Осыдан он шақты жыл бұрын түрік әріптестеріміз Анадолыдағы Ұлыдағты (Uludağ) аралатты. Қазіргі заманмен, технологиямен үйлескен орындардан бөлек түрік Ұлытауы үстінде екі мешіт бар екен. Мұның бәрі екі дүниенің обал-сауабын ойландыратынын аңғардық.
Жаратқан ие бәрінің сәтін келтіреді. Қазақ Ұлытауы жаңғырып, қоғам санасында қайта түлеп жатыр. Бұл – аса зор құбылыс. Елеулі рухани-тағылымды табыс.
Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығына орай Жошы хан кесенесі іргесінде тұрғызылған заманауи «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени кешенін мемлекетіміздің зор мақтанышы деуге толық негіз бар. Оның үстіне кеше ғана Ұлытау облысы елдің жеке аумақтық бірлігі ретінде ресми жұмысын бастады.
«Жақсы ой жақсылық шақырады» деген, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтайдың бірінші жиыны Ұлытау басында өткізілгенін қалың жұртшылық, соның ішінде зиялы қауым игі нышанға балады.
Мемлекет басшысы Ұлытау биігінен айтқан сөзінде Жаңа Қазақстан ұғымы мен ұстанымына қатысты: «Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады», деді.
Ал Ұлттық құрылтайдың қызмет бағдары мен қағидатын: «Біз ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет. Бұл – Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті», деп түйіндеді. Міндеттің жүйесі – жалпыұлттық бірлікті нығайту, реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру, жаңа технологиялар арқылы жұртшылықты реформаларға қатыстыру. Ел басшысы мұны «билік пен қоғам әріптестігі» деп айқындады.
Президент баяндамасының өн бойындағы мемлекетшілдік идеяға, тарихқа, халық мүддесіне, қазіргі елдің сан салалы қауіпсіздігі мен дамуы туралы пайымдар, ой қорытындылар, тәжірибе талқысы Құрылтай мүшелерін бейжай қалдырмады. Елдің түкпір-түкпірінен келген қоғам өкілдері өзекті пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды.
Әрине, есептеулі уақытта жиналғандар ішіндегі аузы дуалы, сөзі уәлі тұлғалардың бәрі де сөйлеп немесе ой тастап үлгермейді. Сондықтан «пікір қоржынының» жаңа форматы белгіленді.
«Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны қандай жол көрсетті және несімен есте қалады?» деген сұраққа 4-5 дәйек айта аламыз:
1) Дәстүрлі иманды жол. Жаңа Қазақстан елдіктің жаңашыл белесін мемлекеттілігіміздің бастауында тұрған хандардың рухына тағзым етуден бастады.
2) Құндылықтарды халыққа жақын ету жолы. Егемендік пен тәуелсіздік ұлықталатын Республика күні – 25 қазан, азаттық жолында шейіт болған қаһармандарға Тағзым күні – 16 желтоқсан болып айқындалғаны да жақсылықтың нышаны.
3) Еңбектің қадір-қасиетін ұғыну жолы. Еңбекқорлық – құндылыққа, ұлт сипатының асыл қасиетіне айналу қажеттілігі қадап айтылды. Мұны да халық үні, халық мүддесі дей аламыз.
4) Әділдікті түйсіну мен өмір салтына айналдыру жолы. Мұның Ұлытауда, ұлттың төрт тараптың басын қосқан тарихи орында айтылуының салмағы да, жөні де ерекше.
5) Ғылым-білімді өзектендіру мен қуаттандыру жолы. Қазақ тілін ғылым, техника, бизнес тіліне айналдыру сөз болды. Ана тілімізді IOS тілдер жүйесіне қосқан Apple компаниясы секілді әлемдік ынта-ықыластың мәні пысықталды.
Ұлытау жолы – елдіктің жолы, парасаттың биігі. Халқымыз «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпайды. Әлемдік, өңірлік сын-қатерлер күрделенген тұста Қазақстанды оразды елдердің қатарына апаратын жол ашық, іс-әрекет берекелі болғай!
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
Ұлттық ғылым академиясының академигі