Қазақстан • 26 Маусым, 2022

Сал-серінің соңы

86 рет көрсетілді

Қазақтың классик жазушысы, көркем сөздің зергері атанған Ғабит Мүсірепов ақынның өмір жолы туралы түсірілген деректі фильмде Кенен Әзірбаевтың дарынды ақын, күміс көмей әншілігі жайлы айта келіп, «Еуропа халқында соңғы могикан деген ұғым бар. Сол сияқты Кенен де қазақтың сал-серісінің соңы, соңғы тұяғы» деген пікір айтты. Жазушының бұл сөзі кімге болса да ой салатыны даусыз. Сал-сері дегенде ойымызға, ең алдымен, ерекше үлгіде киінген, бөркіне үкі тағып, домбырасы күмбірлеген дауылпаз ақындар келетіні сөзсіз. Көз алдымызға асқақтата ән шырқаған Біржан салдың, көктегі аққуға үнін қосқан Ақан серінің бейнесі тұра қалғандай болады.

Сал-серілік өнерді түсін-түстеп, тереңнен зерттеп, түгестік деу әлі ерте. Оның әлі беймәлім, ашылмай жатқан тұстары жетерлік. Кімді «сал», кімді «сері» деп атаймыз? Олардың айырмасы қандай, тіпті басқа ақындардан өзгешелігі қандай? дейтін сұрақтар кімді болса да қызықтырады. Бұл тұрғыда, жан-жақты зерттеуді, «салдық» пен «серіліктің» ара жігін ғылыми зерделеп тұжырымдауды ғалымдардың үлесіне қалдырғанымыз жөн болар.

Әдебиет ғылымында сал-серілердің шығу типі, тегі, генедесі деген ұғымдар бар. Ал олардың ән тақырыптары, репер­туарлары, басқа ақындардан айырма­сы деген сауалға мынадай түсінік беруге болады. Ең алдымен, сал-серілік өнер синкрет­ті, бірнеше өнердің басын қосатын дәс­түр. Демек сал-серінің бойында әншілік те, ақындық та, суырып салма айтыскер­лік те, әртістік те бірге тоғысуы қажет.

Бұдан басқа сал-серілер парасатты­лықты, адалдық пен ақиқатты, таза махаббат пен асқақ сезімді, сұлулық пен өмірге деген құштарлықты жырлайтын өнер иесі. Оның репертуары кең, мазмұны сан алуан болып келеді. Қайғысы да, өкініші де, асқақ сезімі де, махаббаты да бір жерге тоғысып, әсем әнге айналады. Осы тұрғыдан келгенде Кененнің «Көкшолағы» – Ақанның «Құлагерімен», «Базар –Назары» – Біржанның «Теміртасымен», «Қос қалқасы» – Естайдың «Қорланымен» үндесіп, үйлесіп тұрғандай көрінеді.

Сонау қырқыншы жылдардан бері Кененнің әндерін үзбей зерттеп, нотаға түсіріп, жинақтап келе жатқан атақты музыка зерттеуші Борис Ерзаковичтің мына бір пікіріне жүгінсек: «…творчествосының бағыты, музыкалық өнерінің жарқындығы жағынан қарағанда Кенен музыкалық мәдениет қайраткерлерінің даңқты тобына жатады. Күміс дауысты Кененнің репертуары өте бай. Ол тек өз халқының әндерін ғана емес, орыс, украин, татар, грузин, қырғыз әндерін де шебер орындайды. Әншінің бірқатар әні мен күйін Қазақстан композиторлары өздерінің опералық, балеттік, симфониялық шығар­маларында пайдаланды» деуі жоғарыда айтылған ойы­мызды толықтыра түсері хақ. («Жұлдыз» журналы, 1959 ж., №7.)

Расында, әнші Кенен, ақын Кенен, сері Кененнің бұл ерекшелігі әлі зерттеуін күтіп жатқан мол дүние. Сал-серілер өнерін, сал-серілік дәстүрді зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдардың Кененге тек ақын-әнші тұрғысынан қарамай, оның шығармашылығына кеңірек үңілсе, тұнып жатқан сал-серілік өнеріне көңіл аударса деп тілек айтамыз.

