Сессияға қатысқан мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер, Нұр-Сұлтан қалалық ҚХА ғылыми-сараптама тобы, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесінің және Жастар қанатының өкілдері мемлекеттік тілді дамыту, патриоттық тәрбие, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс секілді мәселелерді талқылады.
«Бүгінде елордада тұратын қазақтардың саны 1 005 147 құрап отыр. Сонымен қатар 140 569 орыс, 14 329 украин, 12 788 татар, 11 558 өзбек,
9 509 неміс, 7 353кәріс, 5 715 қырғыз, 4 4416 әзірбайжан, 4 047 белорус, 2 826 ингуш, 2 734 поляк, 1 611 ұйғыр, 1 529 шешен, 1 332 башқұрт, 1 309 армян, 831 молдаван ұлтының өкілдері тұрақты қоныстанған. Қай ұлт болмасын қазақ жерін атамекенім деп ұрпағын өсіріп, ауасын жұтып, тыныс-тіршілігін өрбітетін болса ол міндетті түрде қазақ тілін құрметтеп, сөйлеу қажет», деп есептейді «Тұран-Астана» университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Владимир Шнайдер. Сессияда ана тілдің мәртебесін сөз етіп, қазақ тілінде пайымды баяндама жасаған неміс ұлтының өкілі – сонау 1941 жылы елге қоныс аударған немістердің екінші ұрпағы.
«Тіл кереметі мен сөз құдіретін сезініп, түсінуден барып, адамның бойында отаншылдық түйсік маздайтын болады. Бірнеше тілді еркін білу – бүгінгі өмір талабы. Осы қағиданы ұстана отырып, болашақ ұрпақты қазақ тілінде сөйлеуге, күнделікті өмірде қазақ тілін қолдануға шақыру да сіздер мен біздердің басты міндетіміздің бірі екенін күн тәртібінен шығаруға болмайтынын айтқым келеді. Жастарымыздың бойына қазақ тілінің қыр-сырын, байлығы мен ең асылдарын сіңіру арқылы біз өскелең ұрпақтың бірегейлігін қалыптастыра аламыз. Осы бағытта аянбай еңбек етейік, болашағымызды жарқын етейік!», деп ол жиналғандарды қазақ тілінде сөйлеуге шақырды.
Ал Ассамблея хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Индира Рыстина елдегі саяси өзгерістерге байланысты халық арасында жүргізілген зерттеу нәтижелерін сөз етті. «Ел азаматтарының 76 пайызы заңға қабылданған түзетулер елдегі жағдайды жақсартуға көмектеседі деп есептейді. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 83 пайызы Президент Қ.Тоқаевтың саяси реформаларын қолдайды. Бұл деректер Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының социологиялық зерттеуінің нәтижелерімен тығыз байланысты. Респонденттердің
94%-ы елдегі саяси жағдайды тұрақты деп бағалағанын атап өткім келеді. Қазақстандағы ұлтаралық келісімді сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты қазақстандықтардың 88 пайызы қолдайды. Бұл ұлтаралық келісімді нығайту мен саяси реформаларды жалғастыру бір-бірімен тығыз және өзара байланысты екі процесс екенін білдіреді. Сондай-ақ Ассамблея конституциялық өзгерістер мен саяси реформаларды жүзеге асырудың белсенді қатысушысына айналады», деді ол.
Сонымен қатар Индира Рыстина Ассамблеяның алдында тұрған міндеттерді де атап өтті.
«Ассамблеяның Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша белсенді түсіндіру жұмысы бірінші орынға шығу керек. Ассамблеяның орталығы және өңірлердегі барлық коммуникациялық алаңдары қалың жұртшылықты оның ішінде Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары, ғылыми сараптамалық қоғамдастығы, этномәдени бірлестіктердің жастары мен этностарды тарта отырып осы бағытта жұмыс істеуі керек. Республикалық және өңірлік «Достық үйлерінің» барлығында Ассамблея мүшелері этномәдени бірлестіктерді тарта отырып саяси реформалардың жүзеге асырылу барысын түсіндіру үшін сарапшыларды дайындау жөніндегі әдістемелік орталықтар ұйымдастырылады», деді ол.
Іс-шара соңында елорда әкімінің орынбасары Берік Жәкенов Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының жаңадан сайланған екі қоғамдық орынбасары – «Жастар» сарайының директоры, ҚХА мүшесі Сергей Солодовников пен Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пакты таныстырды.