Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
5 маусымда Қазақстанда өткен референдум – жаңарудың заңдық негіздерін рәсімдеді. Дауыс беруге келушілер мен жаңаруды қолдаушылардың пайыздық есебіне қарап, көңіл тоғайып, елдік бірліктің әлеуеті артқанын түсінгендей болдық. Мұны сенім мен жауапкершіліктің биік үлгісі деуге толық негіз бар.
Біз осы референдум мен таяуда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай арасында бір-бірін толықтыратын табиғи сабақтастық барын жақсы білеміз. Өйткені екеуі де – сенімнің жүгін арқалаған қоғамдық-саяси білік сынағы. Дауыс беру немесе таңдау – атқарушы билік жұмысына жалпыхалықтық баға беру немесе жұртшылық өлшемі болса, жаңа форматта түрленіп жатқан құрылтай – қоғамдық пікір айнасының алаңы.
Мемлекет басшысы Ұлытаудағы алқалы жиында: «Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады. Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз», деп, қоғам алдындағы жаңашыл міндеттің парқын айқындады. Біз бұл парық осыған дейін жинақталған тәжірибеге, сондай-ақ Президент Қ.Тоқаев 2019 жылы айқындаған әділеттілік, сабақтастық, өрлеу қағидатына табан тірейтіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы құрылтайдағы сөзінің кіріспесінде тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, тағзым еткенін, Жаңа Қазақстанды құру жолында тарихи қадамның осы қастерлі орыннан басталғанын жақсы ырымға балайтынын, мемлекетшілдік тұрғысынан әйгілі хандар мен сұлтандардың ізі мен ісі ұрпағы арқылы жалғасатынын жүйелі жеткізді. Ұлт тарихындағы елдік пен мемлекетшілдік бастамалардың іргелі негіздерін байыптады.
Өздеріңізге мәлім, бұған дейін елдегі өзекті мәселелерді талқылап, атқарушы биліктің тиісті құрылымдары мен қоғамның арасында алтын көпір болған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі тарих жүктеген міндетін қал-қадерінше орындады. Енді оның сапалық жалғасы Ұлттық құрылтай болатыны БАҚ-та, әлеуметтік желілерде мейлінше талқыланды. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейге көтереді деген үміт бар.
Құрылтай – ұлтымыздың тарихи жадында, дала демократиясында бар формат. Кезінде ел басына күн туған сын сағаттарда ата-бабамыз ортадан халық өкілдерін сайлап, келелі мәселелерді осындай құрылтайларда шешті. Аузы дуалы, сөзі уәлі азаматтардың ой-пікірін, жоба-ұсынысын талқылап, ортақ және оңтайлы пәтуа жасасты.
Ұлытауда тұсауы кесілген Ұлттық құрылтайға тоқталсақ, ол жаһандық геосаяси жағдай құбылған кезде, кешегі қаңтар қасіретінен кейін елдік береке-бірлік күн тәртібіне қойылған шақта өмірге келді. Елімізде көтеріліп жатқан Екінші республика, Жаңа Қазақстан бастамалары ұлт зиялыларынан, қоғам белсенділерінен, ғалымдар мен мәдениет тұлғаларынан, түрлі этнос өкілдерінен, жастардан қоғамның өзекті, шетін мәселелеріне байланысты бастама жобаларды, жанашыр әрі ділгір идеяларды күтеді. Бұрын Ұлттық кеңес қысқа мерзімді саяси реформалар мен экономикалық мәселелерді талқыласа, Ұлттық құрылтай Қазақстанның ұзақ мерзімді даму перспективаларын анықтайтыны белгілі болып отыр. Құрылтайда халыққа абыройлы, танымал тұлғалар ой-пікір айтумен бірге, қордаланған мәселелерді шешу амалдарын көрсетіп, байыпты байламдарды үкіметке ұсынады. Ол – нақты істердің тетігі болады деп сенеміз.