«Мен ән салудың, әсіресе ат үстінде тұрып өнер көрсетудің тәсілдерін Балуан Шолақтан, айтыскерлік әдісті Сарыбастан үйрендім» дейтін. Кенен Біржан салды да, Ақан серіні де көз тірісінде көрген жоқ. Бірақ олардың атақ-дабысы Алатауға да жетіп жататын. Асқақтаған әндеріне қарап, «қырандай самғаған неткен еркіндік, қазақтың даласындай неткен кеңдік деп тамсанатын едік. Біржанның да, Ақанның да әндерін Жетісуға әкеп табыстаған атақты Балуан Шолақ еді» дейтін. Кейін Шолақтан үйреніп қалған сол әндердің таратушысы Кенен болды.

Қазақтың атақты ақыны Әбділдә Тәжібаевтың: «Кенен жылатамын десе – жылататын, күлдіремін десе – күлдіретін құдіретті ақын» дегені бар. Айтса айт­қандай-ақ Кененнің үнінде адамды елітіп, ертіп әкететін тылсым күш бар екенін өнердің шашбауын көтеріп жүргендердің бәрі мойындайды. Ақын:

«Базарым-ай, Назарым-ай!

Отбасында күл шашарым ажарым-ай!

Базарым-ай, Назарым-ай!

Қу шешектен болды сенің ажалың-ай!

Жалған дүние салдың күйге,

 Омырауымнан үзіліп түсті екі түйме!» деп бозінгендей боздаған ақынның сөзіне жүйкесі мықты деген адамның өзі басын төмен салып, көзіне жас алады.

Ал тұрпаты кісі күлерлік, өзі қыршаңқы, қабырғасы ырсиған арықтығына қарамай басы қатты, көткеншектей беретін Көк­шолағына налып, кейіген өлеңі қандай?

«Жылдам жүрші, Көкшолақ,

Шапшаң жүрші, Көкшолақ,

Олай жүрші, Көкшолақ,

Былай жүрші, Көкшолақ,

Жамандатқыр, Көкшолақ,

Арам қатқыр, Көкшолақ,

Мені құртқан, Көкшолақ».

Ақын ән салумен қоса, қиқар атын тебініп, әбден діңкесі құрыған адамның қимылын айнытпай салады. Мұны көрген адамдар күлкінің астында қалып, тап сол Көкшолақтың үстінде өзі отырғандай әсер алушы еді.

Шындыққа жүгінсек, әндерінің сан алуандығы, әуезділігі, тақырыбының көп­тігі, эмоциялық әсерінің күштілігі жа­ғынан халық композиторларының ішінде, тіпті арнайы музыкалық білімі бар қазақ композиторларының ішінде Кененге теңесетіні жоқ.

Сал-серілерге тән ерекшеліктер: өмірге деген құштарлық, сүйіспеншілік, сұлу­лыққа (қас сұлу, жүйрік ат, көркем дүние) деген ішкі сезімі, ынтызар көңілі. Мұның бәрі сал-серінің жан дүниесін елітіп қана қоймайды, маржандай тізілген сөзге, әуезге, сазға айналып, ақыр соңында ғажап ән болып қалықтайды. Олардың табиғатқа, көңілін селт еткізер әуенге, әсем әнге деген құштарлығы ерекше. Атақты жазушымыз С.Бақбергеновтің сөзімен айтқанда: «Кенен көктемде бұлбұл үнін қандай сүйіп тыңдаса, бозторғай шырылын да сондай сүйеді. Оның өз айтуынша, бұлбұл көктемгі орман-тоғай, гүл әншісі болғанда, бозторғай – дала әншісі.». («Соц. Қазақстан» газеті, 1964 ж., 1-май.)

