Қоғам • 16 Маусым, 2022

Аумақтарды дамыту үшін бірыңғай стандарт қажет

335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаһандану дәуірі дүниежүзілік дамудың даңғыл жолын ауылмен емес, қаламен байланыстыратыны бесенеден белгілі. Соның жарқын дәлелі ретінде, еліміз егемендік алған жылдардан бері қалаға ағылған тұрғындардың қарасы көбейгенін айта аламыз. Әрине, оның да өзіндік себебі бар. Елді мекендердегі жаппай жұмыссыздық ауыл тұрғындарын амалсыз қалаға итермеледі. Есесіне, елімізде урбан­далу процесі жылдар жыл­жыған сайын арта түсті.

Аумақтарды дамыту үшін бірыңғай стандарт қажет

Ұлттық статистика бюросының биылғы 1 мамырдағы мәліметіне сәйкес Қазақстанда 19 199 844 адам тұрып жатыр. Соның ішінде ауыл халқының саны 7 756 933 болса, қала тұрғындары 11 442 911-ге жетті. Яғни шаһарда ғұмыр кешіп, ұрпақ өрбітіп отырған отандастарымыздың үлесі қайтсе де басым. Соған қарамастан Қазақстандағы қалалардың басым көпшілігінде әлі де болсын өткен дәуірдің сәулет өнері салтанат құрып тұр. Әрине, заман өзгерген сайын заманына қарай адамы да өзгереді. Тұрғындардың қажеті, сұранысы, талап-тілегі, құндылықтары да ауысып отырады.

Мәселен, азаматтары жылдап автокөлік кезегінде тұрған Кеңес Одағы кезінде екінің бірінде темір тұлпар болған жоқ. Соны еске­ріп, сол дәуірдің сәулетшілері де аула­дағы, көпқабатты тұрғын үй астындағы көлік тұрағы мәселесін қаперге алмаған секілді. Аула былай тұрсын, шаһарлардағы көшелер мен даңғылдар, жолайрықтар да көліктердің бүгінгідей көп болуы­на арналмады. Соның салдарынан бүгінгі қала тұрғындары түрлі қолайсыздықтарға тап болып жатыр. Ал оның алдын алудың жолы бар ма? Қайтсек тұрғындарға ыңғай­лы, кәсіпкерге, мемлекетке қолайлы шаһар тұрғыза аламыз?

Бұл сұрақ тек қарапайым тұр­ғын­дарды ғана мазаламайды. Мә­селен, күні кеше Қазақстан тұрғын үй компаниясының алаңында Q88 қазақстандық урбанистер қауым­дастығы қоғам өкілдерімен бірле­сіп алдағы күзде айналымға енетін аумақтарды кешенді дамыту стандартын талқылады.

Бүгінде Қазақстанның құрылыс­шылары қала тұрғындарының қазір­гі заманғы сұраныстарына жауап бер­­мейтін әрі әлеуметтік, саяси, эко­­но­­микалық, мәдени, ақпараттық сала­лардағы өзгерістерді ескермейтін ес­кірген қала құрылысы тәсілдері мен нормативтік-құқықтық реттеу жү­йе­сін пайдаланады. Осыған байланыс­ты елімізде аумақтарды кешенді да­мы­тудың бірыңғай стандарттарын ен­гізу мәселесі өте өзекті деуге болады. Бұл қоршаған ортаның жағдайын жақ­сарту және Қазақстандағы қала­лардың қазіргі заманғы даму модель­деріне көшу жолындағы маңызды қадам сана­лады. Елімізде дәл осы бағытта бір­қатар жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазақстан тұрғын үй компаниясы Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы ретінде Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығымен бір­лесіп кешенді даму стандарттарын бейімдеуді қолға алып келе­ді. Q88 қазақстандық урбанистер қауым­дастығының төрағасы Ерлан Аукеновтің айтуынша, Қазақ­стан тұрғын үй компаниясы мен Q88 қазақстандық урбанистер қауым­дастығы алдында қала құрылысы, қалаларды дамыту және инклюзивті қалалық ортаны құру, құрылыс нормалары мен ережелерді жаңғырту мәселелері бойынша отандық заң­наманы жетілдіру жөнінде үлкен жұмыс күтіп тұр.

Бұл стандарт 6 кітап пен 4 каталогтен тұрады және қала ортасы мен тұрғын үйге қатысты көше орамдарының параметрлерінен бас­тап, жеке пәтерлерді жоспарлауға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Осы модельде «қадамдық қолжетімділік» қағидаты – өте өзекті. Сапаға қойылатын жоғары стандарттар, ойластырылған сәулеттік және жобалық шешімдер түптеп келгенде азаматтардың жайлы өмір сүру ортасын қалыптастырады. Каталогтер абаттандыруға, көппәтерлі тұрғын үйлерді жобалауға, тұрғын үй құры­лысына және кварталдардың кейбір жоспарлау шешімдеріне бағытталған нақты шешімдерді қарастырады. Әрбір кітап қалалық жайлы ортаны жобалаудың белгілі бір аспектісін назарға алады. Сондай-ақ аумақты игеруге, бос аумақтарды дамытуға, көше бойына қойылатын талаптарды әзірлеуге және өзге де жоспарлауларға арналған кітаптар бар.

Бұдан бұрын жобаланған тұрғын үй форматтары тиімсіз болғандық­тан, қазіргі уақытта жаңа стандарт­тар бойынша жобалау мәселесі белсен­ді талқыланып жатыр. Құжаттың мақсаты – қазіргі заманғы әлеуметтік және экономикалық жағдайлардың, тұрғындардың, бизнес пен қала билігінің мүддесіне жауап беретін қала қалыптастырудың жаңа тәсілдемесін әзірлеп, енгізу.

Стандарт БҰҰ-ның Хабитат қағидаттарына және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы көздейтін жайлы тұрғын үй құрылысы мен қалалық ортаны дамыту тәсіліне негізделген. Бұл қалаларды дамыту саласындағы әлемдік күн тәртібін қалыптастыратын екі халықаралық тірек саналады. Олардың қағидаттарын салыстырмалы деуге болады. Яғни құрылыстың көпфункционалды­ғы­на, ықшамдылығына, тығыз кө­ше-жол желісіне және экология­лық тиімділігіне, көше бойының, соның ішінде шағын және орта бизнес субъек­тілерінің белсенді пайдаланы­луына мән беріледі. Осы қағи­дат­тың барлығы аумақтарды кешенді дамыту стандартының негізін қалап отыр.

«Осы жоба қала құрылысшыларына абаттандыру, аумақтарды қалпына келтіру және аумақты құрылыспен толтыру процестерінің сапасы мен тиімділігін арттыруға көмектесетініне және қаланы реттеу мен сәулеттік жобалау саласындағы нормативтік-құ­қықтық базаны жетілдіруге негіз болатынына сенімдіміз», деді «Қазақ­стан тұрғын үй компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары Рустам Исаев.