Ұлттық құрылтай Ережесінде Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органның немен шұғылданатыны, жиын мерзімдері, ұсыныстары мен шешімдерінің салмағы мен бәсі нақты көрсетілген. Мемлекет басшысының өзі төраға болып бекітілген Құрылтай – саяси күштердің, қоғамдық бірлестіктердің басын қосатын аса ірі алаң немесе парламент емес, ол – қоғам белсенділері мен сарапшылардың атқарушы билікке, қоғам дамуына көзқарасын айқындайтын кеңесші құрылым.
Саяси реформалар өз деңгейінде жүре бастағаннан кейін түрлі жаңа партиялар, саяси ұйымдар өмір жүзіне шығады. Олардың арасындағы табиғи бәсеке, үйлесім қалыптан шығып, саяси күреске немесе текетіреске ұласпауы үшін, ұйысқан қоғамға жік түспеуі үшін Құрылтай ортақ құндылықтарды қалыптастырып, өзара түсіністік пен береке мәдениетінің өзегі бола алуы керек. Мемлекет басшысының пікірінше, елдегі түрлі пікірталас алаңдарынан Құрылтайды ерекшелендіретін сипат – оның кең ауқымдылығында, жұмыстың сапасы мен тиімділігіне тікелей әсері бар азаматтардың бас қосуында, халықтың үнін, мұң-мұқтажын, талап-тілегін шынайы жеткізе алуында. Баяндамадағы елшілдік ойдың астары көп нәрсені аңғартады.
Қоғам жаңаруының классикалық жүйесін экономикалық жаңару, саяси жаңару, әлеуметтік жаңару, мәдени жаңару құрайтыны мәлім. Олар нарықтық экономикаға, демократияға, қоғамның еркіндігіне табан тірейді. Экономикалық жаңару ғылым жаңалықтарына, еңбек бөлінісіне, өндірісті тиімді басқаруға сүйенеді. Ал саяси жаңарудың мәні – халық мүддесін көздеген құрылымдық реформаларға қоғам мен биліктің қол ұстасып кірісуінде. Яғни саяси өзгерістер қоғамның бар мүшесіне, жігіне қолжетімді болуы керек. Ойлана қарасақ, Президент идеясымен өмірге келген Ұлттық құрылтайдың функциясы осыған сәйкес келеді. Бұл жерде әлеуметтік жаңарудың да маңызы алдымыздан шығады. Оның мәні – әлеуметтік құрылымдармен біте қайнасқан қоғамды қалыптастыру. Мұнда таразының екі басында ашықтық пен заң жауапкершілігі тұрады. Қоғамдық-саяси өмірге жолдама алған Ұлттық құрылтай осы шетін мәселені де үйлестіреді деп үміттенеміз. Енді төртінші арна – мәдени жаңаруға келсек, оның асыл мұраты – қоғамдағы әрбір жанның, әрине, соның ішінде айтары бар мен берері бардың білімін, білігін, шығармашылығын, сезім мен сенім мүмкіндіктерін қолдау. Оның арғы жағында ғылым, зерде, ақыл-парасат тұр. Құрылтай құрамына бағамдап, аталған құрылымының бұл бағдарға да елеулі септігі тиетініне сеніммен қараймыз.
Алқалы жиында Президент Құрылтай алдындағы міндеттер жүйесін белгіледі. Олар: жалпыұлттық бірлікті нығайту, реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру, жаңа технологиялар арқылы жұртшылықты реформаларға қатыстыру. Мұның нәтижесі билік пен қоғам әріптестігін жаңаша қалыптастырып, нығайтады.
Ел басшысы Құрылтайдың әсер аймағы мейлінше кең болуы қоғамның бар жігі үшін маңызды болатынын атап өтті. Осы ретте ол елдік сұхбат алаңының жалпыұлттық жиынға айналуының тетігі ретінде жаңа цифрлы технологияны мүмкіндігінше кең пайдалану жолында арнайы Qurultay мобильді қосымшасын әзірлеуді ұсынды. Бұл онлайн жүйесінде жұртшылықпен байланысты жетілдіріп, жаңа реформаның сенімділігі мен тиімділігін арттырады.
