Сөз желісін айқындап алу үшін біз ең алдымен Жақия ағаның өзі қолымен қағазға түсірілген өмірбаянының көшірмесіне көз жүгірттік. Онда былай деп жазылған екен:
«Мен, Жақия Бұқарбайұлы, 1934 жылдың 28 қазанында Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келдім.
Әкем — Сәрсенов Бұқарбай, анам — Сәрсенова Зағипа, олар менің екі жасым шамасында дүниеден өткен.
Балалар үйінде, туыстарымның қолында тәрбиелендім. 1954 жылға дейін Қызылорда облысында тұрып, еңбек еттім.
1954 жылды желтоқсанынан 1956 жылдың желтоқсанына дейін Кеңес армиясы қатарында әскери борышымды өтедім.
Елге оралған соң Шымкент қаласындағы асханалар мен ресторандар тресі жүйесінде еңбек ете бастадым.
1962 жылы Шымкент кооператив техникумын сырттай оқып бітірдім.
1967 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бухгалтер-экономист мамандығы бойынша тәмамдадым. Отбасылымын, төрт балам бар».
Мұнда бір анықтай кететін жәйттер бар. Біріншіден, туған жылына байланысты. Кейінгі бір әңгімелерінде «мен шамасы 1929 немесе 1930 жылы дүниеге келген болуым керек» деп айтып отырады екен.
Екіншісі, туған жеріне қатысты. Мына жазбасында Жақия аға Қазалыда дүниеге келдім дегенімен, шын мәнінде туған жері — Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданындағы Аралтөбе ауылы. Шамасы, ата-анадан ерте айырылып, жетімдік зарын әбден көріп, кейінірек Қазалы жерінде тұрақ тепкенде, құжаттары сол жерде рәсімделген болуы керек.
Жақияның әкесі Бұқарбай да жалғыз болған екен. Әкеден ерте қалған ол аталас ағасы Жұмаштың қолында тәрбиеленіпті. Сол кісінің қолына келін түсірген. Жұмаш ағасы Бұқарбай інісіне Төртқараның атақты байы Тоймағамбеттің Зағипа дейтін ару қызын алып береді. Жұмаштың сол уақыттағы беделі елдің бетке ұстар адамы Тоймағамбеттің қарсы сөз айтуына мүмкіндік бермегенге ұқсайды.
«Жалғыздың жары — Құдай» дейді, Бұқарбайдың өзі де өткір, атсейіс, мерген, сал жігіт атанған дейді. Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған деген де бар ғой...
* * *
Отызыншы жылдардың басындағы алмағайып уақыт, елдегі ашаршылық қатарының ішінде қарулы саналатын Бұқарбайды да, оның аяулы жары Зағипаны да бірінен соң бірін мәңгілік ғұмырға жөнелтеді. Әлі есін жөнді білмейтін бала Жақия адасқан қаздай айдалада қала береді.
Сол кезде оны бауырына басып, жүрек жылуын берген Бақытжан әже бала қарақұлақтанып, үш-төрт жасқа келгенше аялап бағады. Содан кейін Жаманқала жақтан нағашысы Сералы келіп, жиенін жетектеп алып кетеді. Сол жақта мектепке береді. Алайда енді екі-үш жыл шамасында соғыс басталады да, бір әулеттің тірегі болып тұрған нағашысын әскер қатарына шақырады. Жаутаңдап қалған баланың ендігі қамқоршысы балалар үйі болады. Онда да жағдай мәз емес, азықты қасықтап беріп, ожау басынан қарауыл қарап отыратындай күй қалыптасқан кез.
Балалар үйінен безіп шығып, Жаманқала базарын жағалап жүргенінде Ырғыздан келген алыстау ағайын Ізтілеу ата кездесіп қалып, Бұқарбайдың баласын таниды. «Шырағым, жолдағы ауылдардың бірінде әкеңмен немере Бәтіш дейтін апаң тұрады. Сол тұстан түсіріп кетейін» деп жанашырлық танытады ол.
Әлі бұғанасы қатпаған бала Бәтіш апасының ауылында колхоз жұмысына араласады. Өгізге жеккен соқамен жер жыртып, тырма тартады, масақ тереді. Осылайша күндер өте береді.
