Әдебиет • 20 Маусым, 2022

Паустовский мен Париж

301 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жазушы Паустовскийдің «Телеграмма» деген шағын ғана әңгімесі бар. Қаладағы жалғыз қызын күткен жалғыз шеше күнде хат жазады. Ал қыздың жұмыстан өмірі қолы тимейді һәм хат жазуға да, ауылға баруға да аса пейілді емес. Бірде кәрі шешенің есігін түнде біреу қаққандай болады. Қызы келді екен деп қуанған шеше тұра жүгірсе, есікті қаққан ауладағы үйеңкінің бұтағы екен.

Паустовский мен Париж

Әңгіменің бар жаны осы сюжетте тұрғандай. Дәл осы оқи­ғадан сұмдық әсер алған гол­ливудтық актриса Марлен Дитрих гастрольмен Кеңес Ода­ғына келгенде Паустовскийді арнайы шақыртып, бір ауыз орысшасын айта алмай, тізе бүгіп, жазушының қолын сүйген. Жалпы, әдебиеттің басты һәм мәңгілік тақырыбы адам емес пе... Қалам ұстағанның бәрі өмір­ді жырлайды. Паустовский әңгі­месіндегі кейуананың терезесін түрт­кен бұтақ та – өмір: жалған үміт, тоңған жүрек, толған сағы­ныш. Әлқисса.

Паустовский Мұхтар Әуезов­тің ұлы Елдар дүниеге келгенде күміс қасық сыйлаған деседі. Балаға есім қойылмағандықтан, қасыққа «Екінші Мұхтарға» деп жазу жаздырыпты. Иә, Әуезов пен Паустовскийдің тағдыры Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында тоғысты. Паустовскийлер отбасы 1941 жылы Қазақстанға эвакуацияланған көптеген өнер және мәдениет қайраткерімен бірге Алматыға келеді. Бұл туралы Римма Артемьеваның «Кон­с­тантин Паустовский. Повороты cудь­бы» атты мақаласы бар. Он­да «Паустовский жақын досы Рувим Фраерман мен ұлы Ва­димге Алматыдағы өмірі туралы жазған хатында: «Қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов деген ғажап адамның үйінде тұрып жатырмыз. Ол бізге бір бөлмесін босатып берді», дейді» делінген.

Бұл жылдары Әуезов «Абай» роман-эпопеясының бірінші томын аяқтап жатса, Паустовский «Жүрек тоқтағанша» атты пьеса­сымен жұмыс істеді. Одан бөлек «Туған жердің түтіні» романы да осы уақытта басталған. Паустовский Әуезовтен бес жас үлкен һәм кейінірек өмірден өтті. Аумалы-төкпелі заманда үйін­де тұрған, құрметтеген қа­зақ жазушысының үлкен сый­лықтар алғанын көрді. «Абай» романының орыс тіліне аудары­лып, басылып шыққанына да куә болды. Алайда, ең қызығы, Паустовский Әуезов туралы бір­де бір естелік-мақала жазбапты.

Сол Паустовский Парижді ерекше жақсы көреді. 1962 жылы КСРО мен Батыс елдерінің басшылары арадағы дауды енді тек мәдениет қана тоқтата алатынын түсініп, түрлі рухани басқосулар ұйымдастырады. Соның бірінде Француз әдебиеті қоғамының шақыруымен Парижге үш Кеңес жазушысы келеді: Константин Паустовский, Виктор Некрасов пен Андрей Вознесенский.

Журналистер қонақтар тоқ­таған қонақүйдің алдына күнде жиналып, қаумалап алатын. Ал жетпіс жастағы Паустовский инсульт алған соң тез шаршайтын, сұхбаттан да қашып жүрді. Ерте жарықта қонақүйден үнсіз шығатын ол Париждің майда көшелеріне кіріп кетеді екен. Жазушы, ең алдымен, базарға барады – түрлі түстерге тамсанып, әр бұрыштан шуылдасып жатқан халықтың диалект сөздерін тыңдайды. Сосын Сенаға жаяу тартып, бір кітап дүкенінен екіншісіне сенделіп жүреді. Париждің қоңырқай көшелеріндегі көзге түспейтін бір кафеде тамақтанады.

Сөйтіп, жүрген Паустовский, тек бір журналистен бас тарта алмапты. Ол оның француз аудармашысы Лили Дени болатын. Дени орыс классикасынан 200-ге жуық шығарманы тәржімалаған. Сондықтан да аудар­машы өзін Паустовскиймен сөйлесуге толықтай хақылы санады. Сұхбат камераға жазылып, кейін жазушы өмірден өткен соң – 1968 жылдың шілдесінде жарық көрді. Ал Париждегі әңгі­ме Ресейде тек 1990 жылдары ғана басылып жатты. Аз данамен жарияланған сұхбатты сол уақытта көп адам оқи да алмады.

Лили Дени мен Константин Паустовский.

