Биылғы Балалар жылының аясында осы Оқушылар сарайының тәлімгерлері ерекше сыйлыққа ие болды. Жақында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Оқушылар сарайына арнайы келіп, балалардың игілігі үшін микроавтобус сыйлады. Бұдан былай балалар түрлі конкурсқа, жарысқа, экскурсияға осы шағын автобустармен тасымалданады. Және тура осындай құрмет Текелі қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығына да көрсетілді. Оларға да жаңа микроавтобустың кілті берілді.
– Мемлекет басшысының шешімімен биыл Балалар жылы жарияланды. Барлық жақсылықты, игілікті өздерің сияқты кішкентай балдырғандарға ұсынамыз. Еліміз жаңа даму жолына бет алды. Жаңа Қазақстанды өркендететін өздеріңсіңдер. Оқушылар сарайында көптеген үйірмеге қатысасыңдар, Жетісу жерінің табиғаты көркем, баратын, көретін жерлері көп. Сондықтан біздің жеткіншектер Жетісудың әдемі жерлерін аралап, саяхат жасап, мәдениет мекемелеріне, театрлар мен спорт сарайларына баруы үшін микроавтобус сыйлауды жөн көрдік, – деді оқушылармен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Мұнан кейін облыс басшысы Оқушылар сарайының жұмысымен танысты. Әкім 3D-модельдеу мен робот құрастыру зертханасында, үй шаруасына бейімдейтін шеберханада болып, мемлекет қайраткері Д.Қонаевтың өмірі мен қызметіне арналған музей бөлмесін, көркемсурет, хореография және ІТ-кластерін, планетарий залын аралап көрді. Сол сияқты кеме құрастыратын шеберхана, шахмат, тау туризмі, роботтехника кабинеттерінде болып, балалармен сөйлесті.
Жетісу облысы