Жасөспірім бала енді өзімен бір туған Даража апасы мен Жантөре жездесін іздейді. Осылайша Қазалы жақтың дәмі тартады. Бұл – 1949 жылдың күзі екен. Жақияны жездесі
Қазалыдағы малдәрігерлік техникумға оқуға түсірді. Оны бітірген соң Қызылорданың түбіндегі бір ұжымшарда, Абдолла Жұмашев ағасының қолында алғашқы еңбек жолын бастайды. Бір кезде Жұмаш атасы әкесі Бұқарбайды үйлендіріп, бір шаңырақты тіктесе, енді Бұқарбайдың баласы Жақия Жұмаш баласы Абдолланың қамқорлығына ілігеді. Осында бір жыл еңбек еткен соң әскер қатарына шақырылады.
Жетімдіктің тас құрсауынан құтылып шыққан кездің бастауы дәл осы тұс шығар, бәлкім. Енді өзінің мамандығы бар, үстіне шинель киген жауынгер. Әскерден қайтарда пойыздан Шымкенттен түседі, өйткені Абдолла ағасы сонда қоныс аударған екен және бауырына мекенжайын айтып хат жазып жіберген.
Қазақта «бар жақсы» деп айтады ғой, оның үстіне адамдардың бір-біріне мейірімділік танытып жүргеніне не жетсін?!
Келгесін байқаса, Абдолланың жақын нағашысы Байұзақ Ермекбаев Шымкент педагогика институтына ректор болып тағайындалыпты. Соны сағалап келген ол кісі институттың шаруашылық жағына жұмысқа тұрыпты.
Ректор Байұзақ ағасы Жақияның да қызметке тұруына қолдау көрсетеді. Сөйтіп, бұл студенттердің №1 асханасында есепші болып жұмысқа кіріседі.
Осындай күндерде Қазалыдағы Даража апасы хат жазып, інісінің келіп-кетуін сұрайды. Сол сапарында жалындап тұрған жас жігіт апасының сілтеуімен Жақия Изада деген қызбен танысып, болашақ жолында бірге жүруге уәделеседі.
Жақия Бұқарбайұлы ұзақ жыл Шымкенттегі «Қоғамдық тамақтандыру» мекемесіне басшылық жасады, халыққа қызмет етудің сапасын жоғары деңгейге көтерді. Жауапкершілікпен еңбек етіп, ұжымды іргелі істерге жұмылдыра білді. Көпшілік осы қызметімен бірге, Жақия ағаның қысылғанға қолдауын, жабырқағанға жебеуін, өзгенің бас ауруына жүрегі сыздайтынын көбірек айтады.
«Жақия өте сыпайы, ақ көңіл, адал кісі болатын. Осындай азаматты мен де сыйлап, қадір тұттым» деп естелік айтыпты Шымкент қалалық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған Ақберген Тұралин.
Тоқсаныншы жылдардың басында Жақия аға зейнеткерлік демалысқа шыққанымен, жасым келді деп жайбарақат отырып қалатындар санатынан емес еді. Сондықтан да болар, алпыстан асқан шағында халыққа қажетті тауарлар сататын заманауи дүкендер желісін ашып, тың істің бастаушысы болады. Осы қарқынмен көптеген тың шаруаларды атқарады. Ал өзі көздеген бүкіл жұмысты жолға қойып, көңілі тыншыған сәтте, тізгінді балаларына ұстатып, демалғанды жөн көреді. Енді ел көріп, жер аралауға бағыт ұстайды.
Алдымен Бурабайға ат басын бұрып, «Жер шоқтығы – Көкшетаудың» тамаша табиғатына көз суарады. Одан кейін шетелдерге де талай мәрте сапар шекті. Парижге де барды, Дубайға да ат басын тіреді. Бірақ, соның бәрінен де туған елді сағынып оралады.
* * *
Енді «Жақия» қоғамдық қайырымдылық қоры туралы бірер сөз.
Жақия аға кейінгі ұрпағының елге, оның ішінде өзі кіндігі тамған Қарабұтақ жеріне қайырылып соғып тұрғанын қалаған сыңайлы. Өзі көзі тірісінде қалап кеткен атамекенге деген алтын көпірінің алдағы уақытта да жалғасқанын аманаттапты. Әке аманатын жүзеге асырудың жолын негіздеген бұл қор 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Оның басты мақсаты — балалар үйлерінің және әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар мен жастарға білім, тәрбие алуы, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндіктер жасау арқылы Қазақстанның абыройлы және табысты азаматтарын даярлауға үлес қосу.
