Аймақтар • 21 Маусым, 2022

Мол өнімнен үмітті

117 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарлық диқандар көктемгі егіс жұмыстарын аяқтап, енді жауын-шашынның молынан түсуін тілеп отыр. Суармалы алқабы бар шаруалар бұған аса алаңдай қоймас. Олардың ойында – егін бітік шығып, өнімді тиімді бағамен сатудың амалы. Не десек те, мемлекеттің шапағатын сезініп отырған жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға атсалысқаны абзал.

Мол өнімнен үмітті

Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының мәлі­метіне сүйенсек, биыл егіс алқабы 1 554,7 мың гектарды құрап отыр. Өткен жылмен салыс­тырғанда дәнді дақылдар алқабы 19,2 мың гектарға, күн­бағыс 6 мың гектарға, картоп 1,7 мың гек­тар­ға, сәбіз 0,2 мың гектарға, қы­рық­­­­қабат 0,1 мың гектарға және пияз 0,2 мың гек­тарға арт­қан. Сонымен қатар, мал азығы да­қыл­­дары жос­пар­дағы көр­сеткіш­тен жоғары тұр. Өңірдегі бар­лық жемшөп дақылдары 102,9 мың гектарға тең.

Егіс науқанына барлық моди­фикациядағы 4 462 трактор және 245 егіс кешені жұмыл­дырылған. Көк­темгі дала жұмы­старын жүр­гі­зуге 4,1 млрд теңге қаражат бө­лініпті. Ал субсидия­лау ісіне 1,8 млрд теңге қарас­ты­рылған.

Егіс жұмыстары аяқ­талды екен деп минералды ты­ңайт­қыштарды қолдану тоқ­тап қал­майды. Осы ретте, жер­гі­лік­ті диқандар ты­ңайт­қыш­тар­ды са­тып алу бо­йынша 17,8 мың тон­наға келісім­шарт жа­сас­қан. Бүгінде «Мине­ралды ты­ңайт­қыштардың құнын субсидиялау» және «Тұ­қым ша­руа­шы­лығын дамытуды қолдау» бағ­дарламалары шеңберінде өті­німдер қабылданып жатыр.

Биыл облыс әкімдігі қолда­уымен азық-түлік қауіпсіз­дігін қам­тамасыз ету және ауылшаруа­шылық дақылдарын өсірудің тиім­ділігін арттыруға қатысты бір­қатар шараны қолға алған бола­тын. Сәйкесінше, көкөніс, бақша және­ дәнді дақылдар ал­қабы артып, егін­шілікпен ай­на­лысатын ша­руаларды суб­си­­диялауға бө­лі­нетін қаражат көле­мі де ұлғайып келеді.

 

Павлодар облысы