Медицина • 23 Маусым, 2022

Сәулелі диагностика – денсаулық кепілі

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында медицина саласын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге баса мән беріліп келеді. Мұның өзі пациенттерге дер кезінде диагностикалық көмек көрсетуге, ем-дом жасауға айтып-жеткізгісіз жәрдем беретіні сөзсіз.

Сәулелі диагностика – денсаулық кепілі

Таяуда кеншілер астанасындағы облыстық клиникалық аурухананың терапевтік корпусын­да сәулелі диагностика орталығы салтанатты түр­де ашылды. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде ашылған Shipager медициналық орталы­ғына жоғары дәлдіктегі және жоғары тиімді КТ және МРТ аппараттары қойылған. Айта кету керек, мұндағы заманауи томографтар Қытайдың жетекші медициналық жабдық өндірушісінен сатып алынған.

Бұл аппараттардың мүмкіндігі өте жоғары. Мысалы, 64 тілімі бар КТ аппаратындағы сәулелену­дің төмен дозасы арқылы онкогематологиялық аурулары бар пациенттер жан-жақты тексеруден өте алады. Мамандардың айтуынша, облыста бұған дейін мұндай мүмкіндік болған емес.

Сонымен қатар бағдарламалық жасақтамаға пневмониядан кейінгі талдау қосылғанын да айта кеткен жөн. Енді өкпенің зақымдануы автоматты түрде есептеледі. Сондай-ақ жүрек тамырларының жағдайын диагностикалауға арналған виртуалды коронарография бағдарламалары да бар. Мұның өзі жақын арада клиникалық ауруханада 30 орындық кардиология бөлімшесін ашуға мүмкіндік береді.

MRI 1,5 Tesla аппараты жоғары деңгейде зерттеу жүргізуге және сапалы егжей-тегжейлі суреттер алуға қол жеткізді. Бағдарламалық жасақтама жұм­сақ тіндерді де, ішкі ағзаларды да тексеруге мүм­кіндік береді. Дәрігерлер әртүрлі мөлшердегі ісік­терді ерте кезеңдерде анықтай алады: мұндай жағ­дай емдеу тактикасын оңай басқаруға алып келеді.

Shipager компаниясының құрылтайшысы Денис Подгайнов жабдықтың кез келген дене салмағы бар пациенттерге есептелгенін айтады.

– Мысалы, КТ 250 кг дейін, МРТ 200 кг дейін. Орталықта рентген аппараты да бар. Маман­дар толықтай дайын, өйткені бұл мемлекет-жеке­­меншік әріптестігі бағдарламасы негізінде ашыл­ған 10-шы орталық. Онда 12 дәрігер жұмыс істейді. Зерттеулерді қашықтан сипаттауға болады. Сон­дықтан біз Қарағанды, Алматы және Мәскеуден дәрігерлерді бұл іске жұмылдырдық, – дейді ол.

рпн

Ал Қарағанды облыстық клиникалық ауруха­на­сының директоры Ержан Нұрбылаев бүгінде өңірде 27 томографтың жұмыс істейтінін айтады. Жыл соңына дейін олардың санын 30-дан асыру жоспарланған.

– Осындай жабдықтар Жаңаарқа, Осакаров және Қарқаралы аудандарындағы орталық ауруханаларға да қойылады. Ауыл тұрғындары үшін бұл жағымды жаңалық. Біз оларға жоғары мамандандырылған медициналық көмекті қолжетімдірек етуге тырысамыз, – деп атап өтті ол.

Апта бойы демалыссыз, күні-түні жұмыс істейтін орталықта тәулігіне 50 науқасты қабылдауға мүм­кін­дік бар. Терапевтік бейіндегі 300 төсектік орны бар кли­никада облыстың барлық жерінен, әсіресе ауылдық жерлерден пациенттер жатып, ем ала алады. Айта кететін бір жайт, жергілікті тұрғындардың басым бөлігінің МӘМС аясында тегін медициналық қызмет алуға мүмкіндігі бар.

 

Қарағанды облысы