Медицина • 21 Маусым, 2022

Жаңа ұғым енгізген дәрігер

628 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде Қазақстанда күн сайын 200-ден астам адамға кардиохирургиялық операция жасалады. Отандық дәрігерлер жылына 76 мыңға жуық сырқатты ажалдан арашалайды. Осы тұрғыда жүрекке операция жасау ісіне қомақты үлес қосып жүрген мамандардың бірі – Бегылан Стамбол.

Жаңа ұғым енгізген дәрігер

Бегылан Стамбол – дарынды дәрігер ғана емес, Қазақстанның денсаулық сақ­тау саласына жаңа серпін, тың технология алып келген білікті маман. Әсіресе өзі маманданған жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу ісіне алғашқылардың бірі болып, интервенциялық кардиология ұғымын енгізіп, жаңа үдерісті жүзеге асырып отыр. Ол жүрекке стенд қою үдерісін үдетуге ден қойған. Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын елімізде жүрек-қан тамырлары ауруы­нан жылына 80 мың адам көз жұмса, бүгінгі таңда бұл қауіпті көрсеткіштің беті қайтып 4,5 есеге кеміді.

Мемлекет тарапынан қолға алынған кешенді бағдарламалар медицина саласына үлкен ықпал етті. Мәселен, медицина саласына заманауи технологиялар енгізі­ліп, жан-жақтан білікті мамандар тартылды. Қазір Қазақстанда күн сайын 200-дей адамға кардиохирургиялық операция жасалады. Отандық дәрігерлер осылайша жылына 76 мыңға жуық науқасты ажалдан аман алып қалып отыр.

Б.Стамбол әуелі Қытайдың жоғары оқу орнында медицина бойынша білім алды. Сонда жүріп кардиология са­ла­сында жоғарғы көрсеткіштерге жетіп, Орталық Азия бойынша танымал Бей­жіңдегі ауруханаға жұмысқа қабыл­данады. Ауруханада жүріп Бегылан мырза елде қызмет етуді армандайды. Өйткені Қазақстан жайлы қастерлі ұғым дәрігердің туған топырағынан, атаның қаны, ананың сүті арқылы әу бастан бойына дарыған болатын.

– Меніңше ұлттық қасиет адамға отбасынан сіңеді. Мәселен, біз он балалы үлкен отбасында өсіп жетілдік. Әкеміз мектеп директоры, көбіне сыртта болады да, біз шешеміздің тәрбиесін көрдік. Әке-шешеміз «қолыңнан келсе елге көмектес, алдыңа келген адам әпкең, бауырың не әке-шешең секілді болуға тиіс, сен солай көруің керек» дейтін. Қазақта «елден сұрама, екі көзің шығады, Тәңірден сұра, екі бүйірің шығады» дейді. Яғни саналы адам өмір бойы ізденіп өтуі керек. Біз басқа мемлекетте туып, ержеттік. Мемлекетті құрушы ұлт емеспіз. Бірақ туған ортам – ұлттық азаттық үшін күрескен жер. Сол топырақ пен судан да бойымызға ұлтшылдық тараған болуы мүмкін. Мен оқыған орта мектепте тарих пәнінен сабақ беретін парасатты кісі болды. Қытай тарихы және дүние тарихы деген пәндер болатын. Ол кісі дүние тарихын өтіп жатып, бізге қазақ туралы, қазақтың неше мыңжылдық көне тарихы жайлы сыр шертетін. Сол кезден бізде ұлттық сезім пайда бола бастады. Ол шақта Қазақстан тәуелсіз ел емес. 1991 жылы еліміздің тәуелсіз ел болғанын асыға тостық. Бірінші Өзбекстан секілді мемлекеттер тәуелсіз болып жатты, ал он екінші айдың 16-ы күні еліміздің тәуелсіздік алға­нын естігенде бөркімізді аспанға атып, жан-тәнімізбен қуандық, – дейді дәрігер.

2004 жылы Шанхайға іссапармен ұш­қан бір академик орта жолда жүрегі сыздап ауруханаға түседі. Жүрегіне операция жасауға Бегылан Стамбол да қатысады. Операциядан соң академик Бегыланға елге оралу жайлы пікір айтады. Сонымен қатар академиктен кейін Қазақстаннан көптеген азамат дәрігерге барып қаралады.

