Аймақтар • 29 Маусым, 2022

СҚО-да биыл алғаш рет көкжөтел ауруы тіркелді

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында сәбиге көкжөтел диагнозы қойылды. Өңірде бұл биыл тіркелген алғашқы жағдай, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да биыл алғаш рет көкжөтел ауруы тіркелді

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста көкжөтелмен ауырудың алғашқы жағдайы тіркелді. Инфекциялық ауру 3 жас 8 айлық балада анықталған. Сәбидің ата-анасы көкжөтелге қарсы екпе алудан бас тартқан екен.

«Көкжөтел - бұл көбінесе балалар ауыратын және белгілі бір клиникалық көрінісі мен белгілері бар инфекциялық ауру. Көкжөтелдің ерекшелігі - тыныс алу функциясы бұзылып, ауру өршіген кезде тыныс алу жолдарының шырышты қабаттары зақымданады. Асқынулар екі жасқа дейінгі сәбилер мен қарттарға тән. Алайда, кез-келген жаста ауру әл-ауқатты едәуір нашарлатуы мүмкін, сондықтан көкжөтел белгілері мен инфекцияның алдын-алу әдістерін білу керек», дейді департаменттің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Бекқожина.

Маманның айтуынша, көкжөтелдің белгілері жоғарғы тыныс жолдарының бактериялық инфекциясына ұқсас, яғни дене қызуы +38°С-қа дейін көтеріледі, адам қалтырап, әлсіздік, бұлшықеттердегі «ауру», бас ауруы пайда болады. Мұрыннан су ағып, бітеледі, құрғақ жөтел мазаны алады.

«Инфекция ауырған адаммен тығыз байланыста болған кезде ауа-тамшы жолымен жұғады. Ауру адам 30 күн бойы инфекцияны тарата алады. Көкжөтелге қарсы негізгі алдын алу шарасы вакцинация. Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, сәбилерге қойылатын алғашқы вакциналардың бірі – AКДС балаларды 3 аурудан: дифтерия, сіреспе және көкжөтелден қорғайды. Көкжөтелден максималды қорғау үшін сәбилерге 3 вакцина салынуы керек. Алғашқысы екі айдан асқасын қойылса, келесі вакцинация 4 айда, ал үшіншісі бір жарым жаста жүргізіледі», дейді Салтанат Бекқожина.

Былтыр СҚО-да көкжөтелмен ауыру жағдайы тіркелмесе, 2020 жылы 15 адамға осы диагноз қойылған. Аурудың өсуінің негізгі себебі - ата-аналардың вакцинациядан бас тартуы.

Аяна Тоғанбек