Туризм • 21 Маусым, 2022

Айдыны Алакөлдің айнадайын

244 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісудың інжу-маржаны саналатын Алакөл жағалауында қауырт тірлік басталды. Мұн­да жазғы маусым ашылып, ши­палы көлдің суына шомы­лу­шылардың алды келіп жатыр. Биыл миллионнан астам адам жағажайда демалады де­ген болжам бар. Ал былтыр Ала­көлде 1 млн 400 мың адам дем­алып, 8,5 млрд теңгеге туристік қызмет көрсетілген екен.

Айдыны Алакөлдің айнадайын

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алакөл – өңірдегі туристік әле­уеті зор аймақ. Сондықтан өңірдің туристік тартымдылығын одан әрі арт­тыру үшін көл жағалауындағы инфра­құрылымды дамыту басты мін­дет. Оның ішінде Алакөлге апа­ра­тын жолдарды жөндеу де басым­дық­тардың бірі болып отыр. Жал­пы, Алакөл жағалауын дамытудың бас жоспарына сәйкес сумен, электр­мен қамту, кәріз жүйесін жүргі­зу қол­ға алынған. Биыл жағалауда 3 ірі ин­вес­тициялық жоба жүзеге асыры­лып, ірі демалыс орындары іске қо­сыл­ған. Оларда жалпы саны жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жоба­ларға
3 млрд теңгеге жуық инвес­тиция тар­ты­лыпты. Бүгінде жа­ға­лау­ды қор­шау жұ­мыстары бас­талған. Ақши мен Көк­тұма ауылдарында жалпы ұзын­дығы 13,4 шақы­рым жағалау қор­шалуға тиіс. Әзірге қоршалған жердің аумағы 770 метр шамасында екен.

Сол сияқты жағалаудағы 210 ту­рис­­тік нысанның орталық кәріз жү­йе­сіне қосылуына мүмкіндік ту­ды. Жүйенің үшеуі орнатылған. Ен­ді бе­сеуі жақында іске қосылмақ. Жос­пар бойынша қарашада құры­лыс жұ­мыстары толық аяқталады. Қазір қы­сымын тексеру, іске қосу жұмыста­­ры жүріп жатыр. Дегенмен жобаның ­ІІ кезегін іске қосу сәл кешеуілдеуде. Мәселен, тәулігіне 6,5 мың текше метр­лік кәріз тазарту құрыл­ғысын салу демалыс нысандарынан шыққан пай­даланылған су ағынын тазарту мәсе­лесін шешуге тиіс.

Бүгінде Ақши ауылын сумен қам­ту мәселесі шешілген. Өткен жылы желтоқсанда жағалаудағы су жүйесі іске қосылған. Қазір Тоқжайлау, Қоңыр, Бибақан, Кеңес ауылдарына су тартудың қажетті құжаттары әзірленуде. Теректі, Лепсі, Көктұма, Бұлақты ауылдарындағы су жүйесі қайта жаңғыртылады. Мұнан бөлек Ақши ауылына электр желісін тар­туға жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы 67,4 шақырым желі жүргізіліп, қайта жаңғыртылады. Мамандар мұнда­ғы электр тұтыну қажеттілігі 10 МВт болса, бұл шара оны әлі де толық көлемде жабуға жеткіліксіз екенін айтады. Сондықтан тағы 1 жобаға құжат әзірлеуге қаржы бөлініп отыр. Яғни Бескөлден Ақшиге дейін және Ақши – Көктұма – Ақтоғай бағы­тында екінші линияны тарту керек. Осы желілердің әрқайсысы үшін қолданыстағы қосалқы стансалар­ды қайта жаңғырту қажет. Ал қыс­та жинақталатын артық электр қуа­тының тапшылығы бар Достық беке­тіне бағыттау межеленіп отыр.

Сондай-ақ Үшарал әуежайын­да ұшып-қону жолағы кеңейтіліп, қай­та жаңғыртылуда. Жұмыстар аяқ­талғанда Үшаралға үлкен ұшақтар да еш кедергісіз қатынамақ. «Жетісу» әуе компаниясының президенті Қал­тай Дөңсебаевтың айтуынша, ұшақ қонатын жол толықтай жаңартылып болып қалды. Құрылыс компаниясы жұмыстарын алдағы шілде айының ортасында толықтай бітіреді деп жос­парланып отыр. Сонда күніне 8 рейс қатынап, 500-дей жолаушы қабылданатын болады.

Айтпақшы, Талдықорған – Өске­мен автожолының жай-күйі, құрылыс жұмыстарының қазіргі ахуалы облыс әкімдігінің басты назарында екен. Жақында Алакөл ауданына арнайы сапармен барған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкіліне құрылысқа тиісті техникалардың көптеп тартылуын, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Жалпы, жол, бірінші қабатты асфальт төсемі биыл төселіп бітуге тиіс, басты көпірлердің құрылысы да аяқталуға жақын екен. Енді жолмен көлік қозғалысын жүргізуге болады. Ал асфальттің негізгі қабаты келесі жылы төселеді. Яғни Талдықор­ған – Үшарал бағытындағы жолдың игілігін көретін уақыт алыс емес.

Осы сапарында Алакөл жағасын­да қажетті инфрақұрылымдарды жүр­­гізіп жатқан мердігер компа­ния­лардың өкілдерімен сөйлескен Бейбіт Исабаев бюджет қаржысын оңды-солды жұмсауға жол берілмей­тінін қадап айтты. Құрылыс материал­дарының қымбаттауына байланыс­ты жобаның алғашқы нұсқасына түзетулер енгізу керектігін алға тарт­қан «Көлсай Строй» ЖШС мердігер компаниясына ұсыныстар тиісті құ­жаттармен дәлелденіп, негізделуі керектігін ескертті.

– Осындай ірі жобалардың конкурсына қатысар алдында кез келген компания өз мүмкіндіктерін шы­­найы бағамдауы керек. Жұмыс көлемі, кадрлар саны мен біліктілігі, техниканың мүмкіндіктері – бә­рін де салмақтау керек. Барлық тәуекел­дерді, соның ішінде баға өсімін де зер­делеуге тиіс. Соның бәрін кон­курсқа дейін түсініп, шешіп алу керек еді. Жобада жоспарланған 10 млрд теңгенің алғашқы траншын келісімшарт бойынша алдыңыздар. Бұл бюджеттің қаржысы, халықтың ақшасы. Жұмыстың 8 айдай тұрып қалғанын, тиісті жұмыс көлемі орын­далмағанын халыққа қалай түсін­діреміз? Жобаға түзету енгізу туралы өтініштеріңіз негізді ме, жоқ па, алдымен қараймыз. Нақтыланса, қол­дау көрсетуге әзірміз. Басқаша бол­ған жағдайда қатаң шаралар қабыл­дайтын боламыз, – деді Бейбіт Исабаев.

 

Жетісу облысы