25 Сәуір, 2014

Мал асылданбай, төл көбеймейді

854 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
OLYMPUS DIGITAL CAMERA Елбасы халыққа арнаған Жол­дауында агроөнеркәсіп кешені дәстүрлі саламыз екенін атап өтіп, инновациялық бағытқа түсірудің жолдарын белгілеп берді. Фер­мерлер алдына кездейсоқ жетіс­тіктерді малданып қалмай, жаһан­дық ауыл шаруашылығы өндірі­сінде оның өсімін тынымсыз арттыру, ол үшін жаңа технологияларды кеңінен қолдану міндеттерін қойды. Бұл орайда, Қазақстанды ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік елге айналдырудың маңызы зор. Бұл талаптарды ғылыммен үйлестіре жүргізгенде ғана белгілі жетістіктерге жетеріміз анық. Осы тұрғыдан сөз сабақтасақ, мал тұқымын асылдандыру жайлы ерекше әңгімелеуге тура келеді. Жасыратыны жоқ, бұл бағытта қыруар шаруалар атқарылғанымен, күнгейімізден көлеңкелі жақтарымыз әлі басым екені анық байқалады. Десек те, мемлекет қолдауының арқасында мал шаруашылығы өнімдерінің өнеркәсіптік жүйесін құру арқылы экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын аңғару қиын емес. Әсіресе, үкіметтік бағдарламалар шеңберінде мал семірту алаңдарының, асыл тұқымды репродуктор шаруа­шы­лықтарының құрылуы тың іске серпін беріп, өз өмір­шеңдігін айқын танытып отырғанын айта кеткен жөн. Облыста 2015 жылға дейінгі мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданып, ол бойынша 10 мың басқа арналған семірту алаңдарын, 4 мың бас асыл тұқымды мал өсіретін репродуктор шаруашылық құру, 15600 басқа шақталған фермерлік қожалықтар құру жопарланған. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, тапсырманың артығымен орын­далатын түрі бар. Олай дейті­ні­міз, кенжелеп қалған салаға демеуқаржы молынан бөлініп, көптеген жеңілдік шаралары қарастырылған. Бір ғана мысал. Жуырда Мамлют ауданындағы «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінде еліміз бойынша тұңғыш рет асыл тұқымды мал төлін сұрыптау қолға алынды. Жергілікті мамандар Астанадан келген ғалымдардың жәрдемімен аталық малды жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеуге кірісті. Бұл шаруашылық соңғы жылдары мал шаруашылығын табысты ұйымдастырып келеді. Оның ішінде етті мал тұқымын өсіруге ден қойды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың демеуқаржысы арқылы мұхиттың арғы жағынан 200 бас абердин-ангус тұқымдас тайыншалар сатып алды. Оның саны қазір 600 басқа жетті. Табындар кейін басқа да өсімтал ірі қара малдармен толығып, репродуктор шаруашылық мәртебесіне ие болды. Былтыр өзге шаруашылықтарға 50-ге жуық асыл тұқымды бұқа сатты. Енді ғылыми-инновациялық озық жетістіктерге шындап бет бұрды. Жас төлдер жылжымалы зертханада орнатылған шетелдік УЗИ сканерден өткізіліп, ет бағытына лайықтылары бірың­ғай сұрыпталады. Сонымен бір­ге, мал ұрығы да сарапталып, болашақтағы төлдеу қабілеті ай­қын­далады. «Ғылыми иннова­ция­лық орталық» ЖШС бас маманы Әнуарбек Бейсенбаевтың айтуына қарағанда, мұнда ғылымның соңғы технологиялық жетістіктері кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, малдың салмағы, өсу жылдамдығы, бір килограмм салмақ қосу үшін жұмсалатын жемазық мөлшері анықталады. Еттің сапасы ультрасанографтың көмегімен