Аймақтар • 29 Маусым, 2022

Алға ұмтылған Ақмола

200 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру барысында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін қаузаған облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың көшпелі брифингі Бурабай баурайында өтті.

Алға ұмтылған Ақмола

Өңір тұрғындарының дені ат­қарылып жатқан қат-қабат шаруа­ға разы екенін тікелей эфир кезінде білдірген пікірлерінен айқын аңғару­ға болар еді. Әрине, қордаланып қал­ған мәселелер де бар. Бірақ олар біртіндеп шешіліп, ойға алған шаруа оңынан оңғарылуда. Экрандағы жүгіртпе жолда өңір тұрғыны Алма Бекенова «Өңірдің қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз» десе, Серікжан Мақыш «Краснояр ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салына бастады. Ауыл тұрғындарының атынан спортты дамытуға көңіл бөлген­дері­ңіз үшін алғыс айтамыз» деді. Бри­финг Бурабай ауданында өткендіктен аудан тұрғындары ерекше белсен­ді­лік танытты. Жанар Айтмағамбетова: «Біздің туған өлкеміз – Бурабай ауданы жыл сайын жаңғырып келеді, жолдар жөнделуде, ауыз су құбырлары тартылуда, кәсіпкерлер жаңа нысандарды пайдалануға беруде, ауыл тұрғын­дары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Курортты өлкенің тазалығы әрқай­сы­мызға қатысты» десе, Айнагүл Сүйін­жанова «Софиевка ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бо­йынша мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалып, қайта ашылған соң алғашқы күні-ақ домбыра үйірмесіне 84 бала жазылды», деді. Әрине, брифинг уақыты шектеулі. Сондықтан кейбір сауалдарға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жауап беріп, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Айталық, Анар Ыдырысова «Целиноград ауданына қарасты Қызылсуат елді мекені 2022 жылы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп едіңіздер, су әлі жоқ» деп сұрады. Сауал қоюшыға бірден жа­уап берілді. Онда аталған елді мекенде тартылатын су құбыры Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі жер телімі арқылы өтетіндіктен, құжаттарды толтыруға байланысты кешеуілдеп жатқаны айтылды. Қазір бұл орайдағы жұмыс жүргізілуде. Бүгінге дейін жобаның 90 пайызы атқарылған.

Осындай көкейкесті сауалдардың қойылуынан-ақ бұл жүздесудің тиім­ділігін аңғаруға болады. Егер об­лыс әкімінің баяндамасында өңір тұр­ғындарын толғандырып жүрген көп­теген мәселе туралы толық айтылмаса, сауалдардың да көп болуы әбден мүмкін еді. Енді осы орайда өңірдің әлеуметтік дамуы туралы айта кетелік.

Бұрыннан жұмыс істеп тұрған «Енки» кірпіш зауыты жылына 60 млн дана кірпіш дайындайтын. Қазір жаңадан іске қосылған «Енки Плюс» зауыты арқылы тағы да жылына 30 млн дана кірпіш дайындауға мүмкіндік туып отыр. Таяуда өңірде тағы бір ірі кірпіш зауыты іске қосылған кезде жылына 120 млн дана кірпіш дайындауға мүмкіндік туады. Жыл соңына дейін ірі гидрометаллургиялық кешен іске қосылып, 5 млн тонна алтын кені өңделеді. Осы жылдың қазан айында Орталық Азиядағы ірі кәсіпорын – Макинск құс фабрикасының үшінші кезеңі іске қосылады. Бұл елімізге шеттен келетін құс етін 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Облыста 2025 жылға дейін жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 300-ден астам жоба жүзеге асырылмақ.

Бұл көрсеткіште орасан еңбектің жатқаны белгілі. Әрине, жоспар жүзеге асуы үшін инвестиция тарту аса маңызды. Инвесторлар да қаржы қайтарымындағы қауіп-қатері бар өңірге келе қоймайды ғой. Сондықтан қолайлы жағдай туғызу көзделіп отыр. Осы жобалар жүзеге асқан кезде тұрақты, толымды табысы бар 13,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Астық өндіру үшін не қажет? Астықты өңірдегі көпшілік көкейінде жүрген сауалдың бірі осы. Биыл өңірдегі егістік көлемі 57 мың гектарға кеңейіп, 5,1 млн гектарға жетті. Бұл – еліміздегі ең үлкен егістік алқабы. Жыл сайын Ақмола өңірі еліміздегі дәнді дақылдың төрттен бірін өндіреді. Облыстың өз ішіндегі қажеттілікті толық өтеп, тұқым, мал азығын да қапысыз қамтамасыз етіп отыр. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы құрылымдары 727 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Көктемгі егіс науқанына 14,7 мың трактор, 16,4 мың дән себетін агрегаттар, сондай-ақ 1,4 мың жоғары өнімді кешендер қатысты. Науқан басталғанша қолда бар барлық техника тегіс жөндеуден өткізілді.

