Аймақтар • 22 Маусым, 2022

Ілгері адымдаған Іле ауданы әлеуметтік мәселеден де ада емес

359 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісудан енші алған Алматы облысының негізгі арқа сүйері өндіріс ошақтары екенін мамандар саралап отыр. Яғни енді аймақ экономикасының дамуы­на аумақтағы ірілі-ұсақты өндіріс орындары сеп болмақ. Өйткені облыстың өнеркәсіп өнімі көлемінің 35 пайызын осы аудан шығарады.

Ілгері адымдаған Іле ауданы әлеуметтік мәселеден де ада емес

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ауданда 309 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 245 кәсіпорын өңдеу өнеркәсібін өркендетіп отыр екен. Ал өткен 5 айда ауданда  241,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 19,2 пайызды құрапты. Экономикалық дамудың көшбасшысына айналған «Филип Моррис Казахстан», «Джей Ти Ай», Raimbek-Agro, Galans Bottlers, «Первый пивзавод», «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» сияқты алты жүйе құраушы кәсіпорын осы Іле ауданында орналасқан. Аталған өнеркәсіп өндірісі аудандағы өндіріс көлемінің жартысынан астамын шығарады, яғни 54 пайызға жеткен. Нәтижесінде, жергілікті бюджетке түсетін түсімдері де қомақты, ол үлес 42 пайызға жеткен. Жалпы, 2026 жыл­ға дейін Алматы өңірінде жалпы құны 1 трлн теңге болатын 134 инвестиция­лық жобалар пулы құрылуда. Олар­ды жүзеге асыру нәтижесінде 9 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Мұндағы Іле ауданының үлесі орасан. Ал аудан инвестиция тарту бойынша 17 па­йыз үлеске ие, бұл облыстағы екінші орын. Сол сияқты ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға жақсы көңіл бөлінген. 2021 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 213 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Іле ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 71,5 мың гектарды құрайды. Сол сияқты жалпы алаңы 6,9 гектар болатын 36 жылыжай бар, өндіріс қуаттылығы жылына 190 тонна, алайда 25 жылыжай жұмыс істемей тұр екен. Суармалы жерлерді ирригациялық желілермен қамтамасыз ету үшін биыл «Самбет» 1,8 мың гектар және «Свиносовхоз­ный» 484 гектар магистралдық арналарын қалпына келтіру мақсатында күр­делі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек, ауданда 60,7 мың бас ірі қара бар. Соған сәйкес бордақылау алаңдары мен тауарлы сүт ферма­ларын көбейту міндеті күн тәртібін­де тұр. Облыстағы 11 құс фабрикасы­­ның төртеуі осы ауданда. Өңірдегі құс еті мен жұмыртқа өндірісіндегі ауданның үлесі қомақты.

Әрине, ауданда жайылымдық жердің жетіспеушілігі, тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, білім мен денсаулық сақтау және бас­қа да әлеуметтік маңызы зор бағыт­та ше­шімін күткен мәселе де жоқ емес. Бү­гінде ауданда тұрғын үй кезегінде 5 412 адам тұр. 2021 жылы Өтеген ба­тыр кентінде 618 млн теңгеге бір 60 пәтер­лі несиелік үй салынған. Ал биыл ауданда 161,3 мың шаршы метр тұрғын үй­дің құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқ­ты мегаполиске жақын орналасқан аудан­да үш ауысымды мектеп мәсе­лесі де өзекті. Бүгінгі таңда облыста осындай 54 мектеп болса, оның жиыр­масы Іле ауданында, яғни 3 384 оқу­шы орнына тапшылық бар. Осы мәселені шешу мақсатында 2021 жылдан бас­тап 5 100 оқушы орнына арналған 4 мек­теп­тің құрылысы Боралдай, Жаңа­талап, Көкқайнар, Междуреченск ауылдарында жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны – 16 млрд теңге, осы жылы 12 млрд теңге бөлінді. Биыл Жаңаталап ауылын­дағы мектеп қолданысқа беріледі, басқа мектептердің құрылысы 2023 жылы аяқталады деген үміт бар.

пе

– Жалпы, Іле ауданында шешімін күткен мәселелер баршылық. Соның ішінде жаңа қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тарту жұ­мыс­тарын тұрақты жүргізу керек. Сыртқы нарыққа бағдарлана отырып, сапалы ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін жаңа технологияларды белсенді енгізу де маңызды. Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және оларды ұтымды пайдалану жұмысын жандандыру керек. Жердің нысаналы мақсатын негізсіз өзгертуге енді жол берілмейді. Қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтай отырып, жеке тұрғын үй құры­лысы үшін инженерлік инфра­құры­лыммен қамтамасыз етілген жер учас­келерін беру және жер дерек­терін цифрлау бойынша қажетті шара­лар қабылдаймыз. Халықты орталық­тандырылған сумен, су бұру жүйесімен және газбен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алып отырмыз, – дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

 

Алматы облысы