Осы аты аталған, әрі әнші, әрі киелі екі құс та Кенен ақынның өмірінен, әншілік өнерінен ерекше орын алады. Өйткені Кененнің атын кең байтақ қазақ даласына жайып жіберген «Бозторғайы» болса, бүкіл қырғыз-қазаққа әйгілі етіп, даңқын шығарған «Бұлбұл» әні болатын. Ертелі- кеш қой соңында жүрген қаршадай бала Кенен, «Бозторғай шырылдайсың жерге түспей, мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей» деп бозторғайға мұңын шақса, орда бұзар отыз жасқа келген жігіт Кенен, «Ей, бұлбұл, сен де бұлбұл, мен де бұлбұл, қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деп бұлбұлға сырын айтады. Тап осы тұс­та «...Сені көлден айырған, лашын құс­тың тепкіні. Мені елден айырған, хан Жәң­гірдің екпіні» дейтін Махамбеттің «Қыз­ғышқұсын, «Қараторғай ұштың зорға-ай, бейшара шырылдайсың жерге қонбай» деп қоштасқан Ақанның «Қараторғайы» еске түседі. Бұл жай кездейсоқтық емес. Бұ­дан біз көнекөз ақын-жыршылардың, сал-се­рілердің дәстүр жалғастығын, үндестігін, сабақтастығын көргендей боламыз.

Отыз екі жасқа енді толған жас серінің алмағы, асар биігі көп еді. Амал не? Дү­ниені дүр сілкіндіріп келген кеңес дәуірі ақынның жан дүниесін, дүние танымын, өмір сүріп отырған ортасын да төңкеріп тастады. Кенен болса көне өнерден қол үзіп, ғасырлап келе жатқан ақындық, жыраулық, сал-серілік дәстүрден бөлініп, оқшау қалғандай күй кешті. Ендігі жерде көненің бәрін күйретуді көздеген саясаттан сыналап жол табу, тыңнан түрен салу қажет еді. Кенен солай істеді де, киелі өнер алдындағы ақындық та, азаматтық та борышын абыроймен ақтап шықты.

Албырт бозбала шақтың өзіне ғана жарасатын қызығы болады. Ол алғашқы сезім, беймаза көңіл, алғашқы махаббат. Кенен де жалын атқан жастық шақтың бесігінде тербелді, алабұртқан ғашықтық сезімді бастан кешірді. Жанын тербеп, жүрегін тулатқан балауса махаббатын кезіктірді. Ол атақты Мөртай сұлу еді. «Тал бойыңда тарыдай бір мінің жоқ, тоты құстай түрленіп туарсың ба, Мөртай-ай!» деп махаббат сезімін жайып салды.

Кедейлік пен жоқшылық қолын байла­ған сұрқия заманда сүйгеніңді алу, көңіл қалаған адамыңа қосылу мүмкін емес. Ақыры солай болды да. Замананың қысас­ты­ғына көнгісі келмеген, ер мінезді бозбала Кенен Мөртайды алып қашады. Бірақ ол әрекетінен еш нәрсе шығара алмайды. Өйткені кімді болса да басып-таптап үйренген озбырлар, кесек сөйлейтін, кесапаты көп бай-шонжарлар бұған қайтіп жол берсін. Өзінің жеке басынан гөрі елдің тыныштығын, ағайын арасында жік тудырмауды ойлаған албырт Кенен бұл райынан қайтып, Мөртайды еліне қайтаруға мәжбүр болады.

«Сен де арманда, Мөртайжан,

мен де арманда,

Екі ғашық қосылар заман бар ма?

Қалың малға сатылып сен кеткенде,

 Зар еңіреп мен қалдым, амал бар ма? деп күңіреніп қала берді.

Ақынның өзімен 55 жыл өмір кешкен жұбайы Насиха шешемізге арнаған өлеңі де, әні де бар. Он жетіден енді ғана асқан көзі ботадай, үнемі күліп жүретін, мінезі ақжарқын қызға ақының құлай ғашық болғаны, оның әрбір өлең жолдарынан, әуенінің нәзіктігінен сезіліп тұрады. Бұл ақынға тосыннан бере салған сый емес. Кенен тап осындай жар сүюді «сабау қамшы, салт атты Кенен» атанып жүрген кезінде-ақ армандаған.

Адам нені қиялдамайды дейсіз. Алайда оның бәрі шын мәнінде жүзеге асып жатпайды. Мөртайдан қапы қалған Кененнің, ширек ғасырдан соң тап сондай, өзі армандағандай сұлуға жолығуы адамға ерекше ой салады. Бар ықыласымен құлай сүйген Мөртайға қандай ән шығарса, Нәсихаға да одан бір кем түспейтін әнін арнады. Мөртай өмірден ерте кетсе, Нәсиха ғұмырының соңына дейін қасында болды. Қайғы-мұңын, өмірдің қысастығын, қуанышы мен шаттығын бірдей бөлісті. Сері Кененнің көңілі алдамаған екен. Ару қызға, қызғалдақтай алаулаған арман қызға деген сезімін әнге айналдырды. «Нәсиха» аталатын ән Қордай тауын жаңғыртып, көкке әуелеп, алысқа жол тартты.

«Қасың менен қабағың керіліп тұр,

Шолпы таққан қара шашың

өріліп тұр...

Күн түседі күлгенде маңдайыңнан,

Бал тамады сөйлесең таңдайыңнан.

Ұлар ең Ұлытауды мекендеген,

Таңдап тапқан қыздардың

талайынан».

«Менің абыройым асқақтап, атағым шығып жатса, әндерім шырқалып Алатау асып жатса, тоқсанға келіп торғынға бөленіп жатсам, осы шешелеріңнің арқасы. Мұндай жан әйелдер арасында сирек кездеседі. Қадірін білген соң айтып отырмын. Аналарыңды ардақтай біліңдер» дейтін. Онысын жай ғана айтып қоймай, ән-жырына қосып та кетті:

«Қабағының жазығы-ай!

Пейілі елге азық-ай!

Жүрегінің тазасы –ай!

Көрші тату, жекжат мәз,

Әрбір ісі тамаша-ай.

Ала көйлек, ақкөңіл,

Алақан ашық, кең пейіл.

Ағайын мен абысынға,

Көрсетпеген бір зейіл.

Нәсиқаға теңеу жоқ,

Бұл сөзімде желеу жоқ.

Қабағы ашық жазығым,

Нәсиқа алтын қазығым», деп түйін­дейді қарт ақын. Ақынның баянды махаббатынан, өмір тәжірибесінен туған ақыл-нақылдары, өсиет сөздері көп-ақ. «Әйелің жақсы болса атың байлар, шапылдап жаман болса отынға айдар», «Әйелі жақсы жігіт қажымайды, сұрланып, өңі қашып налымайды», «Әйелің жаман болса қатар сілең, отбасы күнде-күнде әуре-сүрең» дей­тін өлең жолдары жай ғана айтыла салған жалаң ойлар емес, өмірден көргенін санасында шыңдап, ақыл елегінен өткізген асыл дүниелер.

Ағайын-туыстың, дос-жаранның алдында қадірің болмаса сен де бір, ішінде дәні жоқ кебек те бір. Соның бәрі түптеп келгенде әйелдің қолында. Ақынның бұл сөзі әйелге табыну емес, анаға, Құдай қосқан қосағыңа деген құрмет, адал көңіл. Бұл сөздің түйінін Кенен ақын бір шумақ өлеңіне сиғызып айтып кетті:

«Жақсы әйел жұрт алдында

жасытпайды,

Сабырлы, салмақ сақтап асықпайды.

Алғаны ер жігіттің жаман болса,

Достарың, ағайының қашықтайды».

