Қоғам • 17 Маусым, 2022

Ел аумағында геопарк құру мүмкіндігі талқыланды

311 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласында ЮНЕСКО-ның геоғылымдар мен геопарк­тер жөніндегі Халықаралық бағдарламасының 50 жыл­дығына арналған «Жібек жолына миллиондаған жылдар» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Алқалы жиын­да шетелдік ғалымдар гео­логия саласындағы бірқатар маңызды мәселені, соның ішінде бірегей ландшафттарды және табиғаттың геологиялық ескерткіштерін, Орталық Азия­­­ның геологиялық мұра объек­­­тілерін сақтау тақы­рып­та­рын талқылады.

Ел аумағында геопарк құру мүмкіндігі талқыланды

Конференцияға Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Германия, Франция мен Қытайдың белгілі ғалымдары қатысты.

Айта кетейік, ЮНЕСКО-ның ма­ңызды жобаларының бірі – жа­һан­дық геопарк құру. Аталған ұйым бұл мәселе бойынша бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал геопарк­тер – халықаралық геологиялық ма­ңызы бар объектілері мен ландшафты бар географиялық аймақтар. Өңірдің табиғи һәм мәдени мұрасын сақтау, жергілікті өзіндік болмысын нығайту және тұрақты туризмді ілгерілету гео­парк­тердің негізгі мақсаттарының біріне жатады. Бүгінде геопарктер өңір­­лер­ді дамытудың, жергілікті қо­ғам­дас­тықтарды қолдаудың жаңа үрдісі саналады.

Жиын барысында ЮНЕСКО кластерлік кеңсесі жаратылыстану ғылымдары бөлімінің меңгерушісі Кристиэ Товмасян: «Конференция қоры­тындысы бай табиғи мұраны, геоло­гиялық секцияларды, қазба фау­насы мен флораны сақтауға сеп­тігін тигізетініне сенімдіміз. Осы іс-шараның қорытындысында біз ғылымды, білімді және тұрақты гео­туризмді дамыту үшін бірегей гео­ло­­гия­лық ландшафттарды сақтау­дың ма­ңыздылығын және геопарктерді құру тәжірибесін көрсеткіміз келеді», деді.

Оның айтуынша, қазіргі кезеңде халықтың хабардарлығын арттырып, оларды геологиялық мұраны сақтауға тарту маңызды болып отыр.

Сондай-ақ ғалымдар өз баяндамаларында геоғылым, геологиялық ескерткіштер мен геотуризмді зерттеу­дегі еңбектері мен тәжірибелерін ор­таға салды. Одан бөлек геологиялық мұраны бағалау және пайдалану әдіс­тері, осы саладағы білім берудің даму перспективалары туралы әңгі­ме­леп берді.

Бүгінде Орталық Азияда әлі де геопарктер жоқ. Десек те мұндай ал­ғашқы табиғи аймақ «Алтын Емел» ұлттық саябағының аумағы ғана емес, сонымен қатар ландшафт аймақ­тарының алуан түрлілігімен, бірегей флорасы мен фаунасымен танымал болуы мүмкін.

Конференцияны Қазақстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан және Өзбек­стан бойынша ЮНЕСКО-ның Клас­терлік кеңсесі Қазақстан Үкіметінің қолдауымен ЮНЕСКО-ның Ұлттық геопарктер комитетімен, Тянь-Шань геологиялық қоғамымен, Qazaq­Geography республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген QazaqGeography РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұрбаев ЮНЕСКО-ның Қазақстанның мәдениетін, білімін және ғылымын дамытуға және сақтауға қосқан зор үлесін атап өтті.

«ЮНЕСКО-мен өзара іс-қимыл елімізге осы бағыттар бойынша гу­манитарлық ынтымақтастықты да­мытудың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік берді. Осылайша, Клас­терлік бюроның жұмысының нәти­жесінде бірнеше қазақстандық қо­рық пен ұлттық парк Дүниежүзілік биосфералық резерваттардың желісіне енді. QazaqGeography қолдауымен 2017 жылы «Алтын Емел» МҰТП ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік био­сфе­ралық қорықтар желісіне қабыл­данды», деді Орман Нұрбаев.

Конференцияның екінші бөлігі геологиялық парк аумағына жос­пар­ланған далалық сапарға арналды. Оған қатысушылар орналасқан жердің ландшафтық ерекшеліктерін және оның ғылыми, туристік және мәдени әлеуетін зерттейді.