Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Айта кетейік, бұл көріп отырғанымыз – «Үзеңгі жолдас». Пойыз ішінде жазушылар Жұмабай Шаштайұлы мен Сайын Мұратбеков сұхбаттасып отыр. 2000 жылдары «Қазақстан» арнасында түсірілген бағдарламаға қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көптеген талантты өкілі қонақ болды. Талай классиктердің сырлы сұхбаты осы пойыз ішінде айтылды. Содан бері Ұлттық арнаның «Алтын қорында» сақталған бұл жазбалар бүгінде халыққа ашық ұсыныла бастады. Міне, біз Сайынмен осылай кездестік.
«Тәтті тамұққа» баланған жазушылықты жазудың мехнатын өз бойынан өткерген, сезінген шын жазушылар ғана түсінсе керек. Әйтпесе, әдебиетті, тек шабытпен өлшесек, бұл бір рахат өмірдей көрінеді. Сайын да солай дейді.
«Жазушылық жол оңай болмайды. Ол үлкен азаппен, қиналумен келеді. Кез келген жаза бастаған адамның алдында «Осы жазғаным дұрыс па, бұрыс па? Әңгіме ме, жоқ па? Жариялай ма екен?» деген сынды қаншама күдік тұрады. Ал соның барлығын біртіндеп, әр күн, әр ай, әр жыл сайын жаңартып отырмаса, жазушы болу мүмкін емес».
Иә, әдебиеттің әлімсақтан бергі негізгі шарты – көркемдік һәм «ардың ісіне» адалдық. Алайда әдеби өмірдің әр кезеңінде жалпы жазуға деген жауапкершілік те, көзқарас та өзгеретінін байқадық. Оған кешегі қазақ әдебиетінің алтын дәуірі мен қазіргі ахуал дәлел. Әрине, жалпы жазуда шын таланттар мен кем таланттардың әрқашан болатыны анық. Десек те әр уақытта әдеби өмірді таразылап, екшеп отыратын бір классик керек сияқты. Әлқисса.
«Алғаш «Менің қарындасым» деген әңгіме жаздым. Осы бір тәуір әңгіме болады-ау деп ойладым. Адам кейде іштей сезеді ғой. Ең алдымен, «Лениншіл жас» газетіне апардым. Соның бөлім бастығы, қазір белгілі ақын, атын айтқан ыңғайсыз болар, жарайды, мәселе оның атында емес. Бірақ сол кездегі жалпы тәртіп солай болу керек. Әлгі кісі бір аптадан кейін кел деді, он бес күннен кейін кел деді, ақыры бір айдан кейін бе, екі айдан кейін бе, алдына келген соң: «Әй, әкелші, сенің әңгімеңді өзім оқып көрейін, деп бастады. Мен «Биыл қысқы демалыста үйге қайтқанымда» деп бірінші жақтан жазамын ғой. Содан шоршып түсіп: «Әй, сен немене Горькийсің бе, бірінші жақтан жазатын? Ол Горький ғана бірінші жақтан жазған. Сен кімсің?» деп өзімді сөге бастады. Екі-ақ сөйлемді оқыды. «Мынауың болмайды» деп оқымай қайтарып берді».
Әдебиеттің мәңгілік тақырыбы адам дейміз. Қалам ұстағанның бәрі өмірді жырлайды. Ал өзіміз жүрген мына дүниені, қоңыр тіршілікті көркем әдебиетте суреттеу үшін, әрине өмірді білу керек. Екібастан. Сайын да солай дейді.
«Ақырында «Менің қарындасым» 1957 жылы «Әдебиет және искусство» журналының бірінші санында жарық көрді. Ол кезде мен ауылда жүр едім. Театрлық оқуды тастап, ауылға кеттім. Неге екенін білмеймін, ауылға қайтуым керек болды. Себеп – өмірді білмеймін. Әңгіме жазғым келеді – өмірді білмеймін. Мектепте оқып жүргенде ауыл адамдарының құр жүрген-тұрғанын ғана көріппін. Ал колхоздың системасы қалай? Кім, қалай басқарады? Ауылдың өмірін жазу үшін осының бәрін жақсы білу керек қой. Сосын, ең болмаса ағайын-туғанымның қалай тіршілік ететінін, қайда тұратынын көрейін дедім».
