Министр Бағдат Мусин Қоғамдық кеңестің мемлекеттік органдар қызметіндегі айрықша рөлін атап өтті. «Қоғамдық кеңестердің арқасында өзекті мәселелер көтеріліп, қоғамдық пікірлер айқындалады. Азаматтық қоғам мен мемлекет бірігіп жұмыс істесе, біздің жобаларымыз да нәтижелі және тиімдірек болары сөзсіз», деді Бағдат Мусин.
Министрліктің аппарат басшысы Арман Кенжеғалиев ведомствоның бюджеттік бағдарламасы бірнеше стратегиялық бағыт бойынша, соның ішінде ІТ-саланы дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру, ақпараттық қауіпсіздік деңгейін көтеру, аэроғарыш саласы мен тағы басқа да бағыттарда жүзеге асқанын атап өтті. «Стратегиялық бағыттар бойынша жалпы сомасы 118 млрд теңгеге 10 бюджеттік бағдарлама іске асырылды. Былтыр министрлік 18 мақсатты индикаторға қол жеткізді және көбінің көрсеткіші жоспарланған межеден асты», деді Арман
Кенжеғалиев.
Министрлік пен мекемеге қарасты ұйымдар адамға бағдарланған сервистерді дамытуға да күш салып жатыр. Қазіргі таңда 18 цифрлық құжат қолжетімді және бұлтты ЭЦҚ енгізілді. Сондай-ақ негізгі әлеуметтік маңызы бар 23 мемлекеттік қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мысалы, бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді SMS арқылы алуға болады, бүгінде 81 мың адамға осындай қызмет көрсетілген.
«Біз «видео ХҚКО» жобасын іске қостық. Үйден шықпай-ақ қызмет алуға мүмкіндік беретін бұл қызметті 17 650 азамат пайдаланған. Яғни алдағы уақытта адамдар ХҚКО-ға бармай-ақ, қашықтан консультация алып, тіпті мемлекеттік қызметтерге де қол жеткізе алады», деді Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Мейірбек Мұқатов.
Соңғы жылдары байланыс сапасына үлкен көңіл бөлінуде. 2021 жылы 628 елді мекенде интернет сапасы жасқартылған, 2022 жылы 140 ауылда осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте азаматтар тарапынан байланыс сапасына ресми шағым түсетін болса, жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Заңбұзушылықтар расталған жағдайда операторларға айыппұл салынып, байланыс сапасын жөндеу туралы нұсқама беріледі. 2021 жылы 562 тексеру жасалып, жалпы сомасы 132 млн астам теңгеге айыппұл салынды.
Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы 5G технологиясының сынағы сәтті өтті.
ІТ-білімге бейімделген адами капиталды дамыту жүйесі – министрлік қызметіндегі маңызды бағыттардың біріне айналды. «ІТ-факультеттерді ІТ-компаниялардың қамқорлығына беру, «Виртуалды мұғалім» жобасын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 300 мың маман оқытылды. ІТ-мамандық бойынша білім алуға 100 ваучер бөлінді, әр ваучердің құны – 600 мың теңге. 2025 жылға қарай 20 мың ваучер беру жоспарланған», деді Мейірбек Мұқатов.
Геодезия және картография саласында да қомақты жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта Қазақстан территориясы 100 пайызға цифрланған – 272 млн га жер ресурсы, соның ішінде 22 млн га егістік; 127,7 млн га жайылымдық жер (68%); 18,6 млн га орманды алқап.
Жердің цифрлық нұсқасын жасау барысында 1,1 млн га жайылымдық жер мен 19,6 млн га егіндік игерусіз жатқандығы, сондай-ақ 2 641 ағаш кесу полигоны, 6,5 млн га өртенген жер, 7,3 мың заңсыз қоқыс орны, кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру бойынша 21 оқиға, жерді заңсыз иелену бойынша 391 мың оқиға анықталған.