бағаланады. Тіпті, аталық малдың 12-ші және 13-ші қабырғалары арасындағы бұл­шық еттің қалыңдығы мен тері астындағы майға дейін өлшенеді. Міне, ғылыми қамтымды экономика құру арқылы Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру деп осыны айтады! Сыртқа сатылатын малдың арнайы төлқұжатына инновациялық орталық өкілдері жасаған зерттеулердің нәтижесі жазып қойылады. Бұрын әлемдегі мал өсірушілердің 2-4 пайызы ғана ангус тұқымын өсірсе, қазір бұл көрсеткіш 40-45 пайызды құрайды. Жергілікті бұзаулардың тәуліктік салмақ қосуы 500-700 грамнан аспаса, ангус төлі 1-1,5 килограмм салмақ қосады. Осылайша Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі жанынан ұйымдастырылған ғылыми-инно­вациялық орталық облыстың екі шаруашылығымен асыл тұқымды мал төлінің қасиеттерін зерттеуді ғылыми тұрғыда жүргізу жөнінде тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып отыр. Мұндағы мақсат–шетелден әкелінген малдың пайдалылығын жоғалтып алмау. Аталмыш шаруашылықтарда әрбір бас мал күніне бір килограмнан артық салмақ қосса, алдағы уақытта үш килограмға дейін жеткізу міндеті тұр. Мал тұқымын асылдандыру­дың тағы бір озық жобасы Есіл ауда­нына қарасты «Бесқұдық» ЖШС-де 2008 жылдан бері жүзеге асы­рылып келеді. Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі мен Дүниежүзілік банктің «Ауыл шаруашылығы өнімінің бәсекелестігін арттыру» бағдарламасы бойынша «Құйрықты қойлардың тұқымы мен құнарлылығын арттыру» жобасына қатысып, 12 миллион теңге грант ұтып алған. 2010 жылы асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алды. Содан бері құйрықты қойлардың тұқымдық сапасы мен өнімділігін арттыру, жоғары генетикалық әлеуетті тұқым алу, азықтандырудың ұтымды жүйесін әзірлеу және енгізу, асылдандыру жұмыстары дәйектілікпен жүргізіп келеді. Мал шаруашылығы өнім­дерін өндіру малды сұрыптау, азықтандыру және күту технологиялары негізінде атқарылады. Ғылыми сарапталған сұрыптау-асылдандыру шаралары қойлар­дың тез жетіліп, салмақ қосуына мүмкіндік берді. Мұнда қазақтың қылшық жүнді құйрықты қой­ларын өсіру тектен-тек таңдалған жоқ. Қыстың аязына, жаздың құр­ғақшылығына төзімді. Жайылым таңдамайды. Тоқтала кететін бір мәселе бар. Ол қосалқы шаруашылықтардың мал басын көбейтуге деген талпы­ныс-талабының үкіметтік деңгейде шешілмеуіне қатысты. Оларға қолдағы малдың 80 пайызы тиесілі екенін, өндірген өнімдерін делдалдар арзанға пұлдап алып кететінін ескерсек, мемлекет тарапынан демеуқаржы қарастыратын мезгіл жеткен сыңайлы. Жұртшылық ет, сүт өнімдері бағасының төменді­гін, керісінше, жемшөптің тым қым­баттылығын көлденең тартады. Осының салдарынан жұмсаған шығын ақталмайтындықтан, төрт түлік өсіруді қиынсынатындар жиі кездесіп жатады. Сонда Жолдауда айтылған «фермерлер ұзақ мерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына тікелей шыға алатын» жағдайды қалыптастырар едік. Кей аудандардың асыл тұқым­ды бұқалар сатып алып, жеке аулаларға үлестіруі құп­тарлық болғанымен, кешенді шараларды қолға алмай болмайды. Күлбарам БАЯЗИТОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, доцент, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Солтүстік Қазақстан облысы. Агро5бет-2 Агро5бет-3
Соңғы жаңалықтар