HBO-дағы алғашқы айқас
Мұхит асқаннан кейін қазақ боксшысын HBO немесе Showtime телеарнасынан көргісі келгендердің қарасы көп болды. Өйткені дәл сол кезеңде аталған телеарналардың бәсі басым еді. Промоутер Том Леффлердің қасынан табылған қазақ сайыпқыраны АҚШ рыногындағы HBO телеарнасында жұдырықтасуға мүмкіндік алды. 2012 жылдың күрең күзінде Геннадий Головкиннің америкалық телеарнадағы дебюттік жекпе-жегі жоғары деңгейде өтті. Польшалық Гжегож Проксаны бірнеше мәрте ринг төріне сұлқ түсірген саңлақ өзінің шын мықты екенін дәлелдеп, Америкадағы кәсіпқой бокс фанаттарының сүйіктісіне айналды.
Габриэль Росадо, Нобухиро Исидо, Мэттью Маклин, Осуман Адама, Дэниель Гил, Мартин Мюррей, Вилли Монро, Давид Лемье... Жалғасақ тізім жалғаса береді. Бұлардың бәрі де Головкин жұдырығының салмағын сезінді. Мартин Мюррей 11 раунд шыдас берді, Дэниэль Джейкобс Головкинмен 12 раунд қолғап түйістірген алғашқы боксшы атанды демесек, бәрі де жеңілістің кермек дәмін татты. Генаның рекордты сериясы әрмен қарай жалғасты.
Қазақстандық боксшы шаршы алаңда Мигель Котто, Сауль Альварес секілді әлем танитын жұлдыздармен қолғап түйістіргісі келді. Одан бұрын WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, аргентиналық Серхио Мартинеспен жұдырықтасуға ниеттенді. Алайда Серхио Маравилла Мартинес Мигель Коттоны қарсылас ретінде таңдап, пуэрто-риколық оғланнан оңбай жеңілді. Аралық салмақта қолғап түйістіруге машықтанып алған Мигель Котто қарсылас ретінде мексикалық жұлдыз Сауль Альвареспен қолғап түйістіргенді жөн деп тапты. Қарсыласына ұпай санымен есе жіберді. Кейіннен Головкин Альварестің міндетті қарсыласы атанды. Алайда уақытты созуға көшкен мексикалық боксшы бірер айдан соң чемпиондық белдікті босатып бере салды. Нәтижесінде, Геннадий Головкин үш тұжырым бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Алайда Головкинге керегі бұл емес еді. Өйткені ол шын мықты боксшымен әрі кәсіпқой бокс әлемінің жарық жұлдызымен қолғап түйістірмеген болатын. Сол үшін де «Канеломен» шаршы алаңды бөлісудің маңызы зор еді. Ал мексикалық тек 2017 жылы ғана шаршы алаңға шығуға келісті. Бірінші шайқаста қазақстандық боксшы басым түскенімен, төрешілер екі боксшыны «тең түсірді». Екеуара екінші кездесу тағы да уақтылы өтпеді. «Канело». Кленбутерол. Допинг дауы. Уақыт өтті. Геннадий Головкин Ванес Мартирасянды жеңгеннен кейін екі боксшы шаршы алаңда тағы кездесті. Төрешілердің басым даусымен мексикалық жеңіске лайық деп танылды.
Кәсіпқой бокс – бизнес. Өзін бизнес империяға айналдыра білген таңдаулы таланттардың бірі, Мексика ұлы Сауль Альваресті мұхиттың арғы бетіндегілер кәсіпқой бокс әлемінің жарық жұлдызы ретінде әу баста мойындағанымен, қазақстандықтардың біразы (псевдофанаттар да бар) «Канелоны» Головкин арқылы таныды десек, еш артық айтпаған болармыз.
«Айттым бітті, атқан оқ оралмайды» деген ұстанымды ұстанатын, шаршы алаңда кіммен қолғап түйістіргісі келсе, сонымен жұдырықтасатын «Канело» деген кім еді?! Ол қалайша әлемдегі ең танымал кәсіпқой боксшыға айналды? Үңіліп көрейік.
