Медицина • 20 Маусым, 2022

Үздік мамандар марапатталды

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қонаев қаласында Алма­ты облысының әкімі Ма­рат Сұлтанғазиев меди­ци­на қызметкерлерін кәсі­би мерекесімен құт­тық­­тап, марапаттады. Салтанатты іс-шара­да аймақтағы үздік дәрігер­лер мен емдеу орын­да­ры анықталып, жеңім­паздарға қомақты ақша­лай сыйақы берілді.

Үздік мамандар марапатталды

Биыл облыстағы «Үздік ста­ционар үздік дәрігері» аталымы бойынша озып шыққан Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының дәрігері Рамиль Қарасаев облыс әкімінің қолынан арнайы диплом және 7 млн теңгенің сертификатын алды. Ал Іле орталық аудандық ауруханасының әлеу­меттік қызметкері Жұлдыз Құл­манова «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанып, оған 1 млн теңгенің сертификаты беріл­ді. Сондай-ақ осы Іле ауда­нын­дағы КазЦик ауылының дә­рігерлік амбу­латориясы «Үздік дәрігерлік амбулатория» ретінде анықталып, бөлімшенің меңгерушісі Толқын Садақ­баеваға арнайы диплом және 1 млн 800 мың теңгенін сертификаты тапсырылды.

Жиында аймақтағы ақ же­лең­ді абзал жандардың тағы бір тобына Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты беріліп, құрмет көрсетілді.

– Адам жанына арашашы болудың жауапкершілігі мен маңызын қоғам әрқашан  жоғары бағалайды. Дәрігерге деген құрмет ешқашан ортаймайды. Медицина қызметкерлерінің пандемия кезіндегі ерлікке бергісіз еңбегіне бас иеміз. Сон­дық­тан да, кәсіби мереке қарсаңында медицина қызмет­керлерін құттықтап, үздік дәрі­гер­лерге арнайы марапат тапсыруды парызымыз деп білеміз. Мемлекет өз тарапынан медицина саласын қолдаудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Бұл рет­те Алматы облысында да айта­рлықтай жұмыс істелуде, – деді жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

 

Алматы облысы