Аймақтар • 24 Маусым, 2022

Қызығы мол Қымызмұрындық

203 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкмайса жайлау жайлаған, желіге құлын байлаған ата қазақтың сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан әдемі дәстүрінің бірі – қымызмұрындық. Уақыт шымылдығы тұмшалаған, солтүстіктегі ел жадынан өшуге аз-ақ қалған игі дәстүр қайта жаңғырып, тәмам ел бір серпіліп қалды.

Қызығы мол Қымызмұрындық

Бұл жолғы қымызмұрындық мерекесі Степногорск қаласының іргесіндегі Қарабұлақ ауылында өтті. Алыстан көз тартатын ақшаңқан киіз үйлер тігілген, желіге құлын байлаған мерекеге жиналған қауым бір-біріне арқа-жарқа болып құттықтауларын да айтып жатыр.

– Қымызмұрындық – бие бай­лаған соң құт байланған қара күбі алғаш қотарылғанда елге бал сусыннан ауыз тигізу рәсімі, – дейді Степногорск қала­сының әкімі Алпысбай Қайыр­жанов, – әрідегі жаны жомарт, көңілі дархан ата-бабамыз дәмнің алғашқысына ауылдың ақсақалдары мен іргелес отырған көрші-қолаңды шақырған. Ен­шісі бөлінбеген қазақтың жо­март пейілінің жарасымды белгісі. Бұрынғыдан қалған «қы­мыз – көп­тің асы» дейтін аталы сөз бар. Осы сөздің астарында хал­қымыздың дархандығы мен қо­нақ­жайлығы, жомарттығы жатқандай. Аты барда желіп жүріп, жер таныған аталарымыз асы барда беріп жүріп ел таныған.

Көне дәстүрдің көп көкейін­дегі сұлбасы қайта тіріліп, түптің түбінде тұрақты дәстүрге айналып жатса, қандай жарасымды. Игі әсері де мол болмақ. Мәселен, төрт түліктің төресі – жылқының жайына көңіл аударылар еді. Қазір жайылымның тарлығынан үйірлеп жылқы ұстай алмай отырған малсақ қауым қаншама. Амалсыз шідерлеп бағып отыр. Қайран да қайран жылқының бір басына жетіп артылатын түйткілді мәселелері де аз емес. Айталық, кешегі кеңес заманында сайын дала төсінде сағымдай ұйытқыған сәйгүліктердің төрт аяғы тұсалып, келешегі кесілді. Техникаға иек артқан жұрт жылқыға деген жанашырлықты азайтып алды. Тұқымының да азып кетуі осы кезден басталды.

Қымызмұрындық мерекесіне Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы жанындағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитет, «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының өкілдері қа­тысты. Қолданбалы өнер шебер­лері өздерінің көз жауын алатын бұйымдарын жиналған жұрт­тың назарына ұсынды. Әдемі ән әуелеп, әсерлі би биленді. Спорт сайыстары да қызғылықты өткі­зілді. Ең бастысы, бүгінгі мей­рам­ның тақырыбына сай ұйым­дастырылған ата дәстүрі еді. Боса­ғасына береке байланған ақшаң­қан киіз үйлердің табалды­рығынан аттап, төріне шыққан мей­ман­дар дәмі тіл үйіретін сары қымыздан толғай жұтып отырып, ата дәстүрі туралы аталы сөз сабақтады. Ал іргеде жүген-құрық тимеген құлынды ықшам киін­ген епті жігіттер құлағынан басып тұрып, ноқталап жатты. Мұ­нан соң жас келіншектерге бие сауудың қыр-сыры көрсетілді. Қымыз баптаудың өзі қыр-сыры мол кәсіп.

– Атакәсіпті қайта жаңғыр­тудың нәтижесінде елді еңбек­қорлыққа баулуға болады, – дейді Біржан сал ауданының тұрғыны Мұрат Әжібаев, – ауыл балалары ауылдың осындай дәмін татып өссе, денсаулығы мықты болар еді ғой. Өкінішке қарай, қазір ел ішінде отырып, бие байламайтындар көбейді. Қымыздың да бір-ақ түрі дайындалады. Бала кезімізде түр-түрінен ауыз тиіп едік. Осы тұрғыдан ал­ғанда этнофестивальдің тиімді екені даусыз. Тұтастай алғанда, әлмисақтан жалғасып келе жат­қан ата дәстүрдің алпыс екі тамырына қан жүгіртіп, дәріптеу.

Ақсақалдың сөз ләмі шындық. Әріден қазсаң, қымызға байланысты мейрамдардың мың жылдан астам тарихы бар екені белгілі. Жалғыз Алаш да­ласында ғана емес, түркі, моң­ғол мәдени ортасынан ойып тұрып орын алғаны даусыз. Маз­мұндық тұр­ғыдан ұқсас осын­дай мереке­лер Башқұрстан, Буря­тия, Қыр­ғызстан, Моңғолия, Яку­тияда да аталып өтеді.

Бұл күн Қарабұлақ ауылының іргесіндегі елді мекендер үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Жастар жағы ілкіден шырға тартқан ата дәстүрінің ізетті көрінісін көріп, бағзы заманның бағалы бейнесімен табысқандай. Соңғы жауындардың әсерінен қаулай өскен көкмайсаның үс­тінде көне заманның көркем көрінісі көшіп келіп қонғанда, жіліктің майындай сары қымыз сапырылып, хош иісі аңқып, бар даланы береке мен ырыстың шуағы шомылдырып тұр еді.

 

Ақмола облысы,

Қарабұлақ ауылы