Спорт • 29 Маусым, 2022

Қайрат Сәтжанов: Ел намысын мықтылар ғана қорғайды

380 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін еліміздің бас қаласында бокстан «Елорда кубогы» сарапқа салынады. Оған қатысуға Қазақстаннан бөлек алыс-жақын елден мықты деген тоғыз құрама өтініш білдірген. Байрақты бәсеке алдында ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжановты әңгімеге тартқан едік.

Қайрат Сәтжанов: Ел намысын мықтылар ғана қорғайды

 – Қайрат Тұрсынханұлы, «Елорда кубогына» боксшыларымыздың даярлығы қандай?

– 14 маусымнан бастап елордаға жи­налып, жаттығуды бастап кеттік. 13 сал­мақ бойынша 55 боксшымыз жарыс­қа қатысады. Былтыр Қазақстан чемпио­натында жартылай финалға дейін жет­кен боксшылардың барлығына мүмкін­дік беріліп отыр. Олимпия ойын­дарының жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, сондай-ақ Темір­тас Жүсіпов бастаған тәжірибелі жігіт­тер­дің ешқайсысы додадан тыс қалмайды. Бізден бөлек Куба, Өзбекстан, Қытай, Жапо­ния, Үндістан секілді тоғыз елдің құ­рамасы жарысқа қатысады. Жеңімпаздар құрметіне әр елдің әнұраны орындалады. Бір сөзбен айтқанда, жарыс өте жоғары деңгейде өтеді.

– Бұл сайыста 55 бок­сшыны аламанға қосатын Қазақ­стан­ның Әнұраны көбірек шырқалатын секілді.

– Лайым солай болсын. Бірақ бұл додаға кіл мықтылар жиналатынын ұмыт­пауымыз керек. Мысалы, соңғы әлем біріншілігінің жартылай финалында біздің Абылайхан Жүсіповтен басым түскен әлем чемпионы, жапониялық Севон­рец Окадзава осында жүр. Куба­ның кез келген боксшысы мықтылар қа­тарында. Олар Олимпиададан кейін жаңартылған құраммен келді. Өзбекстан сапында Олимпиада чемпиондары Хасанбой Дусматов, Баходир Жалолов қатысатындардың тізімін толықтырып тұр. Сондықтан кімнің дайындығы мықты, сол жеңімпаз атанады.

– Хасанбой Дусматовтың Белградта өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Сәкен Бибосыновтан жеңілгенін жақ­сы білеміз. Өзбек боксшысының есе қайтарғысы келетіні де түсінікті ғой?

– Сәкен – шебер боксшы. Оны кез келген боксшы жеңе алмайды. Хасанбойға қарағанда бойы да, қолы да ұзын. Жолы түйісіп  жатса, тағы да басым түседі деп ойлаймын.

– Дайындықты қай елдің боксшыларымен бірге өткіздіңіздер?

– Жапония, Қырғызстан, Моңғолия және Қытай құрамаларымен бірге оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Қалғандары жарысқа бірден қатысады.

– Жеребе боксшының рейтингісіне қарап тартыла ма?

– Жеребе бойынша мықты деген төрт елдің №1 боксшылары тек жартылай финалда кездеседі. Ал қалған спортшылардың орнын компьютер автоматты түрде өзі анықтайтын болады.

– Бұл жарыс сіздерге не береді?

– Жыл басында жоспар жасалып, сол бойынша оқу-жаттығу жиындарына және жарыстарға қатысатынбыз. Биыл әлем чемпионаты, Олимпия ойындары секілді ірі додалар болмайтыны белгілі. Сондықтан бар күшті Азия ойындарына саламыз деп ойлағанбыз. Бірақ төрт жылда бір өтетін бәсеке келер жылға шегерілді. Есесіне, БАӘ астанасы Абу-Даби қаласында қазан айында Азия чемпионаты өтеді. Бұл турнир сол доданың алдындағы дайындық іспетті.

