов.
Конкурс қортындысында комиссия үздік деп таныған 18 жоба 2 млн 350 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейін қаржы гранттарын алды. Жеңімпаз жобалардың бесеуі Қостанайда, үшеуі Арқалықта, үшеуі Қостанай ауданында жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар Әулиекөл, Амангелді, Жангелдин, Меңдіқара, Қамысты және Ұзынкөл аудандары да бір-бір грантқа ие болды.
Конкурсқа қатысқандардың дені жастар мен тұрмысы төмен отбасылардан екенін айта кету керек. Мысалы, биылғы грант иелерінің жетеуі – 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер. Үшеуі көпбалалы ана, ал біреуі толық емес отбасыдан шыққан талапкер. Грант жеңімпаздары ашатын кәсіп те бизнестің әр алуан саласына жатады. Олардың ішінде тамақ өнеркәсібі, киім, аяқкиім тігу цехы, білім беру қызметі, тіпті балалар алаңқайлары мен спорт кешендерін жасайтын өндіріске дейін бар.
Кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілдері жобалардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жасап отыратындықтарын айтты. Ал биыл бизнес-жоспары мақұлданбай қалып, мемлекеттің қаржылай қолдауына қол жеткізе алмаған кәсіпкерлер жобаларын толықтырып, жетілдіріп, келесі жолғы конкурста тағы бір рет бақ сынап көрмек.
Қостанай облысы