Аты аңызға айналған «Ла Скала» сахнасында өнер көрсету опера әншілері үшін ең биік шың десек, сол қасиетті өнер ошағының кереметін Италияға ат арытып бармай-ақ тамашалау мүмкіндігіне ие болып отырған елордалықтар қандай бақытты. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры тарихта алғаш рет «Ла Скала» театрымен бірге «Тоска» операсының премьерасын ұсынбақ. Қойылым мамыражай мамырдың 9-ы, 11-і мен 12-сі күндері өтеді деп күтілуде.
«Тоска» операсы «Ла Скала» театрының түпнұсқалық қойылымының көшірмесі болып табылады. Айта кету керек, мұндағы жоғары сапалы материалдардан әзірленген декорациялар мен костюмдер миландық театрдың шеберханаларында жасалуымен аса үздік саналады. Елорда тұрғындары мен қонақтары операның отанында дүниеге келген тың туындыны жақыннан тамашалап, ұмытылмас әсерге бөленбек.
Паваротти, Доминго, Каррерастан кейінгі төртінші тенор атануға ниетті, өнері өте жоғары сұранысқа ие Марсело Альварес Каварадоссиді, итальяндық танымал сопраноның бірі Анна Пироцци Тосканы, атақты баритон Паоло Сильверидің шәкірті Альберто Мастромарино Скарпияны сомдайтын ғажайып жобаның ерекшелігі – одан жергілікті жердегі таланттар да тыс қалып қоймайтын түрі бар. Әлемдік деңгейдегі маэстро Даниель Орен дирижерлік ететін, режиссер Лука Ронкони сахналаған шоқтығы биік қойылым театр әлеміндегі айтулы оқиғаның біріне жатуда. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келген туынды дүниежүзі театрлары репертуарларындағы ең жиі орындалатын үздік операның бірі десек, аталмыш музыкалық шығарманың тағы бір қыры – мұндағы әуен бірталай кинофильмдерде шырқалғандықтан көпшілікке аса таңсық бола қояды деп ойламаймыз. Оған қоса мұның желісі операдағыдай драматизмге, сатқындыққа, өлім жазасының көріністеріне толы болғандықтан, Дж. Пуччинидің драмалық операсының әсерлі көріністері жұртшылықты басынан аяғына дейін жіпсіз байлап ұстарына сенім мол.
Маргерита Паллидің құштар сезіммен жеткізетін декорациясы өткен жүзжылдықтың тарихи оқиғасы болып саналатын Наполеон басқарған француз әскерінің 1800 жылы Италияға басып кірген кезін суреттейді. Вера Марзоттың нобайымен әзірленген костюмдердің тарихи нақышы сол кезеңдер суретін айшықты көрсетумен қатар, оқиғаны анық та дәл бейнелеуге қызмет етеді.
Жетіқара ҚОҢЫР.
АСТАНА.