Аймақтар • 17 Маусым, 2022

200 миллион түп көшет егіледі

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртекті бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияда «Көмірсутекті бейтараптыққа жетуде орман алқаптарын көбейту маңызды рөл ойнайды. Қазақстан орман алқабы аз мемлекетке жатады. Орман қорының көлемі 30 млн гектарды немесе аумақтың 11 пайызын құрайды. Биыл елді жасыл желектендіру бойынша ауқымды жоба басталды. 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызылады» деген болатын.

200 миллион түп көшет егіледі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Өңірде орман қорының молаюына айрықша мән беріліп, көшет отырғызу жұмыстары мұқият қолға алынған. Ежелден самсаған ақ қайың, мәңгі жасыл қарағайымен көрікті Көк­ше өңіріндегі орман-то­ғай­дың көлемін еселей түсу келер ұрпақтың игілігіне қалды­ратын баға жетпес мол мұра іспетті. Кіші Түкті орман ша­руа­шылығы зерлі Зерендінің көркемдігі кемел, пұшпағы құнарлы өңіріне орналасқан. Орман шаруашылығының тұ­қым­бағында өзге өңірлерді кө­галдандыруға аса қажетті кө­шеттер өсірілуде. Күнге бой са­­лып көтеріліп келе жатқан кө­шет­тер 100 гектар жерге отыр­ғызылған.

Ит тұмсығы өтпейтін Кіші Түк­тінің орман сілемдері тұм­са қалпында. Атқан оқтай түзу­лікпен отырғызылған балапан ағаштардың бой көтеріп келе жатқанын көрудің өзі бір қуаныш. Маңайы арамшөптен таза алқап үстінен ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Бір мезгілде отырғызылғандықтан да биіктігі біркелкі.

– Біз баптап өсірген көшет алқабының мына тұсы 50 гектарға таяу, – дейді орманшы Сергей Чернов, – маңдай теріміздің арқасында жақсы көктеп шығып келе жатыр. Бірлігі мығым ұжым­ның бірегей еңбегі арқылы көк­тем шығысымен қолайлы уақытты өткізіп алмай, жүктелген жұ­мысты жауапкершілікпен атқарып шықтық.

Тұқымбақта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орман дақылдары жөніндегі инженер Людмила Санарованың айтуына қарағанда, ағаш тұқымын жинаудан бастап қайта өңдеуге дейінгі жұмыс орман шаруашылығы мамандарының күшімен атқа­рылады. Көшетке байланысты қат-қабат шаруаның барлығы ғылыми негізбен, күнделікті тәжі­­рибемен ұштастырылған.

– Көгертіп көшет өсіру жан дүниемізге өте жақын, – дейді жұ­мысшы Мәрия Қабдуәлиева, – біз өсірген көшеттерден қаулап қа­лың орман өссе, оның игілігін адам­дар көрсе, бір ғанибет емес пе?

Облыста 2025 жылға дейін 200 млн түп көшет отырғызу межеленуде. Ауқымды жұмыс дәл осындай қарқынмен атқарылатын болса, міндет үдесінен шығуға мүмкіндік мол.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы