Туризм • 29 Маусым, 2022

Бұйратау базарлығы

521 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаз шыға салысымен қаланың тынымсыз тіршілігінен қолы бір сәтке босап, бір уақ жан тыныштығын іздеген адамдар таза ауада серуендеп, жанға сая, дертке дауа болатын тұмса табиғатты іздеуге әуес болады. Елімізде саяхаттаймын деген жанға сұлулығымен көз тартатын демалыс аймақтары, су да, ауасы да шипалы курортты мекендер, фауна мен флораға бай ұлттық саябақтар да жетерлік. Осы орайда тұмса табиғат пен даланың таңғажайыбын іздеген жанның қызығушылығын оятатын еліміздегі ең кенже табиғи парктің бірі саналатын «Бұйыртау» саябағы туралы айтуды жөн көріп отырмыз.

Бұйратау базарлығы

Жуырда Kazakh Tourism ұлт­тық компаниясының ұйытқы болуымен «Бұйратаудың» елордадан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Ерейментау қаласының аумағындағы бөлігіне барып, Жаушоқы, VI-VII ғасырлардағы түркі қағанатына тән Қос батыр балбал тастары, Теңіз бен Көбейтұз көлі секілді көрікті жерлерін аралап, табиғаттың тарту еткен сұлулығына тәнті болып қайттық.

Іргетасы 2011 жылы қаланған «Бұй­ратау» ұлттық табиғи паркі – Ақмола облысының Ерейментау ауданы (60 814 га) мен Қарағанды облысының Осакаров ауданы (28 154 га) аумағында орташа құрғақ және қуаң дала аймақтары аралығында орналасқан. Жалпы ауданы – 88 968 гектар. Саябақта орман және дала экожүйелерінің үйлесімі жақсы байқалады. «Бұйра­тау» қарамағындағы барлық нысан Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аймақтары қатарына кіреді. Олар еліміздегі биологиялық алуан­түрлілікті сақтап, оны ғылы­ми, ағар­тушылық, туристік қызмет мақ­сат­тарында қолдану үрдісінде маңызды орын алады.

«Бұйратау» аумағындағы аса бай фау­на мен флора, реликті табиғи нысандар жабайы табиғат­қа әуес ешбір саяхатшыны бейжай қалдырмайды. Десек те, ұлт­тық табиғи саябақтың негізгі қызметі туристік іс-шараларды ұйымдастырумен қоса, биоалуан­дылықты сақтау және аясын кеңейту, көпшілікке насихаттау міндеттеріне сай келеді.

Мамандардың айтуынша, «Бұй­ратау» ұлттық саябағында флористикалық өсімдіктің 450 түрі кездеседі. Мұнда бо­таникалық географиялық тұрғыдан маңызы бар Орталық Қазақстан Үс­тіртінің ерекше флорасының бестен бір бөлігі сақталған. Флораның құрамында қандыағаш, қырыққұлақ, қалам­пыр­шөп, көктем жанаргүлі, тау­шымылдық, жабысқақ мысықоты, Геснер қызғалдағы сияқты сирек кездесетін және ареалы шектеліп жатқан 30-дан аса түрлері кіреді.

Сондай-ақ мұнда сүтқорек­ті­лер­дің 45 түрі мен Қазақстанның тау­лы өлкелерін мекен ететін арқар­дың ерейментаулық популяциясы мекен­дейді. Кейінгі санақ бойынша ұлттық саябақтағы арқардың саны 500-ге жуықтаған. Ұлттық паркте құстың 227 түрі кездеседі, оның ішінде 127-сі ұялайтын құстар қатарына жатады.

«Бұйратаудағы» сапарымыз Құ­май өзенінің сол жағалауынан 2,5 ша­қырым жердегі Қос батыр балбал тас кешенінен басталды. Ескерткіштер VI-VII ғасырлардағы Түркі қағанатына тән. Балбал тастағы Қос батыр оң қолына кесе, сол қолына қанжар ұстаған. Аңыз бойынша, сол кездің адамдары кесемен су ішіп, ант берген деседі. Арада сан ғасыр өтсе де қасы мен көзі, мұрны мен аузы, тіпті құлағындағы сырғасының өзі тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.

Ескерткішті Президенттік мә­дениет орталығының қызмет­кері Берік Әлібай анықтап, оны Ә.Марғұлан атындағы археоло­гиялық институттың бас ғылыми қызметкері, түркітанушы Айман До­сымбаева 2009 жылы зерттеген. Оның айтуынша, мұндай ескерткіштер Моңғолияда, Алтай­да, Оңтүстік Қазақ­стан, Жетісу аумағында және басқа өңірлерде де бар екен.