Он бесінде «отқа түсті»
Санто Альварес пен Анно Мария Барраганның отбасында сегіз бала дүниеге келді. Отбасының сүт кенжесі осы Сауль болатын. Ол кезде Санто әкей Саульдің аты алысқа кететінін еш білген жоқ. 1990 жылдың 18 шілдесінде дүниеге келген Сауль Альварес бала күнінің аз ғана бөлігін өзі туған Гвадалахар қаласында өткізгенімен, арада аз жыл өткен соң отбасы Хуанакатлан шаһарына қоныс аударды. Ол әуелде атқа мініп серуендегенді ұнатты. Қазақтармен басты ұқсастығы да сол ғана шығар. Сол кезде Сауль бокс туралы мүлде ойламайтын. Ағалары бокс секциясына жазылса да, «Канело» бас ауыртпаған еді. Тек 13 жасқа толғанда боксқа қатысу туралы ойлана бастады. Өйткені замандастары сары-қызғылт шашынан тартып, мазақтай бастаған. Ұрыста тұрыс жоқ. Сауль бокспен шындап шұғылданды. Бойын ыза мен кек жаулап алған. Өзін мазақ қылған замандастарын орнына қойғысы келеді. Сол кезде бапкерлер Хосе мен Эдди Рейносо сары балақайды қанатының астына алды. Оны қанаттығы қақтырмай, тұмсықтығы шоқыттырмай, мәпеледі.
Ол он төрт жасында бірнеше жарыста топ жарды. Тіпті жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында күміс жүлдені мойнына тақты. Көп ойланған жоқ, он бесінде кәсіпқой боксқа бет бұру туралы шұғыл шешім қабылдады. Он бес жасында алғаш рет кәсіпқой рингке көтерілген оғлан өзі секілді тәжірибесі кемшін екі боксшыны уақытынан бұрын ұтып, жеңістің тәтті дәмін татты. Үшінші шайқасында Мигель Васкес деген отандасын төрешілердің басым даусымен жеңген еді.
«Қапшықтарды» қирата жеңді
Он бесінде кәсіби мансабын бастаған бала боксшының мықтылармен жұдырықтасуы мүлде мүмкін еместігі түсінікті еді ғой. Өйткені рейтингте көтерілуі керек. Сол үшін де ыңғайлы қарсыластар таңдалады. Ол әуесқой бокста әлем чемпионы атанған емес, Олимпиада ойындары дегеннің не екенін де білмейді. Сондықтан да рейтингте жоғарылауы үшін айтарлықтай уақыт керек екені айдай ақиқат. Ал уақыт «Канелода» жеткілікті болатын. Содан да болса керек, жиырма шайқас бойы қатардағы «қапшықтармен» қолғап түйістірді. Бесінші кездесуінде Хорхе Хуарес деген отандасымен тең түсті демесеңіз, қалғанының барлығында мерейі үстем болған. Тек...
Тек, төрешілердің екіұшты шешімімен жеңілгеніне көңілі толмаған Мигель Васкес күндердің күнінде отандасымен екінші рет жұдырықтасқысы келетінін мәлімдеді. Бұл 2008 жыл болатын. 18 жасқа толуына жиырма күн қалғанда «Канело» қарсыласының үнін «өшірді». Рас, нокаутқа түсіре алған жоқ. Бірақ Васкесті соққының астына алып, жарқын мәнерде жеңіске жетті. Осылайша, екеуара дауға нүкте қойды.
Коттоның інісі «Канелоны» құлата жаздады
Жыл өткен сайын шеберлігі толыса түскен Сауль Альваресті командасы 2010 жылы салыстырмалы түрде алсақ, мықты қарсыласпен шығаруға бел буды. Осылайша, тәуекелге барды.
Пуэрто-Рико мен Мексика боксшыларының арасындағы жекпе-жек қай кезде де тартысты өтетін. Бұл жолы ол Мигель Анхель Коттоның інісі Хосе Коттомен қолғап түйістірді. Екі боксшы бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіндегі бүкіләлемдік бокс кеңесінің күміс белдігін сарапқа салды. Әрине, екінші дәрежелі белбеу. Алайда жиырма жасар оғлан үшін шайқастың маңызы зор. Бірінші раундты қарқынды бастаған Котто «Канелоны» құлата жаздаған болатын. Арқан бойы керілген рингті жағалай жүріп күнелткен «Канело» сойқан соққы өткізіп алғанына қарамастан шыдады. Тағы бірнеше соққы өткізсе де құлаған жоқ. Нәтижесінде, қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді. Одан кейін Альваресті ешбір боксшы теңселте алған жоқ. «Жарайсың, Сауль!» дегенбіз сол кезде жиырма жасар боксшының төзімділігіне тамсана қол соғып.
