Қоғам • 23 Маусым, 2022

Әлеуметтік желінің әлеуеті зор

450 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ақпарат кеңістігін зерттеп жүрген отандық сарапшылар 2020 жылды «азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігін дамытудың бетбұрыс кезеңі» деп санайды. Себебі «Осы жылы саяси белсенділік әлеуметтік желілер арқылы бастау алып, артты. Халық арасында саяси белсенділіктің артуы саяси партияларды тіркеуге өтініштердің көбеюінен және пандемия кезінде өзара көмек көрсету үшін әртүрлі әлеуметтік алаңдардың құрылуынан көрінді», дейді олар.

Әлеуметтік желінің әлеуеті зор

Сарапшылар­дың айтуынша, әлеу­меттік медианың билік пен қоғам ара­сындағы сындарлы диалог орнататын алаң ретін­де әрекет ету мүмкіндігі зор. Ал қазір әлеуметтік желіні саяси мем­лекет­тік қызметшілер осы бағытта пайдалана алып жүр ме?

Өткен жылы Қазақстанда әлеу­меттік желі қолданушыларының үле­­сі 63,5 пайызға жеткен. Eurasian Center for People Management ком­па­ния­сының жоба менеджері, сая­саттану ғы­лымдары кандидаты Айман Жүсі­пова «Қазақстандықтар әлеу­меттік желі­лерде, форумдар мен блогтарда жа­рия­ланған ақпа­ратқа талғаммен қарай­ды. Панде­мия кезінде халықтың ақпа­раттық сауаттылығы артты, оқыған, есті­ген ақпаратын сүзгіден өткізіп, қай­та тек­серуге машықтанып келеді», дей­ді. «Мәселен, арнайы жүргізілген сауал­дама нәтижесі оған қатысқан аза­мат­тардың 16,54 пайызы жария­лан­ған ақпаратқа толық сенеді, 12,22 пайызы мүлдем сенбейді, 65,28 пайызы кейде сенетінін көрсетті», деп атап өтті Айман Жүсіпова. Сондай-ақ сарап­шының айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасын әлеуметтік желілер ар­қылы жүзеге асыруда мемлекеттік мекемелер өкіл­дерінің, жекелеген мемлекеттік қызмет­шілердің әлеу­меттік желілерде белсенді болуы өте маңызды.

Алайда бүгінде олардың көпші­лігінде нақты стратегия жоқ. Неге? Сарапшылардың көпшілігі «Өйт­ке­ні олар әлеуметтік желілерге аса мән беріп, маңызына терең үңіле бермейді, немқұрайды қарайды», деген пікірде. Мұны PR саласындағы еліміздің жетекші мамандарының бірі Ерлан Асқарбеков те қостайды. Ол бүгінде Қазақстанның мемлекет­тік қызметшілеріне коммуникация сала­сында тренингтер жүргізіп келеді. «Курсив» ақпараттық сай­тына берген сұхбатында сарап­шы: «Оқыту сабақтарына негізі­­нен баспасөз хатшылары мен қоғам­мен байланыс бөлімдерінің бас­шы­­лары қатысады. Жалпы алған­да, олар әлеуметтік желілер жұ­мы­­сының қыр-сырын түсінеді, жұрт­шылықпен қарым-қатынастың қалай құрылатынын біледі. Алайда мемлекеттік құрылымдардың бірін­ші басшылары жұмысбастылықты желеу етіп мұндай тренингтерге мүлдем келмейді. Бұл дұрыс емес, өйт­кені қазір олардың көпшілігінің әлеуметтік желілерде аккаунттары бар, олар өздері қарап отыру­ы қажет. Тіпті арнайы тренингке қатысқан баспасөз хатшылары олар­дың жеке деп танылған әлеуметтік желілерінде пайда болған «жағымсыз пікірлерге», халықтан келіп түскен сауалдарға дер кезінде жауап бере алмауы әбден мүмкін», деді. Бұл мәселеге салғырт қарау мемлекетке зиян екенін атап өтті ол. «Соның салдарынан мемлекет тұтастай ұты­лады. Қазақстанның әлеуметтік сая­сатын бұрынғы КСРО-ның басқа елде­рімен салыстыратын болсақ, біз бірқатар көрсеткіш бойынша алда келеміз. Алайда PR саясатқа дұрыс көзқарастың жоқтығынан, оның ішінде әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ескермейтін болсақ, көштен қалуымыз мүмкін», деп қосты сұхбатында Ерлан Асқарбеков.