1962 жылдың қысы

Мен оны қонақүй бөлмесінен таптым. Кішкентай адам дене­сіне жабысқан күртешемен орын­дықта отыр екен. Жұп-жұ­­қа жү­зіндегі терең әжімдер күзгі жапырақтың тамырындай жа­йы­лады. Сұхбатты неден бас­тауым керек? Оның бос сөзді ұнат­пайтынын білемін.

Сонда мен оған қарап жай ғана жымия салдым. Әңгімеміз бас­талды.

– Парижге келу үшін дәрі­гер­лердің тыйымын елемедіңіз. Неге?

– Өйткені бұл менің бар өмі­рімнің арманы еді. Сіз Париж­дің біз үшін не екенін, француз мәдениетімен қаншалықты тәрбиеленгенімізді білмейсіз ғой.

– Сонымен Париж сіз ойла­ғандай ма екен?

– Ойша, мен мұндағы әрбір тасты білетінмін. Бірақ бұл қаланың сұлулығы – оның өңсіз тұмандары. Міне, мен Луврға барамын, залдарды аралаймын, ойланамын, санам сергіп қалады. Біз үшін сталиндік кезең қандай болғанын ешкім білмейді. Ол миллиондаған адамға моральдық зиян шектірді.

– Осыны айтып, КСРО жау­ларын қуантасыз ғой.

– Бұл жағдайда олар апатты жасағандардың өздерінен артық емес.

– Мұның бәрінен қалай өт­тіңіз?

– Мен ғана емес, Каверин, Шкловский, Всеволод Иванов, Казакевич, Ахматова. Жас кезі­мізде «ажал келсе, күліп тұрып қуамыз» деуші едім. Бірақ қа­зір күлкі де күшсіз болатын уақыт келді. Білмеймін, тіпті... Бәлки, аман қалғанымыз жай ғана кездейсоқтық шығар. Оған қоса, мен әрқашан Мәскеуден мүмкіндігінше алыс жүрдім.

– Осының бәрі бір күні қайталануы мүмкін деп ойламайсыз ба?

– Жеке басқа табыну дәуірінде болған барлық дүниеге зиянсыз, тіпті табысқа жетуге тырысатын адамдар бар. Бірақ олар Сталинді ақтаған сайын жеке басқа табыну құрбандарына, қарапайым адамның ар-ожданына қатысты сұмдық әрекет жасайды. Бас­қалар бәрін ұмытқан жақсы дейді. Жоқ! Егер адамдар бәрін сол сәтте ұмытатын болса – олар­ға шындықты айқайлап айту керек, оны барлық кезде һәм бар­лық жерде қайталау керек. Бұл өткеннің қайталанбауына көмектеседі. Бұзылулар бола ма? Мүмкін. Алайда батылдық жазушының үшінші ұстанымы деп бекер айтылмаған.

– Неге сіздерде қазіргі француз әдебиетін аз аударады?

– Бұның жауабы қарапайым. Жиырмасыншы съезге дейін бәрі «Батыс уын» таратудан қорықты. Мен оптимиспін және парасаттылыққа сенемін. Өмір өте баяу ағып жатыр, сонда да оның ағынын кері қайтару мүмкін емес. Менің ойымша, сіздер бізге сөзбе-сөз кіріп келесіздер. Біз нағыз ренессанстың, орыс прозасының жаңа алтын дәуі­рінің алдында тұрмыз. Бұл үшін екіжақты аударма еркіндігі аса қажет. Сондай-ақ мен бәрі айта алатынына және айтылатынына сенемін. Демек біз сіздерді көбірек оқитын боламыз... Негізі әдебиеттеріміздің жаны әртүрлі, десек те біз қырық жыл бойы мәдениетті сақтауды басты мақ­сат еттік.

– Әдебиеттің майталмандары деп кімдерді айтасыз?

– Мериме, Флобер, Мопассан.

– Ал орыс жазушыларынан ше?

– Өзім өте жақын араласқан Исаак Бабель және Гончаров пен Дос­тоевскийден басқа классиктер.

– Неге Достоевский мен Гон­­ча­ровтан басқа?

– Бұл кәсібилік мәселесі. Басқа жазушылар мені жазуға шабыттандырады. Ал Достоевскийді оқысам, қолымнан қаламым түсіп кете береді.

– Себеп?

– Мен Достоевскийдің талантын жоққа шығармаймын, бірақ бәріне белгілі, оның жазуы тым қоңырқай, мұңды. Оның кейіпкерлерінің көбісін қа­былдаймын: тек Карамазовтың әкесі мен Смердяковтан басқа – бұл сұмдық ауыр. Жаңа айт­қанымдай, мен оптимиспін, тіпті нағыз романтикпін деуге де болады. Әрине, әр дүниені дәл сол қалпында көремін, бірақ мен өмірді сүйемін, сол үшін маған айналамдағы кез келген деталь қымбат. Сізге бір нәрсені мойындайын, егер мен бір жағдайларда тартынып яки күмәнданып жатсам, өзіме сұрақ қоямын: «Ал сен жиырма жасыңда не істер едің?» Сөйтіп, шешімге келемін.

 

Париж. 1968 жыл.

(сұхбатты аударған автор)