Сапарымыз әрі қарай Жаушоқы тауымен жалғасты. Мұнда Жау­шоқыдан бөлек тағы бірнеше тау бар. Бірақ жер­гілікті таулардың биіктігі орта есеп­пен 20-30 метрді құрайды. Ал олардың арасындағы ең көріктісі және ең биігі – Жаушоқы саналады. Таудың биіктігі теңіз деңгейінен 420 метр. Таудың ұшар басынан жақын елді мекендерді көруге болады. Аңыз-де­ректер бойынша, Жаушоқы тауы жер­гілікті тұрғындар үшін маңызды страте­гиялық орын болған. Яғни жоң­ғар шапқыншылығы кезеңінде ауыл адамдары таудың төбесіне шығып, жаудың қай тұстан келе жатқанын және олардың санын болжап, батырларға айтып отырған. Қажетті ақпаратқа ие болған батырлар жаудың шабуылына тойтарыс беріп, халқын, елін-жерін аман сақтап қалған. Сол себепті де таудың атауы Жаушоқы деп аталған болса керек.

Сонымен қатар Жаушоқы аумағында 16 тау сілемі бар. Жобалау аймағында аты Жау­шоқыға ұқсас Орташоқы, Ершоқы және Ақшоқы таулары орналасқан. Орналасуы бойынша Үштас тауы ерекше, биіктігі теңіз деңгейінен 400-410 метрге дейін жетеді. Сыртқы көрінісіне қарай бұл тауды жергілікті тұрғындар тарихпен ұштастырып Үш би деп те атайды, яғни Әйтеке би, Қазыбек би және Төле би.

«Бұйратау» ұлттық саябағында қазіргі таңда төрт туристік маршрут жұмыс істеп тұр. Олар: «Жаушоқы», «Қарағайлы», «Жаушоқы-2» және «Белодымовский» бағыттары. Атал­ған бағыттар оқу, туристік, ғылыми, сондай-ақ аралас бағыттар бойынша бөлінген. Дегенмен жазық даладағы табиғаттың ауа ра­йын болжап болмайтындықтан, саяхатқа шығар алдында жергілікті метеоқызмет мәліметтерін ескеріп, дауылды жел немесе найзағайлы жағдайда турды кейінге шегерген жөн.

а

Одан әрі жолымыз Теңіз көлі мен пандемия уақытында қа­зақ­стандықтарға аса танымал бол­ған Көбейтұз көліне түсті. Тұзды және ағынсыз көлдің ауданы 690 гектар, ал тереңдігі 1,5 метр. Мамандар кейінгі үш жылда көл қызғылт түске боялған дейді. 2020 жылдың жазында Көбейтұз көліне келушілердің саны артып, соңы көл мен оған жақын аумақтың жаппай ластануына әкелді. Тіпті сол уақытта «Көбейтұз көлінің тұзы мен балшығы әлемді әбігерге түсірген коронавирус індетіне шипа екен» деген қауесет жұрт арасында кең тарап, көлге барған жанның бәрі сол жақтан тұз бен балшық тасып көлдің ажары мен берекесін қашырды. Кейіннен бұл жайтқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ерекше назар аударып, Көбейтұз көлін сақтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырған болатын.

Көбейтұз көлінің гидрохимия­лық қасиеттерін зерттеу үшін «ЭкоЛюкс-Ас» ЖШС экологиялық мониторингтің сынақ орталығы зертханалық зерттеулер жүргізді. Жүргізілген талдау нәтижесінде көлдің суында нитраттардың (2 есе артық), аммоний азотының (900 есе артық), аммиактың (840 есе артық), нитриттердің (18 есе артық), хлоридтердің (1150 есе артық), сульфаттардың (2 есе артық), мышьяктың (15,58 есе артық) жоғары құрамы анықталды.

«Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» дейді. Ақмо­ла мен Қарағанды облысында орналасқан табиғаты мен сұлу­лығы көрген көздің жауын алатын «Бұйратаудың» бар қызығы мұнымен аяқталмайды. Сондықтан уақытыңыз болып жатса, Ереймен­тау мен Осакаров ауда­нында орын тепкен ұлттық саябаққа ат басын бұрып, «Бұйратаудың» базар­лығын көзбен көріп қайтқан абзал.