Аймақтар • 22 Маусым, 2022

«Егеменнің» Темірі

549 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін ұзақ жыл атқарған Темір Құсайын ағамыз былтыр 64 жастан асқан шағында кенеттен дүние салды. Зейнет демалысына шықса да қаламын тастамай, жергілікті басылымда бірнеше жаңа жобаға мұрындық болған тәжірибелі тілші тірі болса 19 маусым күні 65 жасқа толар еді. Ардагер азаматты еске алуға арналған кеш оның туған жері – Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында өтті.

«Егеменнің» Темірі

Аудан орталығындағы мәдениет үйіне жиналған халық әуелі Темір ағаның өмір жолын, еңбек жетістіктерін, танымал тұлға­лармен кездескен сәттерін бейнелеген фото­көрмені тамашалады. Содан кейін «Көңілден өшпес бейнесі» атты деректі фильм Темір Нағымұлының ғибратты ғұмы­рын түгел қам­тып, көрнекі тұлғасын көз алдымызға әкелді. Темкеңнің өзіне тән жуан қоңыр даусымен «Еділ мен Жайық» әнін шырқап тұрған сәті таспаланған бейнежазба ойналған сәтте кей замандасы көзіне жас алды. Қазталов халқы біртуар ұлын – Темір Құсайынды сағынған екен. Сахнаға шығып, сөз алған әр адамның аузынан шынайы естелік, сағы­нышты сезім төгіліп жатты...

Темір Нағымұлының журналистік қызме­тінде жүріп жеткен жетістігі, алған мара­паты аз емес: «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болды. 1995 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығын алса, 1996 жылы республикалық «Жыл жур­налисі» атанды. 2020 жылы Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мәжі­лісі бел­­гілеген «Парламент сөзі» арнайы сый­лығын жеңіп алды. Одан бөлек, жерлес­тері «Қаз­талов ауданының Құрметті азаматы» ата­ғының белгісін өңіріне таққан. Бірақ осының бәрінен де Темекеңе ең көп ай­ты­латын анықтауыш – «Егемен Қазақ­стан­ның» тілшісі» деген атақ еді.

...Әлі есімде, 1992 жылы ҚазМУ-дың жур­­налистика факультетінің екінші курсын тәмамдап, облыстық «Орал өңірі» газе­тіне өндірістік тәжірибеден өтуге келдім. Редак­цияның ең беделді әрі жауапты цехы – қоғамдық-саяси бөлімнің меңгерушісі Темір Құсайынов екен. Бір айлық практика кезінде жетекшім болып, жөн-жоба көр­сеткен Темір аға көп ұзамай «Егемен Қазақ­станның» мен­шікті тілшілігіне ауысқан. Міне, сол қызметті табан аудармай ширек ғасыр бойы абыроймен атқарған ағамыздан 2017 жылы меншікті тілшілік эстафетаны қабылдап алыппыз. Оралда қатар жүріп еңбек етіп, талай мәрте қам­қорлығын да көрдік, ақыл-кеңесін де алдық. Темір Құсайын, шын мәнінде, Батыс Қазақ­станның бас газет­тегі өкілі, достыққа адал, ізінен ерген іні-қарын­дас­тарына қамқор жан еді.

Темір аға өзінен бұрын еліміздің бас газе­тінде екі-ақ тілші қызмет еткенін мақта­нышпен айтатын. Батыс Қазақстан облысы 1932 жылы құрылса, 1942 жылы облысқа алғаш рет Мұса Хателов меншікті тілші болып тағайын­далыпты. Ол кісі бұл жұмысты 1975 жылға дейін үздіксіз 33 жыл бойы атқарып келген. Одан кейін бұл қызметті Павлодар облысынан Оралға ротациялық жолмен ауысқан Боранғали Ырзабаев 17 жыл атқарған. Ал 1992 жылы қызметке кіріскен Темір Нағымұлы 2017 жылға дейін Батыс Қазақстан облысында, 2020 жылға дейін Ақтөбе облысында меншікті тілші болды. Өз үйіндей болған осы «Егеменнің» редакция­сынан зейнет демалысына шықты. Саналы ғұмыры «Егемен Қазақстан» газетінің сапында өткен Темір ағаның бұл ұжым дегенде пейілі бөлек, ықыласы ерекше болатын.

Былтыр 19 қазанда Темір аға аяқастынан дүниеден өтті. Дәл сол кезде біз Алматы қала­­сында іссапарда жүрген едік. Әріптес аға­ның қапия қазасы талай адамды есеңгіретіп кетті. Өйткені Темір ағаның жүріс-тұрысы ширақ, кеудесі тың идеяға толы болатын. Жер­гілікті «Жайық Пресс» медиахолдингінің жұмысына белсене араласып, облыстық «Орал өңірі» газетінде Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығына орай тақырыптық беттер, тұрақ­ты айдарлар жүргізе бастаған. Шын мәнінде, өңір тарихын, тәуелсіздік шежіресін Теме­кеңнен артық білетін адам аз еді. Ол өзінің туға­нын­дай болған «Егемен Қазақстан» газетін де ұмыт­пады. Мәлі­меті көп, мәселе көтерген мақа­лалары үзбей шығып жатты. Аты суық ажал шіркін асыл азаматты бір күнде алып кетеді деп кім ойлаған?!