Бұдан кейін де «Канело» жеңісті жорығын сәтімен жалғастыра түсті. 2013 жылы әйгілі Остин Траутты төрешілердің біржақты шешімімен жеңгеннен кейін Мексика ұлы дәуірдің дарабоз боксшысы, атақты Флойд Мейвезермен жұдырықтасу мүмкіндігіне ие болды. Оған дейін бүкіләлемдік бокс кеңесінің толыққанды чемпионы атағын иеленген жирен сары жігіт 23 жасында даңқты АҚШ оғланын ұтатынына сенімді болды. Өзіне қатты сенгендіктен бірнеше мәрте мәлімдеме жасап та үлгерді. Бірақ Флойдқа жұдырығын кім ала жүгірмеді десеңізші. Бәрі де кейін сазайын тартты ғой.
Мейвезер «Канелоны» бокс мектебіне «апарды»
Ертеректе «Канелоның» промоутері Оскар Де Ла Хойяны сабасына түсірген Флойд Мейвезер бұл жолы Саульді жеңетініне күмәні болған жоқ. «Бұрын көкеңді жеңсем, енді сені сабаймын, бала!» деді ол баспасөз мәслихаттарының бірінде сұқ саусағын шошайта сөйлеп. Флойд сөзінде тұрды. Жиырма үш жасар оғланды қарсылас көрген жоқ.
Иә, Мейвезер 12 раунд бойы Сауль Альваресті соққының астына алды. Негізінде шабуылдың барлыған да «Канело» бастайды. Флойд оның жойқын соққыларын өткізіп жібереді де, арқан бойы керілген рингті паналап тұрып, бірнеше дәл соққысын тигізеді. Ринг ортасында да жағдай дәл солай. Алыс қашықтықта да, жақын және орта қашықтықта да жағдай өзгерген жоқ. Саульдің шабуылдарын Флойд беске оқып қойды. Ал Альварестің бұрышында да, өзінде де «В» жоспары болмағаны бірден сезілді. Қысқасы, Саульдің соққылары ауа қармады, демесеңіз, Мейвезерге түк те дарыған жоқ. Алайда төрешілердің екеуі 117:111, 116:112 есебімен Мейвезердің жеңісін мойындаса, Си Джей Росс деген азамат 114:114 есебін тіркеп, жанкүйерлер мен бокс мамандарын есінен тандыра жаздады.
Бұл кездесуде Альварестің ешбір раундта жеңіске жетпегенін ескерсек, төрешілердің бірі оған үш, екіншісі төрт раундты «тарту» етуінің өзі еріксіз езуге күлкі үйірген еді. Бір сөзбен айтқанда, «Канелодан» жұлдыз жасау процесі дәл осы шайқаста басталып кете жаздағаны даусыз. Оны кубалық Эрисланди Ларамен өткен жекпе-жекте де айқын байқадық. Бұл кездесуде Бостандық аралының спортшысы мықты көрінгенімен, төрешілер 2:1 есебімен жеңісті Альварестің еншісіне жазып берді. Осыдан кейін-ақ «Канелоны» тек нокаутпен жеңуге болатыны тайға таңба басқандай белгілі бола түсті. Алайда жирен сарыны сұлқ түсіру ешкімнің қолынан келер емес. Өйткені ол қарсылас жұмсаған соққыны қабылдай біледі. Төзімділігімен талай мықты боксшыны таң-тамаша қылғанын көз көрді.
Төрт салмақта топ жарған саңлақ
Ол орта салмаққа ауысқанда WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласты. Жоғарыда жазғанымыздай әйгілі Мигель Коттоны төрешілердің біржақты шешімімен жеңді. Дәл осы 2015 жылы қазақстандық Геннадий Головкин оның міндетті қарсыласы атанғанына қарамастан, Альварес бабында жүрген Головкинмен қолғап түйістіргенді құп көрмеді. Бір жағы жеңіліп қалу қаупі басым екенін сезді. Екіншіден, мұндай үлкен шайқасты жанкүйерлерге әбден күттіріп барып өткізудің маңызы зор екенін түсінді. Сонда шайқас барынша табысты болады. Сөйтті де Әмір Хан, Лиам Смит, Хулио Сезар Чавес кішімен қолғап түйістірді. Содан кейін 2017 және 2018 жылдары Головкинмен екі рет шаршы алаңда кездесті. Алғашқысында төрешілер Саульді қазақ оғланымен «тең түсірсе», екінші жекпе-жекте Мексика ұлы жеңіс тойын тойлағанын бәрі біледі. Қалай десек те, аталған кездесулер тарихқа айналып кетті.