Сонымен қатар заңгер, сарапшы Ержан Есімханов Facebook па­­рақ­шасында «Кез келген қа­зақ­стандық шенеунік барлық әлеу­­меттік желілерде тіркелген. Бірақ, ең қызығы, олардың көбі әлеу­меттік желіні ұнатпайды, оларға сен­бейді және егер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болмаса, оны пай­даланудан қуана бас тартатын еді», деген пікірін білдірді. Ол мемле­кеттік қызметшілердің, соның ішінде барлық деңгейдегі бірінші басшылардың әлеуметтік желілердегі парақшаларына талдау (контент анализ) жасай отырып, барлығына тән 5 «ерекшелікті» атап көрсетті.

Біріншісі – ғасырлық жазу стилі. Мәселен, пост шұңқырларды жөндеу немесе қарды тазарту туралы болса да, «Сталинград шайқасындай» жазылады. «17 шақырымнан астам жол жөнделді!», «23 бірлік техника жұмылдырылды!». Екінші ерекшелік – қарапайым тіл қолданылмайды. Ең қарапайым нәрселерге де қатал сипаттама беріледі. Мысалы, шенеу­нік ағаш басына шығып кеткен мысықтың жерге түсуіне көмектессе, ол Instagram парақшасында «Халық­пен жоспарлы кездесу өткізу бары­сында емен сортты өсімдігінен мы­сық тұқымдас жануардың жерге түсуі жүзеге асырылды». Немесе, бір әжейді жолдың арғы бетіне өтуі­не көмектесіп жіберсе, «Зейнет жа­сындағы адамның Розыбақиев көше­сінің солтүстік жағынан оңтүстік жағындағы жол жиегіндегі кедергіден өтуіне көмек көрсетілді», деген мәтін құралатынын сынға алды Есімханов. Үшінші ерекшелікті сарапшы «шамадан тыс байсалды» деп көрсетеді. «Әлеуметтік желіде шенеуніктерге әзіл жетіспейді. Оқырманның кез келген әзіл-қалжыңы шенеуніктің жоғары дәрежесіне және оның мемлекетке қызмет етуіне жасалған «ша­буыл» ретінде қабылданады. Міндеттер тек аса байсалдылықпен орындалу керек деп түсінеді олар. Төртінші ерекшелік – кері байланыстың жоқ­тығы. Сіз пікірлерге шынымен жауап беретін әлеуметтік желі шенеунігін көрдіңіз бе? Халық әлеуметтік желіде шенеуніктің жариялаған постын көрді, оқыды, бітті, осыған да риза болуы керек. Айтуға болатын нәрсе­нің бәрі айтылды. «Шенеуніктер ком­ментарийлерді тек жұмысы жоқ, қолы бос адамдар ғана жазады деп санайды. Алайда өзекті сұрақтар сол жерде жиі қойылады», дейді ол.

Ал бесінші ерекшелік – мүл­дем пайдасыз коммуникация құру. Шенеу­ніктердің қолындағы әлеу­меттік желілер ыңғайлы, жылдам әрі қуатты коммуникация құралынан қандай да бір «дәстүрлі басылым редакциясына» айналып барады. «Қазақстанда өз ісін адами тілмен айта алатын шенеунік болса, әлеу­меттік желіде супержұлдыз болатынын үнемі айтып келемін. Жиналыс, меморандум, халықпен кездесулер туралы хабар таратпай, жай ғана «Біз бүгін мына жұмысты қол­ға ал­дық. Бұл өте қажетті және нәти­желі болады. Біз жұмыс істейміз, біздің мақсатымыз бар... Ал егер сұрақтарыңыз болса, қойыңыздар!» десе, халықпен жақсы қарым-қаты­насқа жол ашары сөзсіз. Бірақ мұндай «кейіпкер» әзірге жоқ», дейді сарапшы.

Бүгінде Қазақстан билік пен қо­ғам­ның сындарлы өзара қарым-қатынасын, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың ең тиімді әдістері мен жолдарын іздеуде. Бұл тұрғыда «әлеуметтік желілердің барлық жа­ғымды жақтарын, әлеуетін, жалпы қазіргі заманғы ақпараттық-ком­муникациялық технологияларды пайдалана білу, олар арқылы қоғам мен билік арасындағы өзара сенім деңгейін және өзара ынтымақтас­тық дағдыларын арттыру ең маңыз­ды міндет болмақ», дейді Eurasian Center for People Management компа­ниясының жоба менеджері, сая­саттану ғылымдары кандидаты Айман Жүсіпова. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әкімдерге тұрғындардың мұң-мұқтажына белсенді түрде ден қойып, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырғаны да осы интернет платформасы мүмкін­дігінің зор екенін меңзегені анық.