Аталған қор көптеген қайырымдылық жұмыстарымен шұғылданады. Атамекен —Аралтөбе ауылына жасалынған көмек-қолдауды айтпағанда, «Жақия» қайырымдылық қоры Алматы қаласы мен Алматы облысында «Күлімсіреуіңді сыйла» стоматологиялық көмек», «Жақия Сәрсенов атындағы білім беру гранты», «Оқу орындарын қолдау» бағдарламаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Алматы қаласының №1-2 балалар үйлерінің Алматы облыстық №1 балалар үйінің, «Ковчег», «Перзент», SOS балалар ауылының, №10 мектеп-интернатының балаларына, жастар үйінің тәрбиеленушілеріне және «Ана үйі» мекемесінің шәкірттеріне стоматологиялық және ортодонтиялық қызмет көрсетілгенін ерекше бір игілікті іс деп санауға болар.
Білім беру гранты бағдарламасы бойынша көптеген студенттер қабылданып, грант пен стипендия иеленді. Солардың қатарында Аралтөбе ауылындағы Қызылжұлдыз орта мектебінің түлектері топ жарып келе жатқаны қуанышты. Қарап көрелік.
Қордың алғашқы стипендиаты Гүлнұр Орынбасарова Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Қазақ филологиясы және дүниежүзілік тілдер» мамандығы бойынша оқып, 2017 жылы үздік бітірді.
Ботагөз Сабыржанова Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика және жаратылыстану факультетін тәмамдады.
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультеті биология мамандығы бойынша бітірген Алтын-Алқа Жанаева қазір Ақтөбе қаласындағы №53 мектепте биология пәнінің мұғалімі.
Жансая Байгелдинова 2019 жылы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін бітіріп, ақ халатты абзал жандар қатарын толықтырды.
Жақия ағаның рухына сыйынып, ол кісінің шапағатын көрген жастар легі бұлармен шектелмейді. Олардың қай-қайсысы да бүгінгі күні өз мамандықтарын ұмтылыспен меңгеріп, қоғамның алғы шебінде азаматтық парыздарын өтеуде. Бұл — Жақиядай жақсы жанның аманатына адалдық.
2017 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Әйтеке би ауданындағы Қызылжұлдыз орта мектебіне Жақия Сәрсеновтің есімі берілді. Бұл мектепте қазір 164 шәкірт білім алуда. Осы арада Жақияның перзенті Жанболаттың бұрынырақта ескі мектепті жөндетуге көмектесіп, одан кейін «Жүз мектеп» бағдарламасы аясында жаңа ғимаратқа қол жеткізуге ықпал еткенін де айта кеткен жөн болар.
«Жақия» қоғамдық қайырымдылық қоры мектеп жанынан заманауи спорт алаңын салып берді. Мектепке «Уаз» автокөлігін сыйға тартты. Сәрсеновтер әулеті атқарып жатқан басқа да игілікті істер аз емес. Гүлжан Жақияқызы бір кабинетті 10 компьютермен жабдықтап берді. Спорттық құралдар мен музыкалық аспапатары да осы қатарды толықтыра түсті.
«Жақия» қоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Әйтеке би ауданы әкімінің «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша диплом және статуэтка түрінде «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапатталды.
Жақия Сәрсенов туралы «Өнегелі өмір» атты естеліктер жинағы 2012 жылы «Атамұра» баспасынан жарыққа шықты.
Қазақстанның белгілі мүсіншісі Өмірзақ Шанов 2017 жылы жақсы ағаның мүсін жасап, елге тарту етті.
Белгілі режиссер Қалила Омаров көрнекті азамат туралы деректі фильм түсірді. Замандастары Жақия ақсақал туралы «Құдайына қараған адам!»- дейді екен. Аталған туындыға оның осы биік адамгершілік тұлғасы арқау етіп тартылған. Тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған ғой даңқты Бауыржан Момышұлы. Сол абыздық та біздің кейіпкеріміздің бойына Алла сыйлаған бір ізгі қасиет пе деп қалдық!
* * *
Жалғыздың да жапырағы жайылады екен. Жетімдік тақсіретін мейлінше көріп, басын тауға да, тасқа да ұрған Жақиядай пендесінің бір күндері басына шуақ орнап, айналасы айдынға айналатынын кім болжады дейсің?!
Талай қиындығын ұсынған өмір кейінірек қызық-қуанышын да аяған жоқ. Изададай жақсы жар сүйді. Орталарында сүйкімді сәбилер дүниеге келді.
Жақия қызмет бабында танылып, елдің ақылшы азаматына айналды. Балалары да тәрбие көріп, алдарындағы жақсы жолды жалғастыра білді.
Әке ақылымен есейген, бірақ қазақтың қағазға жазылмаған қағидасымен інісі сынды болып өскен Қасымхан елге білікті инженер-энергетик ретінде танылды.