Кейін Рокки Филдинг, Дэниель Джейкобсты ұтқан соң ол екінші орта салмақтағы чемпиондарды және жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы Сергей Ковалевті жеңіп, төрт салмақта әлем чемпионы атанып, тарихқа атын алтын әріптермен жазды. Бүгінде Альварес екінші орта салмақта әлемнің абсолютті чемпионы саналады.
Спаррингте сыр аңдыған Сауль
Отандасымыз Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жек неге кеш ұйымдастырылды? Осы сауал талайды толғандыратыны даусыз. Мұның себебін 2011 жылы өткен екі боксшының арасындағы спаррингпен байланыстыратындар аз емес.
Ол уақытта Геннадий Головкинді мексикалық бапкер Абель Санчес жаттықтыратын. Күндердің күнінде Санчестің лагеріне Альварес келеді. «Биг берде» қазақстандық былғары қолғап шебері мен Мексика ұлы алты раундтық спарринг өткізеді. Аталған барлау кездесуін көрген The Ring журналының редакторы Дуглас Фишер ойын былай сабақтайды.
«2011 жылдың мамыражай мамыр айы әлі есте. Геннадий Головкин мен Сауль Альварес шаршы алаңда алты раундтық спарринг өткізді. Атауы жай ғана спарринг болғанымен, мексикалық боксшы барын салып бақты. Бірнеше жойқын соққысын дарытты. Алайда оның мығым соққылары Головкиннің езуінде күлкі үйірді. Ал бұрыштарды қиып, қарсыласын тықсыртқан Геннадийдің жойқын соққылары Альваресті әбден титықтатты. Бет-жүзі өрт шалғандай қызарып кетті. Бір сөзбен айтқанда, Геннадий Головкин күшін сақтай жүріп жұдырықтасқанның өзінде десі де, сесі де басым екені аңғарылып тұрды. 29 жасар қазақстандық боксшы осылайша, Саульді ойландырып тастаған болатын», дейді белгілі журналдың бас сарашысы. Дуглас Фишердің сөзінен түсінгеніміз, Альварес шаршы алаңда барын салу арқылы өзінің шамасын тексеруге ден қойғаны айқын аңғарылады. Ол болашақ қарсыласының әлеуетін осылайша 2011 жылы барлап көрді. Мұндай қадамның өзі Сауль Альварестің болашақ қарсыласын зерттеуге әуелден әзірленгенін байқата түсетіні даусыз.
Жалпы, Сауль Альварес спарринг қарсыластарды іздеп, басқа боксшылардың жаттығу лагеріне бармайтыны екі бастан мәлім. Кәсіпқой бокс әлемінің жарық жұлдызының лагеріне жұптасып жұдырықтасуға ниетті былғары қолғап шеберлерінің өздері ағылып келіп жатады. Әрине, әр жекпе-жектегі қарсыластарының әлеуетіне қарай таңдайды оларды. Мұның өзі көп жайттан сыр шерте түссе керек. Алайда «Биг берге» бару арқылы ол белгілі бір деңгейде қарсыласының қарымын байқап көргісі келді. Өйткені дәл сол уақытта Альварестің бірінші орта салмақтың лимитін жасай алмай жүргені туралы ақпарат тарай бастаған. Соған қарап-ақ оның аралық салмақта жүре бермей, алдағы уақытта орта салмаққа ауысатыны белгілі болған еді. Қысқасы, аталған барлау Альваресті әбден ойландырғаны даусыз. 29 жасар Головкинмен жақын арада қолғап түйістіру тиімсіз екенін мексикалық боксшы сол кезде анық түсінді.
Аталған спаррингті тамашалағандардың бірі ресейлік кәсіпқой боксшы Сергей Ковалев те уақытында өз ойымен бөліскен еді.
«Спаррингтегі жағдай басқаша болатыны белгілі ғой. Сауль Альваресті жерге ұруға болмайды. Ол барын салып бақты. Өзін жақсы жағынан көрсете білгеніне ешқандай күмән жоқ. Ал Геннадий Головкин шаршы алаңда бар мүмкіндігін көрсеткен жоқ. Ол қажет кезде өзін тоқтатып отырғанын айқын байқадық. Алайда шаршы алаңда өз әлеуетінің жартысын ғана қолданған Геннадий Головкиннің Альварес үшін алынбас қамал екенін бәріміз сезіндік. Көзге анық көрініп тұрды. Расында да рингте мүмкіндігі мен тәжірибесінің жартысын ғана көрсеткен Головкин Альварестен басым түсті. Осылайша, қазақстандық былғары қолғап шебері өзінің шын мықты екенін көрсетті.