– «Елорда кубогының» жеңім­паз­дары Азия чемпионатына бара ма?

– Осы жарыста жігіттердің шама-шарқын байқаймыз. Барлығына тапсырма беріліп, жоғары мақсат қойып отырмыз. Әр салмақтағы көшбасшылар өз мықтылығын дәлелдеуі керек. Одан кейін боксшыларымызды бір-екі халықаралық турнирге жіберіп аламыз.

– Жастардан кімдерге сенім артып отырсыз?

– Бір кездері Олимпиада чемпионы Марио Кинделанды жеңген Руслан Мусинов деген шебер боксшының баласы Сұлтан Мусинов бүгінде құрама сапында жүр. Таиландта өткен турнирдің жартылай финалында ол вьетнамдық боксшыны нокаутпен жеңді. Тек шешуші кезеңде жергілікті боксшыға есе жіберді. Сұлтанның әлеуеті мол, бірақ тәжірибесі аздау. Болашақтан көп үміт күттіреді. Әкесі секілді жұдырығы ауыр, соққысы мығым боксшы болатын секілді. Санжар Тәшкенбай, Сабыржан Ақхалықов та мықты деген жастардың қатарында.

54

– Көктемде даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов сіздің айлығыңызды Александр Винокуровпен салыстырып, халық арасында үлкен резонанс тудырған еді...

– Ол жағдайды дұрыстап түсіндіріп берейін.

– Сөйтіңіз...

– Наурыз айы болатын. Мен ол кезде әлі жалақы алмаған едім. Министрліктің жиналысына кіріп бара жатқанда Дәулет Болатұлы: «Қайрат, осы сенің жалақыңның шамасы қанша?», деп төтесінен сұрақ қойды. Мен әлі наурыз айында жалақы алып үлгермегенімді, желтоқсан айында 700 мыңдай алғанымды айттым, болды. Жиналысқа кіріп кеттік. Одан кейін мінберде ол кісінің менің жалақымды салыстырып айтады деп ойлаған жоқпын. 

Содан кейін жағдай өзгерді ме?

– Иә, қазір бәрі реттеліп келеді. Сосын боксшылардың жалақысы да өсті. Менің айлығыма да шамамен 200 мыңдай қосылды. Айлығым 900 мың болды. Боксшылардың жалақысы 160-170 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұған қоса оларға өз облыстарынан 50-60 мың теңге қосылады.

– Айтыңызшы, 160-170 мың теңге жалақы алатын №1 боксшыға қандай талап қоюға болады?

– Дұрыс айтасыз, жігіттердің арасында әзер шыдап жүргендер де бар. Өткенде интернет желісінде бір хоккейші айына 39 млн теңге алады дегенде жағамызды ұстадық. Құрамадағы барлық боксшының жалақысын қоссақ, мұндай сома шықпайтыны белгілі. Алдағы уақытта Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясынан қосымша жалақы беріледі деп отыр. Бірақ ол қашан жүзеге асатыны белгісіз.

– Сонда әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері 200-250 мың теңге жалақы ала ма?

– Жоқ, олардың жағдайлары бөлек. 10 боксшымен келісімшарт жасалған. Әлем чемпионатында олжа салған Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов секілді мықты боксшылар 500 мың теңге шамасында жалақы алады. Бұлардың арасында Қамшыбек Қоңқабаев та бар.

– Сонда Қамшыбек Қоңқабаев әуесқой бокстан түбегейлі кетпеген болды ғой. Ол құрамаға қашан оралады?

– Аса ауыр салмақта қазір Нұрлан Сапарбай мен Дамир Тойбай секілді жігіттеріміз бар. Оларға барлығын үйретіп жатырмыз. Ал Қамшыбек туралы айтар болсам, ол тамыз айында ұлттық құрама қатарына қайта қосылып, оқу-жаттығу жиынына қатысады. Сол жерде барлығы белгілі болады. Ел намысын мықтылар ғана қорғайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»