Жанболат Санкт-Петербургтағы санитарлық-гигиеналық институтта оқып, одан кейін Киевтегі аспирантураны тәмамдады.
Бүгінде Жанболат Жақияұлы — танымал кәсіпкер, қоғамдық қайраткер және белгілі меценат. Ол Қазақстан Республикасы мұнай-газ және энергетика салаларындағы тәжірибелі, беделді және кәсіби басқарушылардың бірі.
Оның ел экономикасын көтерудегі белсенді еңбегі «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, бірнеше медальдармен атап өтілді. «Венгрия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденіне лайық деп бағалануы мемлекеттер арасындағы ынтымақтыққа айырықша үлесін білдіреді.
Гүлжан Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін бітірді.
Марат Мәскеудегі автокөлік жолдары институты қабырғасында оқып, осы саланың маманы болып шықты.
Динара Мәскеудің білімін алып, инженер мамандығын игерді.
Олардан тараған немерелердің өзі бүгінде атқа мінді, Сәрсеновтер әулетінің туын жоғары көтеріп, аталары Жақияның жақсы есімін жария етуге олар да үлес қосып жүр.
* * *
Балалары өсіп, өзі де егделікке бет алған тұста Жақия ағаның жүрегіне маза бермеген бір жай — әке-шешесінің басына барып, белгі қою болатын. Оның сәті 1987 жылы ғана түсті. Елудің үстіне еркін шығып, алпыс деген ауылдың қарасы көріне бастаған кез еді бұл.
Жаздың басталар тұсында Жақия аға жанына өмірлік серігі Изада апаны, балалары Қасымхан мен Маратты, сондай-ақ Өміртай, Сайфулла атты інілерін ертіп, екі жеңіл автокөлікпен Шымкенттен Қарабұтаққа жол тартады. Киевте оқуда жүрген Жанболат та қосылады бұларға. Елге келгесін ауылдың үлкендерінің бастауымен әке-шешенің жатқан жерін тауып, басын көтереді. Арнайы жасатылған құлыптасты қояды, халықты жинап ас береді.
Одан кейін Жаманқалаға сапар шегіп, сол жақта мекен еткен туыстардың ізін індетеді. Мұнда да өлісіне бата оқып, ұрпақтарымен сағыныса көріседі.
* * *
Бір кезде Аралтөбе ауылынан жадап-жүдеп, тіршілік үшін талпынып шыққан жас бала арада қаншама жыл өткенде өсіп-өркендеп, жан-жағы тамырланған үлкен бәйтерекке айналды. Ол кемелді жасқа келіп, балалары бір-бір шаңырақ көтеріп, немерелер сүйген тұсында балапандарын соңына ерткен ата қаз секілді ата баба мекеніне қайта оралды.
Көзі тірісінде өзінің кіндік қаны тамған жердің қадірін ұрпағына сездіріп кеткісі келген болар, бәлкім.
Жақия ағаның сол бір асыл арманы бүгінде орындалды. Сәрсеновтер әулеті атамекенге жиі ат басын бұруды әдетке айналдырды.
Жақия аға өмір бойы қазақтың керемет шайыры Қуандық Шаңғытбаевпен бір жүздесуді армандап өткен екен. Былай қарағанда аса қиын да шаруа емес, бірақ соның сәті түспеген.
Есіңде ме, Қарабұтақ, Тахауи,
Шет жақтағы Есмалайға тақау үй...-
деп келетін өлең жолдары туған мекенді аңсап жүрген Жақия ағаның жүрегіне жылу беріп келген шығар, сірә.
Шынында да, табиғаттың тартылыс заңы оларды алысқа жібермейтін болса керек. Ғұлама Утба ибн Әби Суфиян: «Балаңа берер бірінші тәрбиең, ең алдымен, өзіңді жөндеуің, өйткені олардың назары сенің іс-әрекетіңде. Сенің істеген ісің олар үшін жақсы амал, тәрк еткенің жаман амал, соны біліп қой» деген екен. Ұрпағының әкеден көргенін жалғастыруы Сәрсеновтер әулетінің қалыпты қағидасына айналғаны қандай сүйінішті!
«Сен бізге, аяулысың, Аралтөбе!».
Бұл — жан жүрегімен атамекенді аңсап өткен, туған жерге сағынышына өмір бойы селкеу түсірмеген Жақия ағаның саналы ұрпақтарының бүгінде шын пейілден шыққан салиқалы, қайырлы сөзіне айналды!
Арынғазы БЕРКІНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
ақпарат саласының үздігі