– Қаншама науқас бар, бірақ олар­дың Қазақстаннан келуге жағдайы жоқ екенін естідім. Содан соң өз елімде жұмыс істесем, адамдарға көмек көрсетсем, қара су мен қара нанды жесем де еркіндікте жүрсем деген арман туды. Бейжіңде айлық жүйесі жоғары жолға қойылған, жақ­сы жағдай жасалады. Бірақ елге келу жайлы арман жетелеп, әке-шешеммен, аға-бауырларыммен Қазақстанға келу жайлы ақылдастым. «Елге барайын, жүрегім солай қарай тартып тұр. Өзімді-өзім тежеп жүргеніммен бәрібір бұл арман мені тыншытпайды» дедім. Сонда әкем: «Балам, елің жаңадан тігіліп жатқан үй, сен еліңе не аламын деп барма, не беремін деп бар. Мүмкін қиналарсың, бірақ жүрегіңде осындай сезім болуы керек» деді. Шыны керек, елге алғаш келген кездегі жалақым айтсам сенбейтін боларсың, 47 мың теңге болды. Бірақ мен оны азсынған жоқпын, – дейді дәрігер.

Бегылан жүрек ауруларының туу себеп­терінің ең басты себебі – көңіл күйдің төмен­деуі екенін айтады. Бүкіл аурулардың негізгі шығу түйткілі жүйке жүйесінде жатса керек. Мәселен, айлық жалақысы мол мемлекеттерде өмір сүру жасы­ның жоғары болатыны жайлы ақпараттар бар. Бұл жөнінде: «Жалпы жүрек-қан та­мырларының қатерлі себептеріне темекі шегу, холестериннің жоғарылауы, қан қысымы, семіздік жатады. Мұның ішінде көңіл күй өте маңызды. Америкада жария­ланған мәлімет бойынша, ұзақ жасайтын адамдардың бірінші әдеті – көңіл күйдің дұрыс сақталуы. Қазақта «қайғыдан жүрегі жарылып кетіпті» дейді. Қайғыдан жүрек жарылып кетпейді, қайғыдан жүрек тоқтап қалады. Қатты қайғырған кезде біздің қан қысымымыз көбейеді, сол кезде гормондарымыз да артады. Соңынан қатты спазм болған кезде егер жүрек бұлшық етіне қан дұрыс жетпеген жағдайда ошақ пайда болып, жүректің қатер ырғағы бұзылса, жүрек тоқтап қалады. Ал үнемі кері кө­ңіл күйде жүрген адам барлық ағзасын тал­қандап, зиян келтіріп жүреді. Қазіргі жас­тар­дың аурушаңдығының негізгі себебі осы депрессиялық көңіл күйден», дейді дәрігер.

Бегылан Стамбол – өз ісінің білгір мама­ны ғана емес, медицина саласының өркен­деуіне бірден-бір жанкүйер дәрігер. Ол кардиология саласының жетістіктері мен алға озуына жан-жақты ізденіс арқылы үлес қосушы. Дәрігер сонымен қатар бүгінгі медицина саласында болып жатқан маңызды мәселелер жөнінде де пікір білдірді.

– Медиктер қам-қайғысыз жұмыс істеу керек. Мәселен, Қытай не үшін дамыды? Қытайдың бір билеушісінің мақалы бар: «Ақ мысық, қара мысық, тышқан ұстағаны жақсы мысық» дейді. Жұмысты өнімді істеген, ізденген адамдарды бай баласы ма, кедей баласы ма, шенеуніктің баласы ма, оған қарамай еңбек етуге мүмкіндік беру қажет. Ал бізде ізденгісі келетін дәрі­герлер бар, бірақ оған тұрмыс жағдайы жар бермейді. Сол үшін бір ауруханада күн­діз, бірінде түнде істейді. Одан біз не кү­теміз? Еш нәрсе күте алмаймыз. Бұл мәсе­­лені шешудің бірден-бір жолы – медицина саласының жалақысын көтеру қажет. Екінші мәселе, сырттан мықты мамандар тарту ісін бұдан да үлкен деңгейде жолға қойсақ ұтамыз. Қытай АҚШ-тан жоғарғы жалақы төлеп мықты мамандарды тарту арқылы өз медицинасын дамытып отырды. Келген маман кемі он шақты өзі секілді білікті маман даярлайды. Мұның бәрі таптырмас олжа. Бізде де осындай жұмыстар атқарылса нұр үстіне нұр, – дейді дәрігер.

Пандемия кезінде науқастардың өмірі үшін жанын қиған дәрігерлер қауымы – қазіргі заманның батырлары. Ерлік істер кейде көзге көрініп, қолға ұстала бермейді, ол жүректің қуатымен, жанның жігерімен жасалады. Күн сайын әр адамды ажалдан арашалап, жүрегіне үміт пен өмір сәулесін құйып жүрген мейірім шырақшылары қандай құрметке де лайық.