Кейде жазушының жазуы мен болмысы ұқсамай жатады. Ал шығармада сезімтал, шынайы Сайын өмірде де сондай екен дейсің. Сабырлы, асықпай ақырын ғана сөйлейді. Қазақ ұлттық университетіне кезекті рет оқуға тапсырып, Қазақ әдебиеті жазбасынан үш алып, түсе алмай қалыпты. Сонда жазушы қыс бойы жазумен отырып, мектептің емлесін ұмытып, қарайып қалғанын айтады. Қызық. Классиктің өзі ережені білмей, қарайып қалғанын еш қымсынбастан әңгімелеп отыр. Бұл да шынайылық.
Мұқағалиді бәріміз жақсы көреміз. Өлеңі үшін. Ақындығы асқан Мұқағали тұтас бір дәуірдей сезілді. Жалындай шарпып, өскелең ақындарды өзіне еліктетті. Сол Мұқағали Жазушылар одағынан «қуылғанда» әдеби өмірде бір сілкініс болғандай әсер етті. Қалың оқырман, әрине «жапа шеккен» ақынға жақтасып, әділетсіз шешімге балап, түрлі әңгімелер тарады. Ақталулар да болды. Жалпы, Мұқағалидің Одақтан шығуының аңызы қайсы, ақиқаты қайсы? Ақынның һәм әдеби өмірдің көңіл күйіне әсер еткен бұл оқиға Сайынның да есінде.
«Қайтқан адамды жамандауға болмайды. Бірақ Мұқаңның кішкене ызаменен Жазушылар одағына келіп, кейде ақсақалдарды жұлқып кетіп жүрген кезін мен өзім көрдім. Темірғали Нұртазинді менің көзімше желкесінен алып, сүйреген. Мүмкін баяғы студент кезінде бір өкпелері болды ма, білмеймін. Мен ара түсіп едім, мені де итеріп жіберді. Бір күні Әнуарды (ол кезде Жазушылар одағының басшысы болатын) келе жатқан жерінен жағасынан алып: «Бір сілкіп өлтіре салайын ба, иттің баласы» дегені бар».
Мұқағалидің осындай көзіне көрінгенді желкеден түйрей жөнелетін ғадетіне шыдай алмаған басшылық ақырында Одақтан шығарады. Оған сол кездегі үшінші хатшы Олжас Сүлейменов қол қойыпты. Ал Одақ басшысы Әнуар Әлімжанов қорыққан болу керек дейді жазушы.
Жақсы жазғанның бәрі жақсы адам ба деген сауал әдебиет әлемінде әрқашан қойылып келеді. Әрине, оған жауап та әртүрлі, көзқарас та бірдей емес. Бәлки, бұл сауалдың өзі қате шығар. Ақиқатында, жер басып жүрген бәріміз жақсы адам болуға ұмтыламыз. Десек те, жазудағы мінез автордың болмысынан алыс кетпесе керек-ті. Қатып-семген, кекшіл жүректен нәзік лиризм қайдан шықсын. Сайынның да табиғаты бар жазуынан көрініп тұр. Оқырманды баурайтын да сол Сайынның сыршылдығы, қарапайымдылығы, нәзіктігі, шынайылығы. Ал жазушының өзін осы болмысымен көру, сөзін тыңдау, ойын білу, мінезін байқау, махаббатыңды тіпті үдете түседі.
Айта кетейік, бұл жылдары Сайын Мұратбеков ауырып жүрген-тін (алайда әңгіме барысында аса білінбейді, еркін отыр). Жазушы араға екі жыл салып, яғни 2007 жылы өмірден өтті.
Қырық бес минуттық бір ғана сұхбаттан алған әсерімізді «Біздің Сайын» деп атадық. Оқырманға жазушының нәп-нәзік лирикасындай жып-жылы естіле ме деген жақсы бір ниет еді.