Қоғам • 22 Маусым, 2022

Жастарға жаңа мүмкіндік

645 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастардың проблемасы жетерлік. Биік мінберлерде айтылып-ақ жүр. Шешу жолдары да ұғынықты. Енді сөзден іске көшетін кез келді. Қаңтар оқиғасының ортасынан көбіне жұмыссыз жастар табылғандығын ескерсек, пайдалы жобаларды жүзеге асыратын уақыт жетті. «Жаңа Қазақстан» идеясының мақсаты да сол емес пе?!

Жастарға жаңа мүмкіндік

Жақында Павлодар қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Аза­маттық бастамаларды қолдау орталығының қол­дауымен «Жастарға мүмкіндік!» тақыры­бында кездесу ұйымдастырылды. Шара «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлес­тігі қоғамдық қорының «Жастарды әлеумет­тендіру және оңалту» жобасы аясында өтті.

Қоғамдық қордың президенті Арман Әубәкірдің айтуынша, жоба алғаш рет 2018 жылы Батыс Қазақстанда іске қосылған. Бүгінде жастар тарапынан зор қолдау тауып, республика көлемінде ұйымдастырылуда.

– Әр өңірдегі жастарды жұмысқа орналастыруға тырысудамыз. Әсіресе жастардың кәсіпкерлермен байланысын жолға қойып отырмыз. Себебі жастардың көбі жеке бизнеспен айналысқанды тәуір көреді. Жастар үшін шеберлік сабақтары тегін, – дейді А.Әубәкір.

Іс-шара барысында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің өкілдері жер­гілікті жұмыспен қамту орталығы және Жастар бастамаларын дамыту орталығы мамандарымен бірлесіп, adyrna.kz сайтына тіркелу үшін арнайы формалар әзірледі. Екі қолға бір күрек іздегендер өздері жайлы деректерді онлайн-платформаға енгізді. Ен­дігі жерде жастардың әрқайсысымен байланыс орнатылып, курстар мен шеберлік сабақ­тары өткізіледі. Жоба ел жастарының өзін-өзі дамытуына септігін тигізеді деген сенім мол.

Жобаны жандандыру үшін барлық өңірде кәсіпкерлердің халықпен кездесулері өткізілмек. Бұл ретте іс-шара барысында студенттер өңір кәсіпкерлеріне сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды. Бизнес­мен­дер өздерінің жетістіктері туралы айтып берді. Ал жұмыспен қамту орталығының қыз­мет­керлері мемлекеттік бағдарламалар мен жұмысқа орналастыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың бағыттарын түсіндірді. Гранттық жобалардың жай-жапсары айтылды.

 

Павлодар облысы