Сал-серілердің көбірек баратын, әнде­ріне арқау етіп алатын тақырып­тарының бірі жастық дәурен, өмірге құштарлық се­зімі. Бұл тақырыпқа Кенен де біраз әндер шығарды, өлең етіп қалдырды. Ақынның «Болсайшы», «Аулынан ғашық жардың атта­нарда», «Қайран жастық», «Жастық дәурен қайдасың?» дейтін туындыла­ры көзден бұлбұл ұшқан жігіттік дәурен­ді, енді қайтып келмейтін қызығы мол қызғын шақты еске түсіретін, адамның сағынышын оятатын кәусар дүниелер. Бір ғана «Аулынан ғашық жардың атта­нарда» деген өлеңінде қаншама адами сезім тоғысып жатыр. Мұнда қимастық, шабыттану, сағыныш, арман, өкініш, тамсану сезімдері қамшының өріміндей жымдасып, үйлесіп тұр. Бірер шумағын оқып көрелік:

«Керіліп кер маралдай көзі күліп,

Жұмбағын жүрегімнің өзі біліп.

Жаудырап қоштасарда қараушы еді,

Жаныма көктем нұрын сезіндіріп».

Бұған не дейсіз? Іштей сүйсіну, ғашық жүректің лүпілі, жаудырап қараған сұлуға деген қимастық сезімі төгіліп тұрған жоқ па? «Әніне ғашық жардың шырқап салсам, тау-тастың жаңғырады ылди-өрі» дейді ша­бытына кірген сері. Енді бір­де: «Сый қан­дай, мінез қандай, сымбат қандай, ойла­саң арзан қандай, қымбат қандай?» деп ақын өзінің таңданысын, тамсануын жасыра алмайды. «Қалайша, жастық дәурен келгем білмей, арқырап ағып өткен желмен бірдей» деуі қызғын шақтың, серілік дәуреннің қас қағым сәтте өте шыққанын аңғартатын ақынның өкініш назы.

Гүл-гүл дәуреннің қайта келмесін біле тұра, жастық шағын аңсап, армандауы Кенен секілді көңілі сергек, сері адамға жат емес, жарасымды мінез. Онысын ақынның өзі де сезінеді. Өткенді қайтарып әкеле алмайсың. Өкініштісі, ақын соның бәрін еске алады, қимайды, сағынады. Бірақ уақыт меңіреу, тіл қатпайды. Оның түйіні мына бір шумақ өлеңде жазылған:

«Шіркін-ай, қайта келсе

жастық дәурен,

Көзіңнен бір-бір ұшқан өткен әурең.

Қасыңа қартайғанда бір келмейді,

Кетпейтін төңіректеп талай сәулең».

Кәрілікке мойынсұнбаудың бір жолы – жастықты аңсау. Бұл қайта жасару, келсін -келмесін сақал, шашыңды бояп, ерсілікке бару дегендік емес. Табиғаттың, тау-тас­тың, көгілдір аспанның көркемдігіне, адам­дардың жан сұлулығына көз суартып, көңіліңді қайта түлету деген сөз. Ке­бек­бай шешен айтқандай, әр кезеңнің өз қызығы, өзіне жарасымды сипаты болады. Сондықтан: «Жастығыңды – кәрілікке, кәрілікті – жастыққа зая қылма» дейді. Бұл ойы­мызды Кенен серінің «Жастық дәурен, қайдасың!» дейтін өлеңі айшықтап, айғақтай түседі:

«Қартайғанда, жантайғанда,

Ойға түсер қайдағы.

Тау-таудағы, сай-сайдағы,

Жастық дәурен ойнағы.

Той-тойдағы, қыр-ойдағы,

Жастық шақтың айғағы» деп өткенді есіне түсірген ақын, «қыра-қыртқыл, жыра-жыпқылға» тығылып, «қой күзеткен, бақан тепкен» кез қайда? «Шолпы таққан, сылдыр қаққан, ән шығартқан қыз қайда?» дейді. «Тың тыңдайтын кемпір-шалдар» қайда? «Құрып қақпан, бұғып жатқан, асыр салған біз қайда?» деп шарқ ұрады. Адам қанша жасаса да, көңілі жас. Өзіңді қанша өрге сүйрегенмен, жас дәурен қайтып келмейді. Бұған торығып, қайғырып жат­қан ақынды көрмейсің. Өйткені ол өмірге құштар, сұлулыққа ғашық сері ақын. Менің қолымнан келетіні мынау ғана, дегенді әдеппен білдіреді:

Соның бәрін тірілтемін,

Оңашада мен деген.