...Кейінірек бір кездескенде, Темір ағаның жақын досы, заң саласының ардагері Бақтияр аға Баймырза маған мына жайтты айтты. Қара­лы хабарды бірінші естіп, досының шаңы­рағына бәрінен бұрын жеткен ғой: «Темкең үйі­нің үлкен жағында әдеттегідей етпетінен түсіп жатыр екен. Қолында «Егемен Қазақстан» газе­тінің соңғы нөмірі...».

Бұл рас. Күн сайын газеттің әр санын баспаханадан алып оқып, өзіне ұнаған мақа­ланың авторына сол бойда телефон шалып, құттықтау – ағаның үйреншікті әдеті еді. Өзгенің жетістігіне балаша қуанып, кейінгі толқын әріптес іні-қарындастарына әкелік, ағалық қамқорлық көрсетуден танбайтын. Оралда кейінгі буын біраз тілшінің жеке қуанышында – үйлену тойын­да бас құда болып, жастардың қызметінде жүрді. Кез келген басқосуда ел назарын өзіне аударып, ақтарылып өлең оқу, жуан қоңыр даусымен әндете жөнелу – Темір ағаның ерекше қасиеті еді. Дуды көрсе тұра алмайтын тұлпар текті Темір Құсайын – жігіттің сұлтаны, азаматтың абзалы еді...

Темір ағамен қатар жүрген тағы бір әріп­тес ағамыз Сүлеймен Мәмет 2017 жылы аға­ның 60 жасқа толған күні «Тегеурінді Темір» деген мақала жазды.

«Темірдің бойында қалыптасқан жақсы адами қасиет бар. Соған дәйек келтірер болсақ, ол алдындағы екі әріптесі дүниеден өткенде оларды соңғы сапарға аттандыру шараларын мүлтіксіз атқарғанын жұртшылық әр кез еске алып жүреді. Боранғали Ырзабаев тұрған үйге ескерткіш тақта қою шарасына ұйытқы болып, көзі тірісінде шығарып үлгере алмай кеткен өлеңдер жинағын Орал қаласындағы «Дастан» баспасынан шығарып беруі оның кісілігі мен кішілігін танытады» дейді мақала авторы.

Шынында да, Темір ағаның елгезек қал­пымен талай-талай игі істің басы-қасында жүргенін біреу біледі, біреу білмейді. Қаз­талов ауылында өткен еске алу кешінде Темір Нағымұлының бір туған бауырлары, ұлы Қуаныш жақсы аға, аяулы әкенің шынайы болмысын танытатын естеліктерін айтты. Оның кіндік қаны тамған туған жері алдында, әулеті мен отбасы алдында да перзенттік, адами міндетіне адал болғанын естіп толқыдық.

Осы еске алу кешінде Темір ағаның үзең­гілес серіктері, қатар жүрген қаламдастары да жантебірентерлік сөздерін айтты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғай­сағали Сейтақ пен Дариға Мұштанова, Са­ғын­тай Бисенғалиев, ардагер журналист Мү­­сірбек Айташев, еңбек ардагері Лавр Хай­­ретдинов, Бақтияр Баймырза, «Жайық Пресс» медиахолдингінің басшысы Та­былғали Сапаров және басқалары Темір Нағымұлының жарқын бейнесін еске алды. Темір ағаның тұяғы, жалғыз ұлы Қуаныш Темірұлы ел алдын­да ақтарыла сөйлеп, әкесінің 2020 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лі­сінен алған «Парламент сөзі» арнайы сыйлығын Қазталов аудандық тарихи-өлкетану музейіне табыс етті.

Иә, танымал тілші, отыз жылға жуық «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек еткен Темір Құсайынның мәңгі ғұмыры басталды. Асыл азаматтың есімін ел жадында қалдыру, соңында қалған мұрасын жинақтау кейінгі толқын бізге парыз екені сөзсіз. Әріптес аға­ның 65 жылдық мерейтойы тұсында жа­зылған осы лебізді ақын Ғайса-Ғали Сей­тақ­тың мына өлеңімен түйіндемекпіз:

 

ТЕМІРГЕ

Қызығы жас дәуреннің басылмастан,

Күндер-ай, кіл жайсаңның басын қосқан!

Алпыстан асқан шақта

Кім ойлаған

Айырылып қаламыз деп асыл достан?!

Секілді өмір-базар жаңа қызған,

Жоқ деген суық сөзден сана мұздар.

Аңқылдап келдің-дағы дүниеге,

Жарқылдап кете бардың арамыздан.

Мейлі, енді, аспан жыла, еңіре күн,

Таба алмас қайтып, сірә, көңіл емін.

Қастыққа қия қадам баспайтұғын

Достыққа темірдейін берік едің!

Өткен де шығар бастан сері күндер,

Қияды қиянатқа сені кімдер,

Түгелдеп замандасты,

Жазып кеттің,

Дедің бе: Бәрін-дағы беріп үлгер!

Талай дәм қалды ма екен ішілместен,

Шығару мүмкін емес ісіңді естен.

Жолыңмен тура жүріп, кеттің анық,

Қолыңнан қаламыңды түсірместен!

 

Батыс Қазақстан облысы