Рас, 21 жасар Альварес Головкинге бірнеше соққысын дарытты. Алайда Геннадий Головкин қарсыласын бірнеше мәрте шайқап тастады. Оның екінші раундта жұмсаған хук соққысын мексикалық қарсыласы сөзсіз сезінді. Сондай-ақ бауыр тұсына жұмсаған бірнеше соққысынан кейін де Сауль Альварес қашқақтай берді. Соңғы екі раундта Саульдің қатты шаршағаны байқалды. Әйткенмен ол соңғы күшін жинап, Генаның қолын байлап жүріп, спаррингті соңына дейін жеткізді. Бұл екі боксшыны шаршы алаңда кездестіру керек. Жанкүйерлер үшін тамаша шайқас болады. Бәріміз Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жекті көргіміз келеді», деді Сергей Ковалев уақытында өз пікірін білдіріп.
Бұл пікірлерден қандай қорытынды шығаруға болады? Әлбетте, Альварестің командасы Головкиннің бірнеше жыл жоғалтқанын күтті. Бұл кәсіпқой бокс әлемінде қалыптасқан үрдіс екені баршаға мәлім. Мықты боксшының жасы шау тарта бастағанда жарқырап шыққан жұлдыздар онымен шаршы алаңды бөлісуге келіседі. Сауль де сөйтті. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланғысы келді. Алайда бірінші шайқаста Головкиннің физикалық әлеуеті мен техникалық шеберлігі әлі де жоғалмағанын көз көрді. Ал Сергей Ковалев сол Альварестен нокаутпен жеңіліс тапты.
Жақында ғана ресейлік Дмитрий Биволдан жеңілген Сауль Альварес қыркүйекте Геннадий Головкинмен үшінші рет қолғап түйістірмек. Бұл кездесуді кәсіпқой бокстың шын жанкүйерлері мен мамандардың асыға күтіп жүргені даусыз. Егер үшінші шайқаста қазақ оғланы жеңіске жетсе, екі боксшы төртінші рет шаршы алаңда кездесуі ықтимал. Уақытында Хуан Мануэль Маркес пен Мэнни Пакьяо шаршы алаңда төрт рет жұдырықтасқан еді ғой. Бүгінгі таңда кәсіпқой бокстағы ең кассалық жекпе-жек Альварес – Головкин кездесуі екені даусыз. Кәсіпқой бокс – бизнес. Боксшылардан бәрін күтуге болады.
P.S. Иә, Сауль Альварес кәсіби мансабында екі рет жеңілістің ащы дәмін татты. Мамыр айында жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы, ресейлік Дмитрий Бивол мексикалықтың мысын басты. Ол Саульмен инфайтқа (қоян-қолтық ұрыс) көп барған жоқ. Кәсіпқой боксшы болғанына қарамастан, әуесқой рингтегі стилін араластыра отырып жұдырықтасты. Ал инфайтта қалған сәттерде сауатты қорғанды. Қорғаныстан кейін шабуылдады, нәтижелі шабуылдан кейін қауіпті аймақтан лезде кетіп қалып жатты. Бұл – шеберлік.
Альварес осы жеңілістен кейін де кәсіпқой бокс әлемінің жарқын жұлдызы болып қала береді. Өйткені АҚШ-тағы кәсіпқой бокстың жанкүйерлер базасын мексикалықтар құрайды. Олар боксшы 2-3 рет қатарынан жеңілмейінше шын мықтыдан үмітін үзбейді. Алдағы шайқаста Геннадий Головкин Саульден айласын асырса, оған үлкен психологиялық соққы болары анық. Бірақ Головкин оны жеңе ала ма? Әңгіме сонда. Кім білсін?! Ал Мексика ұлы тарихтың жаңа парақтарын жазуға тастүйін дайын сияқты... Әйтсе де қазақстандық боксшы оның жоспарын бұзады дегенге сенгіміз келеді... Альварестің жақында ғана жеңілгенін ескерсек, Головкиннің бапкері Джонатан Бэнкстің сол шайқастан қорытынды шығаруы мүмкін екенін пайымдасақ, жеңіске жетуге мүмкіндік бар екенін түсіне түсеміз. Ал қалғанын уақыт көрсетеді...