Қоғам • 19 Маусым, 2022

Журналистер мен жас еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуантты

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары 10 жылдан бері қоғамға қызмет ететін әлеуметтік жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді екен. Яғни бұл мектепте жыл бойы қоғамға қызмет ететін әлеуметтік жобалар реті түрлі игі іс-шаралар түрінде жүзеге асырылады. Олардың қатарында «Мектепке жол», «Досыңа кітап сыйла», «Ардагерді құттықта» сияқты іс-шаралар өте танымал.

Журналистер мен жас еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуантты

– Мұндай әлеуметтік жоба­лар біздің мектебіміздің ма­ңызды жұмыс бағытының бірі. Оқу­шы­лардың бел­сенді өмірлік ұста­нымы бар, олар өз аймағының тір­­шілігі мен мәсе­ле­лерін біледі. Отан­сүйгіштік, жалпы­адамзаттық құн­дылықтарға деген адалдық әр сабақта бойларына сіңі­ріліп, жал­пы жан-жақты дамыған тұл­ғаны қалыптастырады, – дейді мектептегі

әлеуметтік жобалардың үйлестіру­шісі Жанар Оразбаева.

Айтпақшы, «Айналайын» балалар үйі, Оңалту орталығы, нашар еститін және саңырау балаларға арналған мектеп-интернаты, М.Мәметова атындағы ауылдық мектеп, «Аналар үйі», «Арда­герлер үйі», «Біргеміз білім» еріктілер ұйымымен тізе қосып жұмыс істеу Назарбаев зияткерлік мектебі оқу­шыларының дәстүріне айналған екен.

 – Оқушыларымызға келген кезде біз математика, ағылшын және қазақ тілдерін үйрену сабақтарын өткіземіз, танымдық сайыстар, викториналар, ашық ауада ойындар ұйымдастырамыз. Осының бәрі маған үлкен қуаныш сыйлайды, ең бастысы, мен өз мемлекетімнің азаматы екенімді және өмір бойы қоғамға өз үлесімді қосуым керек екенін түсінемін, оқушы ретінде жауапкершілікті сезінемін, – дейді 10-сынып оқушысы Айғаным Тынысхан.

Ал жақында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында медиа-марафон ұйымдастырылды. Бұл іс-шарада жас еріктілердің жұмысын Жетісу өңірінің БАҚ өкілдері тамашалады. Медиа-марафон үйсіз қалған жануарларға арналған үйшік салу шеберлік сағатынан басталды. Одан әрі еріктілердің жұмысы Талдықорғандағы «Айналайын» балалар үйінің жазғы лагеріне және облыстық мамандандырылған «Ба­ла­­лар үйіне» сапармен жалғас­ты. Мұнан кейін медиа-марафон дөң­­­гелек үстел форматында жалға­сып, ынтымақтастық жобалары тал­қы­ланды. Өз кезегінде мектеп директоры Виктор Сосин республикалық және облыстық БАҚ журналистеріне белсенді және жемісті жұмыстары үшін алғысын білдірді.

– Барша БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Сіз­дердің еңбектеріңіздің арқасында біз еліміздегі ең өзекті де маңызды оқиға­лардан хабардар болып, қуа­нышты да, қайғылы да оқиғаларды бастан кешіріп жатырмыз. Бүгін мектебіміздің маңызды бағыттарының бірі қоғамдық қызмет ету жобалары­мен таныса алған­дарыңызға қуаныштымын. Өйткені қызмет ету – күнделікті орындайтын ай­рықша миссия, – деді мектеп директоры Виктор Сосин өз сөзінде.

 

Жетісу облысы