Спорт • 22 Маусым, 2022

Бізден де әлем чемпионы шығар күн бар ма?

824 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада еліміздің шахматтан ұлттық әйелдер құрамасы мүшелерін және Қазақстан шахмат федерациясының басшыларын қабылдады. «Шахматты көп адам спорт емес дейді. Бірақ мен бұл ойынды адамнан интеллектуалдық ерік-жігер талап ететін спорттың ерекше түрі санаймын», деді кездесу барысында Президент.

Бізден де әлем чемпионы шығар күн бар ма?

Жұртымыз спорт десе, соның ішінде Олимпия ойындары дегенде атойлап шы­­ға­тыны бел­гілі. Жөн дейік. Спорт – сау­­лығы­мыздың кепілі. Алайда ақыл-ойды шы­нықтырып, шыдамды шыңдайтын шах­матқа қы­зы­ғушылығымыз қан­дай? «Реал» мен «Барселонаға» жанымыз күй­­гендей жанкүйер бола аламыз ба?

Есте болса, өткен жылы Со­чи­дегі Әлем кубогына Қазақ­станнан ең таңдаулы деген «шар­шы тақта» шеберлері төрт көзі түгел қатысты. Қаршадай қа­рын­дастарымыз талай мық­ты­ны тас-талқан ұтып жатты. Тіп­ті әлем жұртшылығы на­ғыз сенсацияға санаған ойын да біздің жерлесіміздің жеңісі еді. Ер­лер арасындағы үздігіміз Ри­нат Жұмабаев әлемнің вице-чем­пионы Фабиано Каруананың «қал­пағын қайырып» жарыс жолынан шығарып тастады. Сонда деймін-ау, отандастарымыздың осынша ойынын көріп, көзайым боларға еліміздегі қаптаған телеарнадан қағажау болар бір эфир таппай қалдық (әрине, мұндайда FIDE-нің ғаламтордағы тікелей эфирі аздық етеді).

Дүниежүзілік шахмат фе­де­рациясының (FIDE) мәлі­метінше, әлемде 600 миллионнан астам адам шахматты зор қызығушылықпен тұрақты ойнау­ды жанына серік еткен. Біздің елде «шаршы тақта шай­қасына» қызығушылар санын 300 мың адам шамасында деп есептеп жүрміз. Біреулер аз дер, біреуге көп көрінер. Мә­селе басқада: ақиқаты сол, Қа­зақстаннан әлі күнге клас­сикалық шахматтан ресми әлем чемпионы шыққан жоқ. Ал бауырлас өзбек жұрты 2004-2005 жылдардағы әлем чемпио­ны Рустам Касымджановты мақ­тан етеді. Солтүстіктегі көр­­ші­міз шахматтағы ең ірі дер­жа­валардың бірі саналады. Ана­­толий Карпов, Гарри Кас­па­ров, Владимир Крамник – бәрі де шахмат тарихында алтын әріптермен жазылатын даңқты есімдер. Келесі бір іргелес ел Қытай шахматшылары да, әсі­ресе қыздары «классикадан» чемпиондық титулды уыстан шығармай келеді.

Осындай ақыл-ой спортында дес бермей тұрған мемлекеттермен аралас-құралас отырып, бізден ресми әлем чемпионы шықпауы мүмкін бе!?

Әрине, жетістікке кенде емес­піз. Атап айтқанда, шах­мат­тың блиц түрінен ең жас әлем чемпионы – біздің Бибісара Асаубаева. Талай дүниежүзілік жарыста алдына жан салмаған Жансая Әбдімәлік пен Азия чем­пионы, 20 жасқа дейінгі жас­­тар арасындағы әлем чемпио­ны Динара Сәдуақасова бар. Биылдың өзінде жерлесіміз Қа­зы­­бек Нөгербек жасөспірімдер арасында шахматтың рапид және блиц түрлерінен әлем чемпионы атанса, осы жастағы қыздар арасында блицте Назерке Нұрғалиға тең келер қарсылас болмады. Бәрі де жас, келешегі зор шахматшылар.

Бүгінде барша жанкүйер атаулының назары Испания астанасы Мадрид қаласына ауған. Онда әлемнің 8 үздік шахматшысы 14 турдан тұратын турнир барысында қазіргі «шахмат каролі» норвегиялық Магнус Карлсенге кезекті қарсыласты анықтайды (кезекті деп отыр­ғанымыз, ол алғаш рет 2013 жылы чемпиондық тәжді ием­деніп, одан бері төрт дүркін қорғап шықты). Осы тұста айта кетейік, аталған сегіздіктің ішінде бауырлас әзербайжан жұртының үкілеген үміті Теймур Раджабов та бар. Болашақта біз де өз шахматшыларымызға осындай байрақты бәсекелерде жанкүйер болғымыз келетіні сөзсіз. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың түнеугүні спорттың осы бір ерекше түріне қолдау көрсетуді ниет еткен мәлімдемесі үміт шырағын үрлей түскені сөзсіз. Алматыда өткен BalaFest фестивалінде шахматты дамытуға назар ауда­ратынын айтты. Арада бір ай өткенде Ақордаға білікті мамандар мен мықты шахматшыларымызды арнайы қабылдайын деп отыр. Ендеше, бізден де бір ресми әлем чемпионы шығатын күн туар…

Қазақстан шахмат феде­рациясының жұмысын баста­ғанына биыл 30 жыл толады. Осы отыз жылда ауыл балаларына бүйрегі бір бұрылмай келеді. Шаршы тақтаның аппақ жемін шығарып, бояуын өшіргенше ойнайтын өжет балаларды ауыл-ауылда талай көреміз. Өз бетінше үй­рен­ген. Сұрасаң – турнир көр­меген. Басшысы жа­ңарған Фе­дерация ендігі жерде осындай шалғайдағы «шах­матшыларға» да көңіл бөлсе дейміз…

ТАРИХТАН ТӘБӘРІК:

  • 1970-1980 жылдардағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде көне Талхиз (Талғар) қаласының жұртынан пілдің сүйегінен жасалған 6 шахмат фигурасы табылды. Зерттеушілер олардың ХІ – ХІІІ ғасырларда жасалған бұйым екенін анықтаған. Демек шахмат ойыны біздің ата-бабаларымызға ежелден таныс болса керек.
  • Қазақстандағы тұңғыш шахмат үйірмесі 1889 жылы сол кездегі Верный қаласында (қазіргі Алматы) ашылды. Оған жергілікті интеллигенция өкілдері қатысқан
  • Шахматтан алғашқы Қазақстан чемпионаты 1934 жылы өтті. Бұл жарыста оралдық Исидор Лопатников жеңімпаз атанған.

 

Бесбоғда АЛТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»