25 Сәуір, 2014

Жапандағы жалғыз үй

430 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны барар жері, басар тауы болмағаннан кейін 4 ұл-қызымен орман ішіндегі жеркепені паналауға мәжбүр болып отыр. Пәтер жалдайын десе, тапқан-қапқаны бала-шағаның нәпақасынан артылмайды. Құрқылтайдың ұясындай баспананың аумағы бар-жоғы 20 шаршы метр. Үйдің іші электр қуатымен ғана жылытылады. Балалардың алды 7-ге толса, кішісі емшекте. Мектепте оқитындары алты шақырым жерге күн сайын жаяу-жалпылап қатынайды. Аққу Байділдина былтыр желтоқсанда кенжесі Дәмеліні дүниеге әкелісімен бірден үйіне сұранған. Себебі, қыстың көзі қырауда терезеден қарап, аналарын зарыға күтіп отырған 3 баласының жайы қабырғасына қатты батқан. Көпбалалы ана не пеші, суы жоқ, едендері мен қабырғалары жұп-жұқа үйді 1 миллион теңгеге сатып алып, алыпсатарлардың қармағына түсіп қалса керек. Осылайша, солтүстіктің қытымыр қысын әзер өткерген жайы бар. Ақтауда облыстық қаржы полициясында аға лейтенант болып қызмет еткен әйел қазір декреттік демалыста. 3 жыл бұрын күйеуінен ажырасып, туған жері – Петропавлға келген. Гаражын сатып, оған бар жиған-тергенін қосып, қайыңды орман ішіндегі саяжайға қолын әзер іліктіргенге ұқсайды. Жаң­быр сәл-пәл себелеп өтсе, ми батпаққа оранған жолмен жүру – бір машақат. Балалар да, өзі де аурушаң. Пәтер кезе­гінде 2765-ші болып тұр. Был­тыр бұл кезек 200 адамға ғана жылжыған. Бұрынғы күйеуі төлейтін алимент пен бала­лардың жәрдемақысын қос­қанда отбасылық табыс 40 мың теңгеден аспайтын көрінеді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.