Қ.Тоқаев елдік жиында қоғамды толғандырған бірсыпыра мәселені шешіп, халықты дүдәмал пікірден арылтты десек те болады. Оның бірі – 25 қазандағы Республика күнін егемендік пен тәуелсіздіктің рәмізі ретінде мемлекеттік мейрамға айналдыру туралы шешім. Ал 16 желтоқсан азаттық жолында құрбан болғандарды еске алу немесе Тағзым күні ретінде орнығады. Біздіңше, бұл ұсыныс – қоғамдық пікірмен санасудың және мәселені ақылмен шешудің жолы екенін аңғартты.
Жиындағы және бір мемлекетшілдік пайым – Президенттің «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» деген сұраққа өрелі жауабын айтар едік. Яғни бұл мәселеде шолақ белсенділікке салынбау, барды ұқсата отырып, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен тазалығына иек арту, көзбояушылар мен құнамақорлардан тез құтылу т.б. әлемдік тәжірибесі дәйектелді.
Құрылтай ұлттық және мемлекетшілдік дамуға игі әсер етуімен маңызды. Мемлекет басшысы осында мемлекеттік тілдің жаңашыл міндеттерінің контурын белгіледі. «Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Жақында әйгілі Apple компаниясы қазақ тілін IOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын Nickelodeоn телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен National Geographic журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді» деген тың мәліметі мен байламы бізді, білім саласы мамандарын ойлантады және жаңа жобаларға жұмылдырады деп есептеймін.
Иә, тіл – коммуникация. Сонымен бірге ол – ұрпақ санасын бекемдейтін, тарихи жадты жаңғыртатын рухани-мәдени құбылыс. Бұл орайда Құрылтайда сөйлеген азаматтар да «Рухани жаңғыру» жобасы аясында ана тілімізге аударылған гуманитарлық бағыттағы әлемдік классикалық оқулықтардың бағдарын енді техникалық және жаратылыстану ғылымдарына қарай бұруды ұсынды. Біздіңше, бұл – мәнді пайым. Жоғары білім саласы мұны біраздан бері өткір көтеріп келеді. Мәселе, әрине, қаржыға және мамандар әлеуетіне тіреледі. Қалауы табылса, мұны да шешуге болады деп есептейміз.
Құрылтай қағидаты – бірлік пен парасат, «түрлі көзқарас, біртұтас ұлт». Бұл қоғамның және мемлекеттің бар саласында көрініс табуы керек. Мемлекет басшысы 16 наурыздағы халыққа Жолдауында жаңа құрылым атауы мен тұжырымдамасын мәлімдесе, 16 маусымда оның жүзеге асқанын бәріміз көрдік. Ұлттық құрылтай қағидатының тәжірибелік мәні – қоғамның бірігуін нығайту мен кеңейтуге қатысты идеялар мен тетіктерді іздеу әрі әзірлеу үшін диалог платформасын орнықтыру. Бұл да тарихи және жаңарған Ұлытау топырағынан бастау алды.
Ұлттық құрылтай жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғам бірігуінің одан әрі дами түсуіне байланысты ұзақ мерзімді ділгір мәселелердің де жөн-жобасын белгіледі.
Елді серпілткен жағдай – осынау сұхбат алаңына жергілікті қоғамдық кеңестердің барлық жүйесінде айтылар ой-пайымның, ұсыныс пен шешімнің тоғыса алатыны. Ұлттық құрылтайдың мүшелігіне енген парламент депутаттары, саяси партиялар мүшелері, білім, ғылым, мәдениет, бизнес, медицина, спорт, адам құқығын қорғау және басқа да әлеуметтік топтар өкілдері, жас көшбасшылар мен белсенділер елдік мәміле, елдік іс жолында аянып қалмас деп ойлаймыз.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор,
ҰҒА академигі