Қазіргі кезде елдегі комму­ни­кация­ның жаңа түрі – әлеуметтік желілерге деген қарым-қатынас пен оны халықпен байланыс орнатуда ұтымды пайдалану тек блогерлердің қолынан келер дүние болып тұр. Ал, шын мәнінде, бұл байланыс құралының мүмкіндігі дәстүрлі бұқара­лық ақпарат құралдарынан да зор екеніне сарапшылардың зерттеу жұмыстары дәлел.

Батыс елдерінің зерттеушілері әлеуметтік желінің мүмкіндігін том-том еңбектермен ХХІ ғасыр басында зерттеп тастады. Тіпті мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, сая­си партиялардың әлеуметтік желі­лерге тіркелуін, ондағы халықпен байланысын зерттеу тақырыбына арқау етіп, докторлық диссертация қорғағандары жетерлік. Мәсе­лен, Германия мемлекеттік қызмет­шілерінің әлеуметтік желіні қол­дану мақсатын сараптаған зерт­теу­шілер олардың да желіге деген құлшыныстарын бірден бай­қа­мағанын айтады. Мәселен, са­рап­шы Кельм өзге зерттеу тобы­ның мүшелерімен бірге неміс саясат­керлерінің Facebook және Twitter-дегі белсенділігі 2012-2016 жылдар аралығында тұрақты болғанын айтады. Олар мұны Facebook пен Twitter-дің сол уақыттан бері пайдаланып келе жатқан белгілі әлеуметтік медиа болуымен байланыстырады. Ал зерттеушілер Бернхард және Дохле немістің жергілікті саясаткерлері арасында сауалдама жүргізіп, олардың әлеуметтік желі арқылы халықпен тікелей араласуға талпынбайтынын, оны БАҚ көмегімен жасағанды жөн санайтынын көрсетеді. Сонымен қатар олар саясатқа жаңадан келген және жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тіпті жеке мақсат­тарға да пайдалануға мүдделі емес саясаткерлер әлеуметтік желілердің біріне тек сайлау науқаны үшін тіркелсе, олардың кейбіреулері өз пар­тияларының сайлауалды жетек­шілерінің қысымымен тіркелетінін мәлімдеді.

Осы орайда, отандық сарапшы­лар да көптеген қазақстандық сая­си мем­лекеттік қызметшілер не­міс зерт­теушілері атап өткендей, «Президенттің тапсырмасынан ке­йін әлеуметтік желі­лерге тіркеле бас­­тағанын» айтады. Деген­мен бри­­тандық зерттеуші, Лидс универ­ситетінің «Медиа және коммуникация» мектебінің директоры Тод Грэхам «саясаткерлер, партиялар мен мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік медианы қоғаммен байланыс орнату және өзгермелі уақытқа ілесу үшін ғана емес, сонымен қатар «қоғам мен билік арасындағы алшақ­тықты жою құралы ретінде пайдаланады», деп атап көрсетті. Сөз еткен не­міс саясаткерлерінің әлеуметтік желі­лердегі белсенділігі бұдан он жыл бұ­рынғы зерттелген жағдай. Осы орайда Қазақстанның шенеуніктері мен түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік желі­лердің маңызын түсініп, тиімді қол­дану үшін әлі де уақыт қажет секілді.

Theopenasia.net мәліметі бойынша, 2020 жылы Қазақстанда Instagram-да шама­мен 6,8 миллион, Facebook-те шамамен 2,4 миллион, Odnoklassniki.ru-да 2,4 миллион адам тіркелген екен. Ал Telegram-да шамамен 2 миллион, Snapchat-та шамамен 1,8 миллион және Linkedin желісінде 790 мың пайдаланушы бар.

P.S. Қазақстандық түрлі деңгейдегі саяси мемлекеттік қызметшілер жуық арада әлеуметтік желіні ұтымды пайдаланып, халықпен тиімді коммуникация, кері байланыс орната алса, халық Президенттің араласуын талап етпейтін кез келген «отбасылық» мәселелерге tokayev_online-ды бел­гі­ле­меген болар еді...