Аңсап соны жүре берсем,

Шыққанша жан кеудеден».

Кенен серінің «Тік шырқау» әні. Әннің атауы айтып тұрғандай «Тік шырқау» десе тік шырқалатын ерекше ән. 25-30 жас аралығында шығарған Кененнің бұл әні жастық шаққа тән өр мінезімен, шырқау биіктен төмен құлаған сарқырама тәрізді екпіндете салынатын туынды. Бұған биік үн, кең тыныс қажет. Әншілердің жүрегі дауалай бермейтін, шоқтығы биік, асқақ ән. «Тік шырқау» әнінің тағы бір ерекшелігі оның әуенінде, музыкалық құрылымын­да әншінің жанынан қосқан соны элементтер көп. Кененнің импровизация­лық (жаңашылдық) пәрмені тап осы әнде бірден көзге түседі.

Әдетте, қазақ әндерінің табиғатын­да негізгі ой, музыкалық екпін өлеңнің не­гізгі шумақтарынан көрініп, ал ән қайыр­масы сол ойдың, әуеннің жалғасы іспет­тес, көркін келтіретін қосымша элемент рөлін атқарады. Ал Кененнің «Тік шырқауында» бұл заңдылық түбегейлі өзгеріске ұшыраған. Мәселен:

«Тік шырқауға шырқайын

шырғақтатып,

Асқақ әнге салайын ырғақтатып.

Оу, үрия-ай, дүние-ай, қызық-ау,

қыздар-ай!

деп даусын биіктен алып, асқақтата шыр­қаған әнші, осы үш жол өлеңнен ке­йін, бірден әннің қайырмасына көшеді. Қайырма деп отырғанымыз екпіндете айтылатын терме-өлең. Әннің сипатына терме, төкпе жырдың элементтерін кіріктіріп айту деген бұрын-соңды болмаған тәсіл. Бұл Кенен серінің ән өнеріне енгізген үлкен жаңалығы.

Жалпы, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Кененнің сал-серілік өнерін, сол дәстүрдің ықпалымен шығарған әндерін саралап, жан-жақты зерттеу әлдеқашан толғағы жеткен дүние. Кенен сал-серілік дәстүрдің жалғастырушысы, сал-серілердің сар­қыты деп бекер айтылған жоқ. Оның ән-өлеңдерін, жеке өмір жолын былай қойғанда, жеке басындағы адами болмысы, ер жігітке тән мінез-құлқы, іс-әрекетінің өзі осындай ойға жетелейді.

 Ақынның мінген аттары да ерекше болатын. Жал-құйрығын тарап, үстінен «қыл түсірмей» баптап, ерекше күтетін. «Ақ боз», «Ай қасқа», «Шұбар ат», «Көкаяқ», «Күрең жорға», «Құла қасқа», «Бала қасқа». Аттары айтып тұрғандай шетінен жүйрік, түр-тұрпаты сұлу, сәйгүліктер еді. Бұл да сұлулыққа құмар, көңілі елегі­зіп тұратын сал-серілер табиғатының бір жұғындысы болса керек.

Аттарды қалай таңдап мінсе, қолына ұстаған домбырасын да ерекше талғаммен алатын. Мен ес білгелі біздің үйде әртүрлі жеті домбыра болды. Бірінен бірі өтетін шешен, үні ерекше домбыралар. Әсіресе қосымша ештеңе (шеге, желім) пайдаланбай ағаштан шауып жасалған домбыра мәңгі есімде қалыпты. Жаз бойы бақ ішінде төсегінің басында ілулі тұрады. Шілденің аптап ыстығына қаңсымай, шыдас беретін еді. Аптап күндері домбыраның тесігінен су құйып, шайқап-шайып қайта іліп қоятын.

