Қазақстан • 16 Маусым, 2022

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы таныстырылды

1256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі шығар­машыл жандарға арналған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына байқау жариялады. Жаңа әдеби сыйлықтың таныстырылымы ел астанасында өтіп, оған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы таныстырылды

Ұлттық әдеби сыйлық жеті аталым бойынша беріледі. Атап айтсақ, «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Кітаптың үздік дизайны». Байқау жүлдегерлеріне 5 миллион теңгеден қаржылай сыйлық табысталады. Сондай-ақ жеңімпаз авторлардың ең­бек­тері 500 данамен жарық көреді.

Мәдениет және спорт минис­трі Д.Абаев бұл жобаның міндеті әдебиетшілерді қолдау ғана емес, сонымен қатар жа­зу­шылық өнердің айрықша әлеу­меттік маңыздылығын қоғамға көрсету екенін атап өтті.

«Басты мақсатымыз – төл әде­биетімізді тың дүниелер­мен толықтырып, оны жаңаша биікке көтеру, сондай-ақ ұл­ты­мыздың әдеби мұрасын молайтып, отандық әдебиетке жаңа серпін беру. Бұл сыйлықтың тағы бір ерекшелігі – үздік деп танылған шығармалар басып шығарылып, кітапханаларға таратылады. Қатысушылардың жасына, еңбек жанрына, жазу тіліне шектеу жоқ. Ең бастысы – шығарма мазмұнды, өзек­ті болуға тиіс. Қысқа болға­нымен елдің есінде қалып, жұрт­шылықтың аузынан түспей­тін­дей туынды жазса, бәйге соған бұйырады», деді министр.

Сондай-ақ ол жаңа жобаның отандық кітап шығару ісі мен әдебиетті қолдау бағытында жү­зеге асырып жатқан іс-шара­лардың бірі ғана екенін де айтты.

«Ел Президенті белгілеп бер­гендей, біздің түпкі мақса­тымыз – оқитын ұлт қалып­тас­тыру. Ол үшін біз «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясын қоса алғанда, жас авторларды қолдаудың жаңашыл тетіктерін құрып, мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтып жатырмыз. Гранттар мен сыйлықтар жариялап, кітап жәрмеңкелерін өткізіп келеміз. Болашақта проза, поэзия және драматургиядағы ең мықты жас таланттарды қолдау және та­биғи қабілетін шыңдауға арналған «Әдеби зертхана» ашуды жоспарлап отырмыз», деді Д.Абаев.

Айта кетейік, биыл бастау алатын «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы бойынша бұрын еш жерде жарық көрмеген жас авторлардың туындылары іріктеліп, 3 мың тиражбен басылып шығарылады.

Министрдің айтуынша, келер жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі қазақ­стандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің ар­найы әдеби сыйлығын тағай­ындауды көздеп отыр.

«Айбоз» әдеби сыйлығы тың туындылардың өмірге келуіне даңғыл жол ашады деп сенеміз. Жалпы, Еуропада болсын, Американы алайық, дамыған елдердің көбінде көр­кем шығарма айрықша бағаланады. Кеңес дәуірінде де ақын-жазушыларымыздың ой еңбектеріне қаламақы жақсы төленді. Жалпы, шығармашыл қауымды ынталандыру арқылы біз көркем ойлай алатын, рухани діңгегі берік, айтар ойы терең жас ұрпақ қалыптастырамыз. Ұлттық әдебиетке салынған бүгінгі инвестиция – ертеңгі болашақ кепілі», деп атап өтті министр.

Сондай-ақ алқалы жиында тағы бір тың жоба –  danabala.kz порталы іске қосылатыны да айтылды. Бұл порталда балаларға арналған шығармалар жария­ланады.

Айта кетейік, әдеби сый­лық­қа отандық қаламгерлер қатыса алады. Ұсынылатын еңбек­тер 15 маусымнан бастап 1 қазанға дейін қабылданады. Ал әдеби сыйлық жыл соңында тапсырылады.