Брифинг барысында азық-түлік қауіпсіздігі туралы да айтылды. Биыл майлы дақылдармен бірге кар­­топ, көкөніс тұқымдарын сіңірген ал­­қап­тардың көлемі ұлғая түсті. Әрбір ауданда ет және тауарлы сүт фер­ма­лары құрылуда. Қазір 4 аса ірі маман­дандырылған, 4,9 мың бас малға арналған сүт фермаларының құрылысы жүргізілуде.

Әрине, мұндай ауқымды жұмыс­тарды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қыруар көмек көрсетіліп отыр. Онсыз ойға алған шаруаның оңынан оңғарылуы қиын.

Журналистер тарапынан облыс әкіміне қойылған алғашқы сауалдың бірі – Қосшы қаласының мәселелері. Өңір басшысы бұл сауалға жауап бере келе, негізгі қиындық тұрмыстық қалдықтарды шығару, көгілдір отынмен және сумен қамтамасыз ету екенін тілге тиек етті. Әлеуметтік нысандар салумен бірге жол, абаттандыру жайы да бар. Қосшы қаласында жаңадан үш мектеп салынуда, спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланған. Өкінішке қарай, қазір бұл қалада бірде-бір дем алатын орын жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 160 млн теңге қаражат қарастырылған. Облыс әкімі Аршалы ауданындағы Жібек жолы елді мекенінің әлеуметтік-тұрмыстық даму жайына тоқталды. Қазір бұл елді мекенге аудан бюджеті­нің үштен бірі жұмсалып жатса да, тұрғындар тарапынан көптеген мәселе көтерілуде.

Журналистер облыс орталығы Көкшетау қаласы мен жалпы өңірді таза ауыз сумен қамту мәселесі туралы сауал қойды.

– Бүгінде өңірде қала тұрғын­дары­ның 95 пайызы, ауылдық жер­лер­дегі тұрғындардың 85 пайызы орталық­тандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал Көкшетау қаласындағы мәселе – ертеден қордаланып қалған күрделі жайт, – деді облыс әкімі Ермек Боранбайұлы, – қаладағы тазалау құрылғылары да өткен ғасырдың жет­пісінші жылдары салынған. Сон­дықтан әбден тозып біткен.

Өңір басшысының айтуына қара­ғанда, жоба дайындалған. Әйтсе де, құрылыс материалдарының бағасы қымбаттағаннан кейін толықтырулар енгізілуде. Облыстағы тағы бір алаңда­т­ар­лық ахуал – жылумен қамтамасыз ету жайы. Өткен қыста бірқатар мәселенің туындағаны белгілі. Алдын ала шара қолданғандықтан ғана ірі апаттар орын алған жоқ. Степногор қаласын жеке кәсіпкер жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жылу желісінің 65 пайызының тозығы жеткен. Облыс орталығындағы екі қазандықтың да жай-күйі осындай. Былтыр қыстың соңында қала тұрғындары тарапынан шағым көп айтылды.

– Бүгінде Көкшетау қаласында жылу электр стансасын салу туралы техникалық-экономикалық негіздеме жасалуда, – деді облыс әкімі. – Қыр­күйек айының соңында конкурстық рәсімдеу жұмысы жүргізілуде.

Сан алуан сұрақтарға жауап бере келе, облыс әкімі өңірдегі спорттың дамуына да тоқталды. Оның ішінде мүм­кіндігі шектеулі адамдарға жасал­ған жағдай да тілге тиек етілді. Таби­ғатқа тағылық көрсету, тарихи орын­дарды ту-талақай ететін «қара археологтермен» күрес мәселесін де сөз етті.

Тіпті қаңғыбас ит пен мысықтың жайы да сөз болды. Бұл орайда алуан түрлі пікірлер айтылуда. Алдағы уақытта иесіз ит пен мысық ауланып, арнайы тұрақжайларда белгілі бір мезгіл ішінде бағылатын болады. Көз жазып қалған иелеріне іздеу салынады.

Брифинг барысында бірнеше аудан фермерлеріне ортақ мәселе көтерілді. Бұл – киік жайы. Қызыл кітапқа енгізілген жануар соңғы жылдары өсіп-өнгендіктен, жайылымдармен бірге егістік алқаптар да зиян шегуде. Бұл сауалға облыс әкімі егістіктерді қорғайтын арнайы бригадалар құрылғанын айтты. Киіктің санын ықшамдау туралы соңғы шешім­ді Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі қабылдамақ.

Алдағы уақытта нан жеткілікті бола ма деп сұрады журналистер. Өткен жылы қуаңшылық болды. Бірақ бұл орайда алаңдарлық ештеңе жоқ екен, күзгі егін орағына дейін еркін жететін аст­ық қоры бар. Көктемгі егіс науқаны уа­қытында аяқталды. Жерден беріп, аспан­нан иіп, ауа райы қолайлы болса, 5 млн тонна астық жинауға мүмкіндік бар.

 

Ақмола облысы