Қоғам • 15 Маусым, 2022

ХҚКО-лардың жұмыс уақыты қысқаруы мүмкін

782 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілетін бұйрықты дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

ХҚКО-лардың жұмыс уақыты қысқаруы мүмкін

Құжатта өтініштерді қабылдау мен мемлекеттік қызметтердің дайын нәтижелерін беру мемлекеттік корпорация арқылы дүйсенбіден жұманы қоса алғанда сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін үзіліссіз жүзеге асырылады делінген.

Бұл ретте мемлекеттік корпорацияның халыққа қызмет көрсету кезекші бөлімдері мереке және демалыс күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін және сенбі күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді.

Қазір ХҚКО-лар жексенбі және мереке күндерін қоспағанда, сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз қызмет етеді.

Министрлікте түсіндіргендей, жұмыс кестесінің өзгеруі кадрлардың жетіспеушілігінен туындаған.

«2021 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы бойынша Халыққа қызмет көрсету бөлімдері қызметкерлерінің штат саны 8 967 бірлікті құрады. Бүгінгі таңда операторлардың штаттық саны – 8 379,5 бірлікті, нақты – 7 062,5 бірлікті құрайды. Сондай-ақ Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің санын 30%-ға қысқарту жоспарланып отыр. Осыған байланысты екі ауысымды жұмыс кестесіне (сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін және сағат 11.00-ден 20.00-ге дейін) көшу орынсыз деп санаймыз», делінген министрлік құжатында.

Ведомствоның мәліметінше, жұмыс кестесін 9:00-ден 18:00-ге дейін қысқарту оң динамиканы көрсетуге, қызметкерлерді бір ауысымдық жұмыс кестесіне ауыстыруға және кесімді еңбекақы төлеу жүйесін енгізуге және нәтижесінде қызметкерлердің жоғары жұмыс қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне жүгінбей, Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша бірқатар қосымша арна бар екендігі атап өтілді (мәселен, egov.kz электрондық үкімет порталы, egovmobile мобильдік қосымшасы, «ХҚКО» мобильдік қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтердің кейбір түрлерін бейне қоңырау арқылы алуға болады).

«Сонымен қатар жұмыс кестесін қысқарту және ХҚКО кезекшілерін енгізу коммуналдық қызметтер үшін бюджетті үнемдеуге оң әсерін тигізеді», делінген құжатта.

Бұйрық жобасы жария талқылау үшін 29 маусымға дейін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.