– Ата неге үйтесіз? Жігі ажырап кетеді ғой? – деймін таңданысымды жасырмай.

– Қолдан шапқан домбырада жік болмайды, балам. Бойына ылғал тартқан домбыра қаңсымайды, үні де ерекше қоңыр болады дейтін.

Ақын өзінің жастау кезінде қолына тиген «кержолақ» домбырасы туралы аңыздай етіп айтатын. Даусым асқақ болғанмен, домбырам келіспей жүруші едім. Шабан атқа мінгендей, әнді қиналып әрең саламын. Бір жолы Сарықұнан деген қырғыздың ақынымен жолықтым. Өлеңді тоқтаусыз, төгіп жырлағаны үшін Төкпе атанып кетіпті. Ол жыр төкті, мен құйқылжытып ән салдым. Ақыры көңіл жарасып, дос болдық. Бірінші қолқам «кер домбыраңды сыйла, өмірлік дос болайық» деп жабыстым. «Бәйеке, астымдағы атымды ал, домбырамды сұрама» деп бәйек болды. Сонда отырған меймандар мені қол­паштап он, жүз сомдық ақшаларын Төк­пенің шаужайына байлап, ақыры көндірді.

«Түйіні жоқ шешеннен, үндемеген есті артық» демекші ой-пікірімізді түйін­десек ол мынаған келіп саяды. Кененді халқымыздың көне өнерінен оқшаулап, алшақтатып әкеткен оның өмір сүрген ортасы, сол кездегі саяси ахуал, кеңестер дәуірі болды. Бұған қарап, Кенен халқымыздың байырғы дәстүрінен, сал-серілік өнерден бөлініп қалған, оған еш қатысы жоқ дейтін көзқарас туғызу ақынның рухына, болмысына қайшы келетін, кереғар пікір. Заманның өзгеруіне байланысты, сондай-ақ ұзақ уақыт патшалық ресейдің ықпалында болған қазақтың көне өнері үлкен дағдарысқа ұшырағаны рас. Бұл жағдай елдің айтыс өнеріне де, жыраулық, сал-серілік өнеріне де кері әсерін тигізді. Өрісі тарылып, көмескіленіп, тіпті жойы­лып бара жатқан дала мәдениетін, көне дәстүрін, өнерін сақтап қалу үшін табиғи дарыны бар, сол ортадан сусындаған, данагөй ақын-абыздар қажет еді. Солар­дың бірі әрі бірегейі Кенен Әзірбаев бол­ды десек артық айтқандық болмас.

Сөз зергері, тереңнен ой толғайтын ардақты жазушы Ғабит Мүсірепов: «Кенен – сал-серінің соңы, соңғы тұяғы» десе, бұл көрегендікпен айтылған, мағынасы терең тұжырым. «Екі Кенен келмейді, Алатауға ексең де» деп ақынның өзі айтқандай, екі Кененнің де, сал-серілік өнердің де енді қайтып келмесі ақиқат. Бірақ қазақтың байтақ даласын әнге бөлеген сал-серілер дәуірінің жаңғырығы, дарынды әншілері, олар шығарған өшпес туындылары қалды. Ендігі жерде көне дәстүрімізді ұмытпай, зерттеп-зерделеп, келер ұрпақтың санасына құю бүгінгі өнер танушы, музыка зерттеуші, әдебиетші ғалымдардың міндеті, асыл мұраты.

 

Бақытжан КЕНЕНҰЛЫ,

қаламгер-журналист

Соңғы жаңалықтар

Әуезов және түркі әлемі

Руханият • Кеше

Идеология

Руханият • Кеше

Мейірім мен қатыгездік

Руханият • Кеше

Ескі мен жаңа арасы

Руханият • Кеше

Би падишасы

Руханият • Кеше

Сапа қайтсе жақсарады?

Қазақстан • Кеше

Қайырымдылықтың үлгісі

Қазақстан • Кеше

Сақ дәуірінің тасы

Таным • Кеше

Ұқсас жаңалықтар